29 Сәуір, 2015

Ел үшін Елбасының жеңісі ерекше маңызды

304 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
27-03-01 Елбасының баспасөз қызметі президенттік сайлаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісіне байланысты келіп түскен хаттар мен жеделхаттар туралы хабарлады. Қазақстан Президенті атына шетел мемлекеттері мен үкі­меттері басшыларынан, қазақ­стандық және шетелдік түрлі ұйым­дар жетекшілерінен көпте­ген хаттар келіп түсті. Авторлар елді бұдан әрі қарай табысты да­мытып, беделін нығайту, бар­лық қазақстандықтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі маңызды екенін атап өткен. Венгрия Президенті Я.Адер өз құттықтауында Қазақстан Вен­грияның Орталық Азия өңіріндегі стратегиялық серіктесі екеніне тоқталған. «Саясат, экономика, мәдениет және білім беру саласындағы біз­дің байланыстарымыздың соңғы жылдары бұрынғыдан да қар­қынды бола түскені үшін рия­сыз қуаныштымын. Біздің ын­ты­мақтастығымызды тереңдете түсу жолында бар күш-жігерімді жұмсайтыныма сендіремін», – делінген жеделхатта. Босния және Герцеговина президиумының төрағасы М.Ива­нич Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі елді тиімді басқаруға байланысты халық сенімінің жо­ғары екенін айғақтағанына назар аударды. Германияның бұрынғы Фе­де­ралдық президенті Х.Келер Қазақстан Нұрсұлтан Назар­баев­тың басшылығымен қазіргі кездегі сын-қатерлерге қарамастан, эко­номикалық реформалар мен демократиялық жаңғыру үдері­сін зор қуатпен және жаңаша жі­гермен жалғастыратынына сенім білдірген. «Бұл орайда Сіз мені әрдайым өзіңізді қолдайтын бұрынғы әріп­тесіңіз әрі досыңыз ретінде қарас­тыруыңызға болады», – деп жазады автор. Германияның бұрынғы Феде­ралдық канцлері Г.Шредер де құттықтау жолдап, Қазақстан Нұр­сұлтан Назарбаевтың прези­дент­тігі кезінде таңданарлық табыс­тарға жеткенін және халықаралық қоғамдастықтың аса құрметті әрі танымал қатысушысына ай­нал­ғанын атап өткен. «Сіз Қазақстан мен Германия қарым-қатынастарының да соңғы 20 жылда керемет дамуына ғаламат үлес қостыңыз және Сіздің ел Германия үшін өңірдегі маңызды серіктеске айналды», – делінген құттықтауда. Ресей Федерациясы Феде­ралдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты, КСРО ха­лық әртісі И.Кобзон жылы лебізді құттықтауын жолдады. «Мен Қазақстан азамат­тары­ның таңдауы дұрыс екеніне кү­мәнданбаймын. Сізді көп жылдан бері білемін және Сіздің даналығыңыз бен кәсібилігіңізге тамсанумен келемін», – деп жазады И.Кобзон. Автор, сондай-ақ, Қазақстан Президентіне мықты денсаулық және барлық бастамаларына табыс тілейді. «Итера» халықаралық компаниялар тобының президенті И.Макаров сайлаудағы бүкіл­ха­лықтық дауыс беру қорытын­дылары Қазақстан Президентіне және оның жүргізіп отырған сая­сатына деген сенімнің жоғары екенін тағы дәлелдегенін атап өткен. «Жаңа дәуірдегі Қазақ­стан­ның маңызды тарихи жаң­ғы­руларының барлығы Сіздің есі­міңізбен байланысты. Азаматтар Сіздің қызметіңіздің нәтижесін – елдің қарқынды дамуын, әлеу­меттік саладағы белсенді ілге­рілеуін, тұрмыс деңгейі мен азаматтардың әл-ауқатына қатысты қамқорлықтың ұлғаюын лайықты бағалайды. Сіздің қайта сайлануыңыз Қазақстан Республикасы үшін тағдыршешті маңызға ие екеніне сенімдіміз және бұл тұрақтылық пен Сіздің тамаша еліңіздің ілгерілеу мен өркендеу жолындағы жүйелі қадамының негізгі факторы болып саналады», – делінген хатта. Ресейлік Global Venture Alliance компаниясының прези­денті М.Мусаев біздің республика өткен жылдар ішінде әлемдегі ең қарқынды дамушы елдердің бірі­не айналғанына, экономика мен әлеуметтік салада зор жетіс­тік­терге жеткеніне назар аударған. «Сіз көрегендікпен және да­налықпен инновациялық дамуға, ірі инвестициялар тартуға, әлем­дік санаттағы білікті кадрлар кор­пусын қалыптастыруға бағдар ұстадыңыз», – деп жазады автор. «Ақ жол» демократиялық пар­тиясының төрағасы А.Перуашев Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан экономикалық және де­мо­кратиялық жаңғыру­ларды Қазақ­стан халқы қолдайтын­дығының айғағы екенін атап өткен. «Сайлау барысында жүзеге асқан халық таңдауы индустрияландыру бағдарламасын табысты жүзеге асырудың, отандық экономика мен бизнесті әлемнің жетекші елдері деңгейіне шығарудың, әрбір отбасының тұрмыс деңгейін айтарлықтай көтерудің кепілі болатынына сенімдімін», – делінген құттықтауда. Бокстан кәсіпқойлар ара­сын­дағы әлем чемпионы Г. Головкин өз жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың даусыз әрі айқын жеңісі қазақстандықтардың өз елінің болашағы жолындағы тұтастығын, бірлігі мен келісімін паш еткенін атап айтқан. «Уақытымның көбін шетелде өткізе жүріп, өзге мемлекеттердің азаматтары біздің елге қандай құрметпен қарайтынын көремін. Миллиондаған отандастарымның қатарында мен де тұрақтылық, өркендеу және еліміздің ұлттық идеалдары үшін дауыс бердім. Келесі жекпе-жегіме дайындығым өтіп жатқан АҚШ-та жүріп, мен өз дауысымды Сізге бердім», – деп жазады автор. Г.Головкин, сондай-ақ, кәсіби рингтегі жеңістерімен отан­дастарымызды бұдан әрі де қуантып, Қазақстанға барлық әлем чемпион­дары белбеулерін әкелу үшін бар күшін салатынын да атап айтқан. Опера әншісі М.Мудряк Мем­лекет басшысының президенттік сайлауда жеңетініне сенімді болғанын айтады. «Сіз маған өмірге жолдама бердіңіз. Менің жеткен жетіс­тік­терімнің бәрі Сіздің тұрақты қол­дауыңыздың арқасында мүмкін болды», – деп жазады автор. «КАЗКА» Қазақстан кәсіп­кер­лері қауымдастығының мүшелері дауыс беру қорытындылары Мемлекет басшысының отандас­тары алдындағы биік беделін және еңбегінің мойындалуын, сондай-ақ, Қазақстанның да­муындағы өзекті міндеттерді ше­­шудегі табыстарын айғақтай­тынын атап көрсеткен. Петропавл қаласындағы «Танойл» ЖШС жұмысшылары Мемлекет басшысын сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, сайлаушылардың белсенділігі мен Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген дауыстардың саны Елбасы деген атаққа лайықтылығының дәлелі екенін айтқан. «Соңғы он жылда бүкіл Қа­зақ­стан бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің көпте­ген субъектілері ашылды. Кәсіп­кер­лікті қолдауға ел бюджетінен орасан қаражат бөлініп, бюро­кратиялық кедергілер жойылуда. Біз Қазақстанымыздың сенімді қолда екеніне шүбәланбаймыз», – делінген құттықтауда. Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университетінің ұжымы отандас­тарымыз сайлауда ел бас­шы­лығын тағы да Нұрсұлтан Назар­баевқа сеніп тапсырғанына тоқталған. «Сізге өз тағдырын сеніп тап­сырған Қазақстан халқы баста­маларыңызды қолдайды және ел алдына қойылған ауқымды мақсаттарға жету үшін жұмыла жұмыс істейтін болады», – деп жазады авторлар. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқы­тушы-профессорлар құ­ра­мы мен студенттері өз құттықтауларында Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қиындықтарды табысты еңсере отырып, бүкіл әлем мойындаған беделді елге айналғанын айтқан. Ұлы Отан соғысы ардагер­лерінің республикалық кеңе­сінің мүшелері Нұрсұлтан Назар­баевтың президенттік сайлаудағы жеңісі оның еңбегінің мойындалуы мен бүкіл Қазақстан халқы сенімінің көрінісі болып табылатынын жазған. «Біздің қазақстандықтар соғыс майдандарында жеңісті шыңдады. Сіз бейбіт уақытта жеңісті шыңдадыңыз. Ол да өте маңызды. Өйткені, бұл – біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы. Бұл – қазақстандық саясаттың салтанаты, ел болашағының табысы», – делінген құттықтауда. Оңтүстік Қазақстан облысы­ның ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясын тиімді жүзеге асыру еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуын қамтамасыз ететініне, ал «Нұрлы Жол» бағдарламасы әлемдік экономика дамуындағы күрделі кезеңді еңсеруге мүмкіндік беретініне сенімділік білдірген. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мүшелері өткен сайлауда елді батыл алға бастап келе жат­қан өз көшбасшысына дауыс беру арқылы тарихи таңдау жасағанын атап өткен. «Қазақстандықтар болашақ алдындағы жауапкершілікті, ел мен халықтың биік мүддесін сезіну тұрғысынан шешім қабылдап, өздерінің азаматтық және пат­риоттық парызын орындады. Біз Сіздің басшылығыңызбен Қазақ­станның өз дамуындағы барлық мақсаттарына жетіп, бақуатты әрі өркендеген елдің үлгісіне айналатынына нық сенімдіміз», – деп жазады авторлар. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының атынан сайланған Парла­мент Мәжілісінің депутаттары сай­лау нәтижелері елдің ішкі және сырт­қы саясаттағы даусыз та­быс­тарына негізделгеніне тоқталған. «Сіздің жеңісіңіз – Қазақ­стан­ның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу бағытындағы тағы бір кезеңі, бұл – біздің Мәң­гілік Ел болу жолындағы табысты ілгерілеуіміз», – делінген хатта. Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының XXII сессия­сына қатысушылар осы шара то­ле­рант­тылық, достық және бауыр­ластық идеясы Қазақстан халқының ең басты құндылықтары болып қала беретінін нық сеніммен дәлел­дегенін атап өткен. «Сіздің қарапайым мұғалімге, спортшыға, әйел-анаға, ардагер ақсақалға деген қамқор көңіліңіз біздің бәрімізге адамзатты сүюдің, даналықтың және адамдарға, ортақ тарихымызға деген қамқорлықтың үлгісін көрсетті. Қазақстан халқы сайлауда өз дауыстарын татулыққа, достық пен келісімге беру арқылы көшбасшысына деген жоғары құрметін паш етті», – деп жазады авторлар. «Менің Қазақстаным» пойызы акциясына қатысушылар өз хатында 30 күн ішінде бүкіл ел бойынша 29 елді мекенде бол­ғандарын, іс-шараларға 920 мың­нан астам қазақстандық қатыс­қанын айтады. Авторлар елде жүргізіліп жатқан саясатқа қатысты халық тарапынан көрсетілген қолдау республикамызды одан әрі ілгерілету үшін қосымша қуат беретініне назар аударған. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасым» респуб­ликалық жастар ұйымының өкілдері елдің жүйелі дамып келе жатқанын мақтан тұтатынын және оның күш-қуатын нығайту ісіне белсене қатысуға ниетті екенін жазады. «Біз бәріміз біртұтас отбасы ретінде татулық пен келі­сім­де өмір сүріп жатырмыз. Көшбас­шымыздың арқасында Қазақ­стан зор мүмкіндіктер мен зор бола­шақтың еліне айналды. Біз өз елімізді сүйеміз, өз Президен­тімізді жақсы көреміз және оған сенеміз», – делінген құттықтауда. «Масис» Қазақстан армяндары қоғамының, Қазақстан дүн­ген­дері қоғамының, Қазақстан ұйғыр­ларының республикалық этно­мәдени бірлестігінің өкілдері де Мемлекет басшысының атына құттықтау жолдаған. Астана мен Алматы қалалары­ның, сондай-ақ, барлық өңірдің этномәдени бірлестіктерінің мүшелері де президенттік сай­лаудың нәтижелеріне қатысты пікірлерін білдірген. Сонымен қатар, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Ә.Кекіл­баевтан, «Қазақ тілі» халық­аралық қоғамының прези­денті Ө.Айтбаевтан, ақын А.Мұ­қи­бектен, Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшесі С.Вишняктан, «Жас Отан» жастар қанатының мү­шесі Р.Мусинадан, Қарағанды қаласынан С.Әубәкірұлынан, Тал­дықорған қаласынан Әлім­болановтар отбасынан Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісіне байланысты өз құттықтауларын және қолдауын білдірген хаттар келіп түсті.