Фармацевтика • 16 Қазан, 2024

Әлемдік фитохимия: Арқа жусаны

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Дәрілік заттар химиясы» халықаралық қоғамы Қарағандыға қоныс аударады. Себебі Италияда өткен ғылыми конференцияда ұйым­ның президенті болып академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Фитохимия» ғылы­ми-өндірістік орталығының бас директоры Серғазы Әдекенов сайланды. Мұның игілігі көп. Бас­тысы, отандық дәрі өндірісінің әлеуеті артады.

Әлемдік фитохимия: Арқа жусаны

Жақында «Дәрілік заттар химиясы» ха­лықаралық қоғамы Италияның Неаполь қаласында Халықара­лық ХХV ғылыми конференция ұйымдастырды. Оған әлемнің 17 елінен 125 ғалым қатысты. Сол келелі кеңес барысында Халықаралық қоғам президенттігіне ұсы­нылған ака­де­мик Серғазы Мыңжа­сар­ұлының кандидатурасы бірауыз­дан қолдау тапты. Бұл – еліміздің дәрі өндірісі мен фармакология са­ла­сындағы әлеуетке, қабі­летке көрсетілген зор құрмет. 

Қоғамның жаңа президенті Неаполь конференциясында еліміздегі эндемикалық өсім­діктерінен алынатын біре­гей дәрілік препараттар жөнінде ағылшын тілінде баяндама­сын сәтті жасады. Соның нәти­жесінде, құрамында Джио­ванни Аппендино (Италия), Джерон Дикшат (Германия), Павел Драшар (Чехия), Яцек Моржицки (Польша), Оразио Таглиатела-Скафати (Италия), Икуро Абе (Жапония), Дин Гуо (Қытай), Мирослав Стрнад (Чехия), Агнешка Войткилевич (Польша) секілді есімі әлемге әйгілі ғалымдар бар Халықаралық қоғамның атқарушы органы еліміз өсімдіктерінің дәрілік қасиетіне зор мән беріп, біздегі дәрі-дәрмек өндірісіне зор қызығушылық танытып отыр. Бұл да отандық дәрі-дәрмек өндірісіне үлкен олжа.

апр

Испанияның Кадис уни­вер­ситетінің профессоры Антонио Сала Пералта еліміз өсім­діктерінен алынатын паразиттерге қарсы қоспалар белсенділігіне ерекше мән берген екен. Италияның Жаңа технологиялар, энергетика, тұрақты экономикалық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің докторы Францеско Пенара елімізде өсетін көк сағыз өсімдігінің қасиетіне қызығушылық танытты. Қытайлық профессор Рен Тан (Нанкин университеті) отандық эндемикалық өсімдіктерден алынған нейропротекторлық алкалоидтарға байланыс­ты бірі­гіп жұмыс жасауды ұсынды. Мажарстандағы Сегед уни­вер­ситетінің профессоры Жолт Сакони қатерлі ісікке қарсы белсенділігі бар субстанцияларды жасауға еліміздің энде­микалық өсімдіктерінен алынатын дәрілік заттар негізінде стереоселективті синтездер жүргізу жөніндегі ойымен бөлісті. Францияның Шампань-Арденн Реймс университетінің профессоры Георгс Массиот отандық «Арглабин» препаратын Еуропа нарығына шығаруға ұсыныс білдірді.

Осыншама сан салалы мән-ма­ңызы, тиімділігімен ерекшеленген Халықаралық конференция бары­сында академик Серғазы Әдекенов Италияның INDENA фармацевтикалық ком­паниясының өкілдері Лука Пагни, Лука Сеналди, Пиетро Аллергини мырзалармен еліміз­дегі шикізаттан жасалатын фи­то­препараттардың бірлескен өндірісін ұйымдастыру жөнінде келіссөз жүргізді. Бұл келісім де шикізат өндірісінің өрісін кеңейтеді.

Осылайша, жаһан қызығып отырған Арқаның қызыл жусаны мен Е.Бөкетовтің төл шәкірті, академик Серғазы Мың­жасарұлы әлемдік деңгейде мойындалды. Соның арқасында дәрілік заттар химиясының Халықаралық қоғамы Арқаға қоныс аударып жатыр. Алдағы уақытта фармацевтика дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, тың жобалардың тынысы ашылады. Елдегі дәрі өндірісі мол игілікке кенеліп, қомақты инвестицияға қол жеткізетін болады. Бұған қоғамның жаңа президенті де нық сенімді.

– Бұл – менің ғана абыройым емес, еліміздің фармацевтикалық өндірісінің беделі. Халықаралық деңгейдегі мәрте­белі ұйымның тізгінін ұстау маған да, елімізге де «жіліктің майлы басындай» мансап қана емес. Ол – еліміздің дәрі өндірісі саласының технологиялық жаңғыруы, ин­вес­тициялық мүмкіндік. Яғни отандық дәрі өндірісінің әлеуеті бұрынғыдан да арта түседі. Сол орайда фармацевтермен бірлесе, бар күшімізді жұмсап, еңбек етеміз, – деді академик Серғазы Мыңжасарұлы.

 

Қарағанды облысы