Осыдан 24 жыл бұрын Алаш анамыз аяқ-қолын жинап, аман-есен босанды. Жарық дүниеге Азаттық атты сәби келді. Анамыз оны алтын құрсағында 9 ай 9 күн ғана емес, 300 жыл бойы көтеріп еді. Алаш ана Азаттыққа босанды!!! Бүгінде ол ат жалын тартып мінетін азамат жасында. Тәңірге – тәубе!
Осы сәтте менің көз алдыма Америка үндістері елестейді: Яман тайпасының соңғы тұяғы ХХ ғасырдың 80-жылдары Мексиканың бір шаһарында жан тәсілім еткен екен. Сол бір келеңсіз кезді өз көзімен көріп тұрған АҚШ журналисі: «О, сұмдық-ай! Бір адам емес – бір тайпа халық! Осылай құрып кете ме?!» деп аң-таң қалғанда, ажал аузында жатқан тайпаның соңғы тұяғы: «Адамзат – қызық, өлтіріп алып, өлтірген – кім деп сұрайды?!» деп, жаһаннамға жөнеп кетіпті... Жанды түршіктіретін оқиға – бұл. Ғаламда тұтас бір ұлттың немесе ұлыстың өлуінен өткен қасірет жоқ!
Дүниежүзінде жыл сайын бірнеше ұлыстар құрып кетіп жатады. Тәңірі оларды тура Інжілдегі күнәһарлар мекені Содом мен Гоморра сынды бір-ақ күнде жоқ қылады. Неге? Ел бола алмағанынан құриды! Бір-бірін етектен тартқан алты бақан алауыздығынан, ит мініп, ирек қамшылаған пенделігінен, «өзінде барымен көзге ұрып» (Абай), өзгеден артылмақ пиғылынан, «единица болмаса», нөлдің түкке тұрмайтындығын түсінбегендіктен құрып жатыр олар!
Тәңірге тәубе дейік: Алашымыз – аман, басымыз – азат. Төрт құбыламыз түгенделіп қалды. Алтау ала болмаса, ауыздағы кетпейді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Төсекте басы, төскейде малы қосылған Ібір-Сібір жұртының ажал аузындағы кескініне қараңыз: түрі – түркі, түбі де – түркі. Ділі – славян, тілі де, аты-жөні де – орысша. Сары орыс оны қара орысқа айналдырып жіберген... Құлда құн болмайды! Құл – ұл болмайды! Ұл – құл болмайды! Адамзаттың материалдық және рухани құндылықтарын жасағандардың бәрі де ноқтаға асау басы сыймаған азат адамдар: Ньютон мен әл-Фараби, Пушкин мен Абай, Әлихан Бөкейхан мен Бауыржан Момышұлы, Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаев!
Үндістер жат елге оп-оңай бодан бола салды ма? Ата жауына қарсы еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып күресе алған жоқ деп кім айтты? Тәңірдің маңдайға жазғаны осы болды: көп – қорқытты, терең – батырды, аждаһа – жұтты!
Тәубеге келейік. Бізге Көк Тәңірдің көзі түсті! Көкбөрінің рухы, Күлтегіннің аруағы жебеді бізді! 300 жыл бойы қара жерге сіңген қызыл қан үш миллиард гүлге айналды.
Бүгін Алаш Алланың алдына келіп тұр – кеудесіне Ата Заңын ұстап!
ХІІ ғасырда оған:
– Құлдарыңды Құдайына қараған,
Сұқбан Ием, сақта, пәле-жаладан! – деп, Қожа Ахмет Ясауи барған.
– Айтар болсаң – Алланы айт! – деп, ХVІІІ ғасырда Бұқар жырау – көмекей әулие барған.
– «Алланың өзі де – рас, сөзі де рас», – деп ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Аллаға Абай жеткен еді. Алаш ана жүрегін жаулығына түйіп алып, Аллаға бара жатыр. Аллаға жетіп жығылу үшін әуелі Абайға жүгінуіміз керек. Иісі қазақтан Тәңірге алғаш тіл қатып, оның тағылымын жаны мен тәніне сіңірген осы Абай болатын. Бодан кезімізде бойымызға жұққан өтірік, өсек, мақтаншақ, күндестік, бекер мал шашпақ, дарақылық сынды ХІХ ғасырдан ХХІ ғасырға алып келген антиадамзаттық қасіретімізді талақ қылар кезең келді. Құран да, Құдай да оны оңдырмай мінеген-ді. Сенбесеңіз, Құранның «Ғасыр» сүресін оқыңыз:
«Заманға серт!
Ал осымды қаперге,
Пенде біткен туа қауіп-қатерде,
Иман айтып,
Адалдықпен жүрсе жұрт,
Ақиқаттың не екенін білсе қырт,
Азабына сабыр қылса зарланбай,
Сол қияннан жол табады –
Сандалмай!».
Қазақстан кеудесін ашып Абай дейтін алып рентгеннің алдында тұр. Абай кітабынан әр парағы Қазақстан жүрегінің кардиограммасы. Көкіректегі дертіміз бен өртіміз содан тайға таңба басқандай, айқын көрінеді. Тарихтың сойқан дауылдарында мың өліп, мың тірілген Қазақ елі небір «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұламадан» – отаршылдық ойраны мен аштық, азап, революция, репрессиялардан аман өтіп, Атыраудан – Арқа – Алатау – Алтайға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты көзінің қарашығындай сақтап қалғанын айтып тұр! Адамзаттың біреуін де алаламай, Абайша бауырына тартқанын айтып тұр!
ХХ ғасырда:
– «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл – қолым емес – кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп, жанады да.
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға...
Ертегі уатпай ма баланы да,
Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да?
Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған,
Еркімен өзі-ақ отқа барады да;
Жай тақтақ жабайыдан жол қалғанда,
Қанды өр боп ақын жолы қалады да;
Ойлайды, күңіренеді, толғайды ақын,
Күрсініп көзіне жас алады да,
Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына!» – деп Тәңірінің алдына Мағжан барған-ды.
ХХ ғасырдың соңын ала оған:
– «Я, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием,
Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем;
Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ,
Жүрек – жүн, ойым – опат, жанды – жүйем,
Я, Аллам! Жаратушы Жалғыз Ием!» – деп Мұқағали келді!
Тарихта атаусыз құрып кеткен ел-жұрт қаншама?! Қазақ болса:
– «Ей, тәкаппар Дүние!
Маған да бір қарашы,
Танисың ба сен мені,
Мен – қазақтың баласы!» (Қасым) – деп жұмыр жердің үстінде аяғын нық басып тұр.
Адамзат үмбетіне аспаннан қарайтын Еуропаның жақсысы мен жайсаңын Елбасының беделімен Алаш жұртының алдына алып келдік. Кеше ғана қолы кісендеулі, біреудің боданындағы жұрт едік. Айналасы 24 жылда ақыл-есімізді жиып, адамзатқа жөн-жоба көрсететін деңгейге жете бастадық. Бұл – айтуға оңай болғанымен, арқамызға түскен зілмауыр ауыр жүк еді. Оны да беліміз қайыспай көтердік. Махамбетше айтқанда, «қабырғасы қайыспас қара нар керек еді бұл іске»!
Мемлекетінде меншіктеп армия ұстамаған ел бұл.
Әлемде ешбір елді баса-көктеп, басып алмаған жұрт ол!
Полиция, түрме дегенді ХІХ ғасырда көріп, аң-таң қалған халық – бұл.
– «Еңкейгенге – еңкей, ол – біреудің құлы емес, Шалқайғанға – шалқай, ол – Құдайдың ұлы емес!» – деген асқақ жұрт осы еді. Алла, сонсоң оны аялап тұр!
Сонау Көк Түріктер заманында Көк Тәңірмен тілдескен, Ұлы Қағанат құрып, Шыңғыс ханмен бүкіл Еуразияға әмірін жүргізген бұл жұрттың да шалыс басып, шалқасынан құлаған, бармағын тістеп егіліп жылаған кездері де аз емес-ті. Неге? Құдайдың айтқанын, Құранның сөзін тыңдамаған кездері болған. Пенденің айтқанына еріп, айдағанына жүріп қателесті...
Алла не дейді?
– «Әй! Кәпір! – де – сен табынған дәлдүрішке мәңгіріп,
Тәңірі бар да Мен бас имен!
Мәңгілік!».
Тәңірі бәрін көріп тұр! «Алла көнбес аярыңа не түрлі» дейді Құранның «Мағұн» сүресі. Халықтың қазына байлығын көзін бақырайтып қойып ұрлап алып, коттедж-виллаларда ықылық атып отырғандар Құранның «Һұмаза» сүресін оқыса, не бетін айтады?!
– «Өңшең тексіз!
Сұм-зымиян!
Қайда – қырт?!
Малын санап, алған іші майланып!
Күннің күні Хұтамаға түседі ол
Алла алдына келеді қайтсе де –
Айналып!».
Алаштың айтулы бір әулиесі Мәшһүр Жүсіптің қазаққа «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді» дегені аңыздан ақиқатқа айналғалы тұр. Сол заманның алтын қақпасын бүгін Елбасының ерен еңбегімен сіз бен біз айқара ашқалы жатырмыз!
Бүгін Қазақстан Республикасының Ата Заңын кеудесіне басып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұр Алланың алдында – Алашымен бірге!
Адамзатта маңдайы жарқыраған небір марқасқа ғұлама айтпаған сөзді біздің Абай айтқан: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетін пендеміз. Сол махаббат пен ғадалетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден-біреу анығырақ сезбекпен артылады».
Пендеден – пенде ғана емес, мемлекеттен – мемлекет те бірінен бірі Алланың хикметін анығырақ сезінуімен асып, асқақтайды. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» (Абай). Ата Заңында махаббат, ғаделет сезімі айқұлақтана көрініп тұрған елдер өркениет өріне самғап барады! Біз де солардан қалмауға тиіспіз!
Сапарың сәтті болғай, Қазақ елі – Мәңгілік Елі!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
ҚАРАҒАНДЫ.