(Суретті Берел-қорық музейінің баспасөз қызметі ұсынды)
Көне қоңыр тарақтың бәлендей безендірілген ою-өрнегі, таңба, белгісі жоқ. Әйел адамның тұтынған тұрмыстық заты екені түсінікті. Жалпы, қазба жұмысы нәтижесінде қару-жарақтан бөлек әйел затына тиесілі көптеген жәдігер шыққан. Бүгінгі күнге дейін жүздері кертілмей, сүйек тарақтың қаз қалпында сақталғаны қайран қалдырады. Жәдігерге зер салсақ, тістері ұзынша, 4-5 сантиметр. Тарақтың жалпы ұзындығы – 9,5 сантиметр болса, ені – 7 сантиметр. Пішіні трапеция тәрізді, үстіңгі жағында тесігі бар. Тістерінің саны – 15 дана.
Сүйек бұйым 2016 жылы белгілі археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Берел жазығынан табылған. Құнды жәдігер бүгінгі таңда Берел қорық музейінің қорында тұр. Келімді-кетімді саяхатшылар музейден көне тарақтан басқа да құнды жәдігерлерді көзбен көре алады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Берел ауылы