Бір жақсысы, шикізатқа қажетті сүтті алыстан іздемейді. Өзінің сауын сиырлары бар. Әлеуметтік желіден оқып білген соң, арнайы құрылғы сатып алған. Ауылды қақ жарып Имантау, Шалқар курортты өлкесіне өтетін тасжолдың бойынан өкпек жолаушының ізі суымайды. Дайын балмұздақ сататын кішкентай дүңгіршегін қара жолдың бойына, көлік тоқтауға қолайы жерге орнатқан. Тұп-тура өз үйінің алдына. Жаз бойы ағылған жұрт ауылда дайындалған дәмі тіл үйіретін балмұздаққа өш. Кәсібі де жүріп, азын-аулақ қаражаттың басын құрап алыпты.
– Халық балмұздақты қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта алады, – дейді Ерболдың өзі, – қалған уақытта да қарап отырмау керек қой. Осы орайда мемлекеттің қамқорлығына ерекше тоқталып, айта кетуім керек. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болдық. Өзге талапкерлер тәрізді бизнес жоспар жасадық. Ендігі мақсат – мал өнімдерін ұқсату.
Аумағы атшаптырым үйінің жанындағы өз отбасы бұрын жеті жыл қоныстанған ескі үйді күрделі жөндеуден өткізіпті. Босағадан аттасымен-ақ ұқыпты қолдың табы байқалады. Мұнтаздай тап-таза, әлденеше бөлме. Барлығын өз қаражатына жөндеп, жаңғыртқан. Құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай сыңғырлап тұр. Бір бөлмесіне грантқа берілген қаражатқа алған мұздатқышы, ет турағышы қойылыпты. Алдынан жұмыс үркіп отыратын еңбекқор жігіт өз малымен қоса ауылдағы ағайынның бордақысын сатып алып, тұшпара, манты, самса тәрізді жартылай дайын өнімдер әзірлемек.
– Ауыл халқы мұндай тағамдарды өздері-ақ жасамай ма? – деп сұрадық біз.
– Осы іске бел буардың алдында қабырғамызбен кеңестік, – дейді кәсіпкер. – Біздің ауылдың біраз тұрғыны облыс орталығында жұмыс істейді. Егер қажетті тағамды осы жерде дайындап отырсақ, оларға да қолайлы. Алдымен сұрастырып көргенбіз, оның үстіне Көкшетау қаласындағы бірнеше дүкенмен алдын ала келісіміміз бар.
Несі бар, ел ішіндегі елгезек жігіттер қолда барын кәдеге асырып жатса, жақсылықтың нышаны емес пе?
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы