Саябақтың бой көтеруіне қолдау білдірген облыс әкімдігі демалыс орнының медицина қызметкерлерінің мамандығына адалдығы мен адам денсаулығын сақтауда атқарып отырған өлшеусіз еңбегіне алғыс пен ризашылықтың бір ишарасы екенін айтады. Жаңа саябақтың жалпы ауданы 6 мың шаршы метрді құрайды. Аумақты көгалдандыруға ерекше назар аударылып, қайың, сібір шыршасы, тал, бөріқарақат, шырша, арша, пирамида теректері, вибурнум, тау күлі сияқты бұталардың көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар спорт алаңдары мен балалардың ойын аттракциондары да қарастырылған. Саябақ жарықтандырылып, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылды.
«Қаламыз облыс мәртебесіне ие болғалы көз алдымызда өзгеріп, жасарып келеді. Бұл бізді қуантады. Осы істердің басы-қасында жүрген азаматтардың барлығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Денсаулықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін әсіресе біз, дәрігерлер жақсы білеміз. Ал мына саябақ – басты байлығымызды қалыпты ұстап тұруға таптырмас орын. Тағы бір атап өтерлігі – бұл саябақтың салынуы бізге деген құрметтің бір белгісі деп білемін», деді ардагер дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Райфа Иванова.
Биыл облыс әкімдігінің бастамасымен Семей қаласын абаттандыру жұмыстары аясында 62 аула мен 4 қоғамдық кеңістік жаңғыртылды. Ал қаланың сол жағалауынан орын алған Мұхтар Әуезов ескерткішінің маңы мен үлкен аумақты қамтыған алаңды жөндеу жұмысы жоспарға сай жүзеге асып жатыр.
Абай облысы