Мысалы, Ордабасы ауданының «Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абибулла Жакудаев Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісімен марапатталды. Педагогика саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ұстаздың оқушылары халықаралық, республикалық білім шыңын бағындырып, бүгінде Түркістан облысын көпке танытып келеді. Ал Түркістанда өткен «Ұстазыма мың алғыс!» салтанатты іс-шарасында облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалім марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Нақтырақ айтсақ, 10 ұстаз «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 20 педагог «Құрмет грамотасын» алып, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылды.
Мерекелік жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім саласында аянбай еңбек еткен ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, марапаттарды табыс етті. Сондай-ақ Дархан Амангелдіұлы шәкірті 42 елдің оқу орындарынан шақырту алған «Түркістан Білім-инновация» лицейі география пәнінің мұғалімі Арғын Бастамиге облыстың атын әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін табыс етті. Оның шәкірті Ислам Әбдірахманов қазір АҚШ-та оқып жатыр. Бұдан бөлек, оқушылары республикалық олимпиаданың жеңімпаздары болған, өзі іскер, белсенді, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Төлеби ауданы, Қосан Мамытов атындағы мектебінің биология пәнінің мұғалімі, 6 баланың анасы Нұрилла Баймаханқызына ноутбук тарту етілді.
Түркістан облысы