Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы облысының әкімдігі баспанасын өрт шалған Ш. Болаттың отбасына тұрғын үйді қалпына келтіруге көмектесетін болды. Сонымен қатар оларға жөндеу жұмыстары аяқталғанша уақытша баспана беріледі», делінген облыстық әкімдітің хабарламасында.
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда азық-түлік дүкені жанында жанжал болып, соның салдарынан 16 жастағы жасөспірім пышақ жарақатынан қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған еді. Аталған оқиғаға қатысты 7 адам қамауға алынды.
Көз жұмған жасөспірімнің туыстары айтып өткендей, оларға шабуыл жасаған қарулы топтың құрамында 13 адам болған. Ал бүгін, яғни 12 қазанда түнде белгісіз біреулер марқұмның туыстары тұратын үйді өртеп жіберген. Бас прокуратура өрт оқиғасына қатысты істі жеке бақылауға алғанын мәлімдеді.