29 Сәуір, 2015

Мақтаныш

555 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
ерсултан бектургановКешегі өткен керемет сайлауда небір жан толқытарлық жайлар болды. Біреуін айтайын. Өзім көп жыл жұмыс істеген Талдықорғандағы жолдастарымнан  естігенім бұл. Былай болыпты. Дәл сайлау өтетін күні Талдықорғанға сонау Атыраудан бір топ қонақтар келген екен. Құдалыққа. Сол кісілер алдын ала талон ала шығып, Талдықорғандағы сайлау учаскесіне барады. Өздерін тізімге қосқызады. Дауыс бергелі жатқан кезде сондағы учаскеде жүрген шетелдік байқаушылардың бірі ол адамдардың кімдер екенін сұрайды. Оған бұлар біздің қаламызға қонаққа,  құдалыққа келген кісілер дейді. «Құдалық» деген ұғымның өзі де шетелдікке таңсық қой. Аудармашы арқылы құдалықтың мән-жайын біраз түсіндіруге тура келіпті. Сонда барып алыстан келген қонақтардың осындай шаруа кезінде де өздерінің азаматтық парызын ұмытпай, елі үшін, жері үшін, ертеңі үшін дауыс беруге уақыт тауып жатқандарын біліп, шетелдік байқаушы әрі қайран қалып, әрі разы болған екен. Осындай халқың үшін қалайша мақтанбасқа! «Қазақ елі қуаныш құшағында, Көңіл құсы шарықта, ұш, ағында» – «Егемен Қазақстанның» бетіндегі осындай жолдар есімде қалып қойыпты. Газет бұл тақырыпты 2011 жылғы президенттік сайлаудың қорытындысы шыққан тұста беріп еді. Дәл қазір де сол сөздерді қайталағымыз келеді. Иә, қазақ елі тағы да  қуаныш құшағында. Халқымыз елдіктің ерен жеңісіне қол жеткізді. Ерен жеңіс демей не дейміз, егер Президент сайлауына елдегі сайлаушылардың барлығы дерлік қатысса, егер олардың барлығы дерлік бірауыздылық танытып дауыс берсе, егер бұған алыс­тан да, жақыннан да, Батыстан да, Шығыстан да келген байқаушылар қайран қалып, разы болса, дауыс берушілер ұзыннан-ұзақ кезекте тұрып, өздерінің азаматтық парыздарын ықыласпен атқарса, елдің бүгінгі биігі де, нұрлы болашағы да мемлекетті кемел біліктілікпен басқарып келе жатқан Елбасының қолында екенін сергек сезінсе, сыннан өткен тұлғаға екі тізгін, бір шылбырды беру, ел бастаған ер деп сену, соңынан еру баршамыздың бақытымыздың кепілі деп білсе. Әрине, ерен жеңіс дейміз. Елдіктің жемісі дейміз мұны. Асылын ардақтай алатын, қадірлісін қастерлей білетін, сенім артуға тұрарлық тұлғаға құрметінен жаңылмайтын халқымыз үшін қуанамыз. Жалпы, мына әлемде дәл қазір осыншалықты ынтымақшыл, ел бастаған перзентін осыншалықты қадірлейтін, қастерлейтін бізден басқа ел бар ма екен өзі деп те ойға қаласың. Ел аузы – дуалы. Ел құлағы елу. Ел бәрін де біледі, ел бәрін де көреді. Қазақстан халқы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы жылдар ішінде елім дейтін, жерім дейтін, елінің, жерінің қамын жейтін перзенттік жүрегінің дүрсілін дәйім сезініп келеді, Отанымыздың дәулеті тасып, сәулеті асуы жолында аттан түспей, түн қатып, түс қашып жүрген жорықты жолын көріп, оның нақты жемісін теріп келеді. Біз аға буын өкілдері қатарына қосылып қалдық. Кешегі күнді де, бүгінгі күнді де қатар қойып, салыстырып қарай аламыз. Отан қамбасына миллиард пұт алтын астық құятын Қазақстанда нанды әр адамға шақтап сататын кез де есімізде, түн қараңғысында барып кезекке тұрмасақ балаларымыздың сүтсіз қалып қоятын кезі де есімізде. Егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккеннен кейінгі алғашқы жылдарда да алдымыздан көп қиыншылық көлденеңдеп шықты. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық байланыстарының быт-шыты шығып, кәсіпорындардың тауарлары бұрынғы барар жеріне жетпей, қоймаға үйілген, тауар өтпеген соң ақша түспеген, ақша түспеген соң салық түспеген, салық түспеген соң халыққа  алты  айлап айлық, жылдап зейнетақы бере  алмай қиналып жүрген қиын кез де болды.  Талай адам бұл елдің болашағына сенбей өздерінің тарихи отандарына кетті. Жұмыс қолы азайды. Білікті мамандар кеміді.  Экономикалық қиындықтар саяси дағдарыс туындату қатерін де төндірді. Соның бәрі бүгін көрген түс сияқты. Осындайда біз қиын шақта халқына ұран тастаған, өз халқын ел болудың ұлы ісіне бастаған Ердің еңбегін разылықпен  айтамыз. Ол ер – бүгінде бүкіл әлем танып-біліп, мойындап, құрмет тұтып, санасып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Нұрсұлтан Назарбаев туралы толғанғанда менің ойыма «мақтаныш» деген сөз алдымен оралады. Иә, Елбасымыз – біздің ұлттық мақтанышымыз. Дүниенің қай қиырына барса да, мына әлемнің күрделі мәселелері қандай қиын шаруаға салса да Нұрсұлтан Әбішұлының маңдайы жарқырап, жұлдызы жанып тұратынын көріп, мақтаныш сезіміне бөленеміз. Тарихтың тар кезеңінде алдымызға тосар осындай перзентті дүниеге келтіре алған халқымыз үшін мерейленеміз. Қазақстанымыздағы жағдай туралы сәл кейінірек айтайын. Парламент Мәжілісіндегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде Елбасымыздың Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыру, елді дүйім дүниеге таныту жөніндегі қадамдарына ерекше назар аударғым келеді.  Әлемдік аренадағы іс-әрекеттердің өзі қайран қалдырғандай емес пе? Өзіміздің ел болуымыздың түбірлі мәселелерін шешуді жаңа қолға алып жатқан тұста Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең биік мінберіне – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мінберіне алғаш көтерілген 1992 жылғы сөзінің өзінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыруды ұсынды. Жылдар бойы жүйелі жұмыс жүргізіп, бұл шаруаны жеңісті мәресіне жеткізді. Бүгінде АӨСШК құрлықтағы қауіпсіздіктің берік тетіктерінің біріне айналды. Қазақстан осы игілікті іске бастамашы болған мемлекет ретінде айрықша аталып, құрметтеліп отыр. Біз бұл үшін мақтанамыз. Нұрсұлтан Назарбаев мұнан кейін еліміздің Еуропадағы абыройын асқақтатты. Тәуелсіздік алғанына он бес жыл да толмаған елінің атынан әлемдегі аса беделді ұйымға – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге өтінім түсірді. Өз мемлекетінің  экономикалық мығымдылығының, саяси тұрақтылығының, халықаралық аренадағы беделінің арқасында бүкіл түркі жұртының арасынан, бүкіл мұсылман әлемінің ішінен, бүкіл бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінен бірінші болып сол биік лауазымға қолымызды жеткізді. Қазақстанның төрағалығы кезекті төрағалық болып өткен жоқ. Қазақстанның төрағалығы кәрі құрлықтың саяси тарихында өзгеше із қалдырды – сол ұйымның белгілі бір себептермен қожырай бастаған жұмысын жандандырды, беделін көтере түсті, он бір жылдан бері шақырылмай келе жатқан Саммитін шақыртып, оны елордамызда дүрілдетіп өткізіп, ұйымға мүше 56 елдің делегациясы Сарыарқа  төсінде дүниеге келген Астана дек­ларациясына қол қойды. Бүкіл әлем біздің қолымыздан не келетінін көрді, Қазақстан Республикасы өзінің ішкі мәселелерін шешуді қанағат етіп қалмайтын, мына дүниедегі шиеленіскен түйіндерді тарқатуға қауқары жететін кемел елге айнал­ғанын көрді. Мемлекетіміздің мерейі бұрынғыдан да асқақтай түсті. Біз бұл үшін де мақтанамыз. «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп абзал ағамыз Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, адамзаттың өмірінде дін мәселелері уақыт өткен сайын қомақты орын алып келе жатыр. Шығыс пен Батыстың тоғысқан тұсында, ислам мен христиандықтың қиылысқан жерінде дүниеге келген Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі әлемде дінаралық қарым-қатынастардың қандайлық маңызды орын алатынын салған беттен-ақ терең пайымдады. Елбасымыздың бұл істегі қайраткерлігі де қайран қалдырарлықтай. 2011 жылғы 11 қыркүйектегі сойқан террорлық шабуылдан кейін Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің сол күзге Қазақстанға  жоспарланған сапарының болу-болмауы неғайбіл күйге түсті. Дәл сол кезде ислам әлемі мен христиан дүниесінің арасында үлкен мәселелер туындағандай болып тұрған еді. Бірақ, Рим Папасы Қазақстанға келді. Өйткені, ол қазақ еліндегі тыныштықты, татулықты, тағаттылықты білді, өйткені ол Назарбаевтың дінаралық келісімнің үздік үлгісіне қол жеткізіп отырған дара басшы екенін білді. Көп ұзамай Елбасымыз тағы бір әлемдік маңызы бар бастама көтерді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыруды ұсынды. Ұсынысын іс жүзіне асырды да. Бірін-бірі көрместей болып жүретін діни лидерлердің өзі Назарбаевтың шақыруын ықыласпен қабыл алып, бір үстелдің басында табысты, бір құжатқа қол қойды. Баршаның көңілін тауып, ойынан шыққан съезд одан кейін дәстүрге айналды. Елбасымыз дүние діндарларының көшбасшыларының басын қосатын ғимарат – әлемнің төрт қиырына бірдей қарап тұратын пирамида пішіндес Бейбітшілік және келісім сарайын салдыртты. Қазір, міне, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезін өткізуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Еліміздің дінаралық қатынастарды орнықтырудың үлгісін бүкіл әлемге көрсетіп отырғаны үшін мақтанамыз біз. Қазақстанның ЭКСПО-2017 әлем­дік көрмесін өткізу құқын жеңіп алу жөнінде де осыны айта аламыз. ЭКСПО көрмелері адамзаттың ақыл-ойын алға жылжытуда орасан орын алатынын, бүгінде біз игілігін көріп отырған көптеген ғылыми жаңалықтардың, технологиялық табыстардың алдымен сол көрмелерде көрсетілгенін, сөйтіп өмірге кеңінен енгенін, ол көрмеге келетін миллиондаған адамдар ел атын бүкіл дүниеге жаятынын, ең бастысы – өзіміздегі көп салалы ізденістерді ілгерілететінін ескерген Елбасымыз барлық мүмкіндіктерімізді саралай келіп, осы көрмені Қазақстанда өткізуге өтінім жасатты. Ақыры еліміз бір турдан бір турға өтіп, ақтық сынақта Еуропаның қақ ортасындағы қуатты мемлекет, бұрын да ЭКСПО көрмелерін табысты өткізіп, көп тәжірибе жинақтаған Бельгиядан басым түсіп, көрме ұйымдастыру құқын жеңіп алды. Бүгінде Қазақстан ұсынған көрме идеясы, яғни болашақтың энергиясы көздерін қамдау барша адамзаттың қатты қызығушылығын туғызып отыр. Бұл да біздің мақтанышымыз. Барша адамзаттың атам заманнан басын ауыртып, шашын ағартып келе жатқан мәселенің мәселесі – этносаралық қатынастар. Нұрсұлтан Назарбаев бұл істе де шын мәніндегі көрегендігін, кемеңгерлігін көрсетті. Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, елдегі сан түрлі ұлт пен ұлыстың басын бір мақсатқа біріктіру, этностардың арасындағы жарасымды сыйластықты қалыптастыру, олардың мәдениетіне, тіліне, әдет-ғұрпына жағдай жасау, барлық мәселелерді бас қоса талқылау, ел Парламентінде Ассамблея өкілдері болуына жол ашу жөніндегі ғажап шешімі бүгінде бүкіл әлемде көпэтносты мемлекетті басқарудың үйренерлік үлгісі ретінде қарастырылып отыр. Ассамблея сессияларына қатысып, түрлі этностар өкілдерінің еліміздегі бірлік, тыныштық, татулық, толерант­тылық туралы жан-жүрегінен шыға­рып айтқан сөздерін естігенде жүрек тебіреніп, дене шымырлап, кей тұста еріксіз жанарға жас үйіріледі. Осының бәрі де ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтқан асыл аманатына адал, өзі де жас күнінен көпұлтты ортада тәрбиеленген, халықтар достығын көзінің қарашығындай қастерлейтін, сонысымен де барша ұлт пен ұлыстың ортақ құрметіне бөленіп отырған Елбасымыздың досқа адал, дархан жүрегінің арқасы. Сондықтан да бүгінде біздің еліміз бақыттың, достықтың, игіліктің өзіндік қазына аралына айналған. Осы орайда, менің ойыма жақында теледидардан көрген бір сюжет оралып отыр. Тынышы кеткен Йеменнен жедел шығарылған азаматтардың бірі: «Бейбіт жағдайда, қалыпты өмір сүрудің қандай бақыт екенін тек тыныштықта ғана бағалай аласың», деген еді. Сол сөзді мен қойын кітапшама жазып қойдым. Биыл Ассамблеяның 20 жылдығы аталып өтті. Бұл да  біздің мақтаныш тұтар жайымыз. Елбасымыз мына жаһанданған әлемде интеграцияның орны ерекше екенін ескеріп, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын көтеріп, ол ұсынысын да жүзеге асырды. Алдымен Кеден одағын, одан кейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, ақыр аяғында экономикалық одақты құруға қол жеткізді. Отандық кәсіпкерлерге байтақ нарық ашылып, мүмкіндіктер молая түсіп отыр. Экономикамызды ілгерілету жөнінде асқақ міндеттерді  алға тартқан Елбасымыз әлемдегі озық елу елдің қатарына қосылу мақсатын қойған еді. Ол мақсатқа мерзімінен бұрын қол жеткізілді. Ендігі ойымыз – озық отыздықтан орын алу. Нұрсұлтан Әбішұлының  ел экономикасын көтерудің кілтін дәл таба білетін ерен ақылы бұл асуды да алдыртатыны анық. Оған дәлел жеткілікті. Бір ғана жайды қозғайық. Президент жерасты байлығы түптің түбінде бір сарқылмай қоймайтынын, әлемдегі шикізат бағасының конъюнктурасына тәуелділік адымымызды аштырмайтынын ашық айтып, индустриялық даму жолын нұсқады. Бүгінгі таңда отандық өнеркәсіптің өркендеуіне кең жол ашылды. Жүздеген кәсіпорындар құрылып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. Елімізде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 18 есе өсті. Бұл көрсеткішті қалайша мақтаныш етпеске? Мен көптеген жылдар бойы Президент Әкімшілігінде жұмыс істедім. Президент Кеңсесі басты­ғының орынбасары, Әкімшіліктің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Алдымнан талай қағаз өтті. Кадр іріктеу, қолынан іс келетін басшыларды жылдар бойы тәрбиелеу, бір сынақтан кейін бір сынаққа салып шыңдау, мемлекетшілдік мектебінен өткізу, сол мектептің ең басты ұстазы болып, қай істе де ең алдымен ел мүддесін ойлаудың өнегесін көрсету жөнінен Елбасымыздың үйренерлік үздік үлгісі өзгеше екендігіне талай рет көз жеткізе алдым. Соңғы жылдардағы депутаттық қызметімде Нұрсұлтан Әбішұлының  ел парламентаризмінің дәстүрлерін орнықтыру, құқықтық мемлекет орнату, халық қалаулыларын қай қадамында да адамдар мүддесін ойлауға шақыру жөнінде тағылым танытатынын көріп келемін. Мәжілістен өтіп, Сенаттан бекіп кеткен кейбір заңдардың өзіне салқын сабырмен, сарабдал ақылмен қарап, қажет жерінде вето қою құқын пайдалануға да барғаны халықтың көңілінен шыққанына куә болып келеміз. Елбасымыз жайында газеттің бір мақаласы көлемінде жиып айту да, түйіп айту да мүмкін емес сияқты. Олай болуы заңды да. Нұрсұлтан Назарбаев сынды феномен құбылыстың сыры терең, қатпары қалың. Қалай дегенде де мына жайдың басы ашық. Нұрсұлтан Әбішұлы – халқымыздың бағына туған перзент. Тәуелсіздік тарихының бастауында ел тізгінінің осындай тегеурінді тұлғаның қолына тигеніне тәубе дейміз, Қазақстан атты кемені әлемдік саясат мұхитының айдынына алып шығып, бүкіл дүниедегі буырқанған дауылдарға шыдас бергізіп, ол айдынға өзімізден бұрын аттанған елдермен тереземізді тең, керегемізді кең етіп берген кемеңгер басшымыз үшін мақтанамыз. Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.