Сурет: instagram.com@asu_zulfikar57
30 жастағы Асудың әлемдегі ең белді промоушенде өнер көрсетіп жүргеніне бір жылдан енді ғана асты. Соған қарамастан Жамбыл облысының тумасы өзінің өрелі өнерімен жанкүйерлер жүрегін жаулады. 2023 жылдың 5 тамызында ол ямайкалық Оди Осборнды қылғындырып тастаса, биыл АҚШ-тың қос апайтөсі – Си-Джей Вейгара мен Хосе Джонсонды жеңді. Бұл бәсекелерде төрешілердің барлығы да Алмабаевтың мықтылығын бірауыздан мойындады. Осы жеңістерінің арқасында қандасымыз UFC рейтингінде 14 орынға көтерілді. Ал санаулы күндерден кейін ол өзінің алғашқы рейтингтік жекпе-жегін өткізеді. Егер Асу осы қарсыласын ұтса, онда қазақ файтерін ТОП-10-дықтың қатарынан көріп қалуымыз әбден мүмкін.
Матеус Николаудың жасы 31-де. Бразилияның Минас-Жерайс аймағында дүниеге келген ол 2010 жылдан бері аралас жекпе-жекпен айналысады. Сол аралықта 27 рет октагонға шығып, 21 қарсыласын қапы қалдырды. Өз бәсекелерінің тең жартысынан астамын «Зұлпықар» (Асудың жанама есімі – ред.) мерзімінен бұрын аяқтады. Бес рет ұтылып, тағы бір айқаста тең нәтиже тіркелді. Маттеустің UFC-де күш сынасып жүргеніне 10 жылға жуықтады. Алғашында ол іріктеу турнирінен іркілмей өтті. Промоушеннің негізгі жарысындағы тұсаукесер кездесуін бразилиялық 2015 жылдың 7 қарашасында Бруно Корейраға қарсы өткізіп, өз отандасын «жапон галстугі» деп аталатын әдіске салып, «ұйықтатып» тастады. Одан кейін Джон Марага, Луис Смолка, Алдан дос Сантос, Фелипе Эфрейн, Манель Капе, Тим Элиот, Давид Дворак, Мэтт Шмельді ұтты. Бірақ Датсин Ортиз, Брэндон Ройвал, Алекс Перез сынды саңлақтарға Маттеустің әлі жетпеді.
Қалай десек те, Николаудың өте қауіпті қарсылас екенін мойындауға тиіспіз. Ол ұрып та құлата алады, сабмишн әдістерін де сәтті қолдана біледі. Иә, бразилиялықтың соңғы екі жекпе-жегінде ойсырай ұтылғаны рас. Екі ретінде де нокаутқа түсті. Десек те, Маттеустің мол тәжірибесі барын да естен шығармайық. Ол шегінуді білмейтін жүректі жігіт, техникалық арсеналы да мол. Грэпплингі өте жақсы, соққылары да жойқын. UFC рейтингінде Оңтүстік Американың оғыланы қазақ файтерінен бақандай жеті саты жоғары тұр. Сондықтан да Асу Алмабаевқа алдағы жарысқа сақадай сай дайындықпен келу керек.