Тағзым • 12 Қазан, 2024

Ақын мұрасын ұлықтаған байқау

771 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Фариза Оңғарсынова – қазақ руханиятына мол мұра қалдырған ақын. Қазақ қыздарының сөз өнерін­дегі лайықты орнын биікке көтер­ген суреткер. Ақын шығар­ма­шылығының дара болмысы мен ерекшелігі мәңгі жасай береді.

Ақын мұрасын ұлықтаған байқау

Соның бір дәлеліндей, Атырауда «О, Туған жер, кеңпейіл, құшағың кең, Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен. Сағынышымды қанат қып саған қарай, Балапандай талпынып ұшамын мен» деп алтын бесігін ерекше аңсармен жырлаған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Фариза Оңғарсынованың шы­ғармашылығына арналған оқушылар байқауы өтті. «Фариза оқулары» байқауы 2020 жылдан бері тұрақты өткізіліп ке­леді. Төрт жылда бұл байқауға 200-ден астам жас өрен қатысыпты. Ал биыл облыстық білім басқармасының таланттарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырған сайыста 8-11 сыныпта оқитын 50-ге жуық оқушы бақ сынады.

Ақын шығармашылығын насихат­та­ған байқауға «Каспий Құбыр Консор­циу­мы-Қ» АҚ демеушілік танытты. Кон­­сор­циумның құбыр жүйесі – ТМД аума­ғындағы энергетика саласында іске асырылып жатқан ірі жобаның бірі. Компания «Теңіз» кенішінен өндіріл­ген мұнайды Қара теңіз жағалауын­да­ғы Новороссийск айлағына дейін тасымалдайтын құбырға иелік етеді. Ел мен елдің арасын жалғаған құбырдың ұзындығы 1 511 шақырымды құрай­ды. Бұл бағытпен еліміздің экспорт­қа шығарылатын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан алынатын көмірсутекті шикізат тасымалданады. Консорциумның теңіз терминалындағы үш айлақ танкерлерге жағадан айтарлықтай алшақта мұнай тиеуге мүмкіндік береді.

пр

«Компания медицина, мәдениет және білім саласын, сондай-ақ Атырау облысындағы инфрақұрылым­ды да­мытуға бағытталған қайырымды­лық қыз­меті аясында қолдау көрсетуін жал­ғастырып келеді. Алдағы уақытта да биз­нестің әлеуметтік жауапкерші­лігі аясында қоғамға маңызды жобалар­ға қолдау көрсете береді. «Фариза оқу­ла­ры» облыстық байқауын Атырау облысы­ның мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп есеп­теймін. Өйткені қазақтың әр перзенті Фариза ақынның поэзиясымен қанат­танады. Рухани нәр алып, ананы қадірлеудің, туған жерді қастерлей білудің ұлағатын ұғынады. Сондық­тан байқауға қатысқан оқушылардың елдің мәдени мұрасын сақтауға, одан әрі дамытуға қызығушылығы артады. Жас буын рухани құндылықты бойына сіңіреді. Шығармашылыққа ынтасы артады», деді компания бас директорының Үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

Таланттарды анықтау және қолдау орталығы директорының міндетін ат­қарушы Жанар Сәрсенғалиеваның ­айтуынша, байқаудың мақсаты – өске­лең ұрпақтың шығармашылық қабі­ле­тін дамыту, жас буынды патриотизмге, қазақ елінің мәдени дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу. Сол себептен «Фариза оқулары» облыстық байқауы үш бағытты қамтыды. Байқауда бақ сына­ған оқушылар «Жырым қалсын жаным­ның ұшқынындай» бағытында Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін мәнер­леп жатқа оқыды. Ал «Өлең, мен сені аялап өтем...» кезеңінде ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Талантты оқушылардың бір тобы «Фариза шығар­маларынан иллюстрациялық суреттер салу» бағытымен ақынның туындыларын арқау еткен суреттерін ұсынды.

ро

«Жүйріктен жүйрік озар жарыс­қан­да» дегендей, «Фариза оқулары» байқа­уын­да өнерлі өрендер бір-бірінен суыры­лып алға шығуға ұмтылды. Ешқай­сысы­­ның қалыс қалғысы жоқ. Байқаудың ­«Жы­­рым қалсын жанымның ұшқынындай» ба­­ғы­тында ақын шығармаларын нақы­шы­на келтіре, әрі жатқа оқыған Индер ауда­­нындағы Махамбет атындағы орта мек­тептің 10-сынып оқушысы Ақнұр­ Мағзом, Қ.Сәтбаев атындағы мек­­теп­тің 11-сыныбында оқитын Сәбина Еркінғалиева, Ж.Модағалиев атын­­­дағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқу­шысы Гүлназ Аяпберген үшінші жүлдеге ие болды.

Ал екінші орын «Зияткер» маман­дан­дырыл­ған мектеп-лицей-интернаты­­ның 9-сынып оқушысы Нұрсезім Әділ­қас­қа, Х.Досмұхамеов атындағы Аты­рау уни­верситетінің жанынан дарынды балаларға арналып ашылған «Ұстаз» мектеп-интернатының 10-сынып оқу­шысы Мансұр Мұратбайға берілді. Бірінші жүл­деге Жылыой ауданындағы №17 орта мектептің 11-сынып оқушысы Жангүлім Әкен лайық деп танылды.

«Өлең, мен сені аялап өтем...» бағы­тында ақын өлеңдеріне жазылған ән­дер­ді жүрекке жеткізе орындаған оқу­шылар аз болмады. Дегенмен, үшін­­ші жүлдені Нұрғиса Тілендиев атын­дағы ­ма­мандандырылған мек­теп-лицей-ин­тер­­натының 8, 9-сыныбында оқитын Ақбота Ерік­қызы, Аяулым Нұрымова, Сәбина Бауыр­жанова, Мөлдір Сами­ғоллаева, Исатай ауданындағы Аққыстау орта мектебінің 9-сынып оқу­шысы Жан­ерке Кенжемұратова, Атырау қаласында орналасқан №34 мектеп-гим­назиясының 9-сынып оқу­шысы Абылай Нұрсұлтан иеленді.

Бұл аталымдағы екінші орынның бі­рі­не Құрманғазы ауданынан қатыс­қан Милана Саясат ие болды. Жас өрен қазақ­тың аяулы ақыны Фариза Оңғарсынова­ның есімі берілген орта мектептің 10-сыныбында оқып жүр. Онымен бірге ­Жы­лы­­ой ауданының орталығы – Құл­сары қаласындағы С.Қара­балин атындағы ­­№15 мектеп­тің 10-сынып оқушысы Айсана Қуанға да дәл осын­дай жүлде берілді.

пр

Ән орындаушылар тобындағы бі­рін­ші жүлдені Мақат ауданындағы Х.Санбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Сымбат Маңғыстау иеленді. Жас өнерпаздың әсем даусы бар екен.

Байқаудың үшінші бағыты – Фариза ақын­ның шығармаларынан иллюстра­циялық суреттер салу. Рас, сурет салу оңай емес. Алайда қылқаламды серік ету­ге талпынған оқушылардың суреттері­нен сырлы бояудың сырына бойла­ғы­сы келгені аңғарылды. Қазылар ортақ шешіммен «Сармат» мамандандырыл­ған мектеп-лицей-интернатының 10-сы­нып оқушысы Мәди Маратұлының, Нұр­ғиса Тілендиев атындағы маманданды­рыл­ған мектеп-гимназия-интернаты­ның 9-сынып оқушысы Нұрбибі Ораз­дың, №3 «Білім-инновация» лицей-интер­на­тының 11-сынып оқушысы Диляра Мұратованың, Ж.Молдағалиев атын­дағы мамандандырылған  мектеп лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ализе Ізбергеннің туындыларын үшінші жүлдеге лайық деп тапты.

Ақынның шығармаларын өзінің суретіне арқау еткен Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Милана Серік екінші жүл­дені иеленді. Ал Халида Оңдасын балғын сурет­шілер арасындағы бірін­ші жүлденің иегері атанды. Ол Индер ауда­нындағы Қ.Абаханов атындағы орта мектептің 10-сыныбында оқиды.

«Үш жылдан бері суретшілер үйір­месіне қатысып жүрмін. Мені сурет са­луға жетекшім Жанар Мұхаметжа­но­ва үйретеді. Бүған дейін екі республи­ка­лық суретшілер байқауына қаты­сып, екеуінде де үшінші орын алған едім. Ал бұл байқауға қатысу мақсатында Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін қайта-қайта оқыдым. Өйткені суретті ақын­­ның шығармашылығымен байланыс­тыру қажет болды. Байқаудың бірін­ші жүлдесін алғаныма қуанып тұрмын», дейді Халида Оңдасын.

Ақын шығармашылығына арнал­ған бай­қауға қатысқан жауқазын жеткін­шек­­тер жалындап тұрғанын байқа­дық. Өйткені ақынның жүректе ғана жатталатын, мейіріңді қандыратын кәусар жырлары жас буынға жалын бергені даусыз.

 

Атырау облысы