Оқиға • 17 Қазан, 2024

Саран қаласындағы барлық нысанға жылу берілді - министр

181 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды ​​облысындағы Саран қаласында барлық тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылумен қамтылған. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Саран қаласындағы барлық нысанға жылу берілді - министр

Фото: Энергетика министрлігі

Алмасадам Сәтқалиев жергілікті қазандықтардың, орталық жылу көздерінің, жылу желілері мен әлеуметтік нысандардың жай-күйін жер-жерде тексеріп, жергілікті жедел штабтың отырысын өткізген.

Сонымен қатар жылу көздерінің қажетті отынмен қамтамасыз етілгені хабарланды. 

«Біз барлық жылу көздерін аралап шықтық, жылумен қамту сызбасын қалпына келтіру жұмыстарының барысын егжей-тегжейлі сараптадық, келесідей шешім қабылданды: орталық жылу көзі іске қосылғанға дейін қаланы жылумен қамту жергілікті электр желісі арқылы жүзеге асырылады. Барлық әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілген, олар өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істеп тұр», деді Алмасадам Сәтқалиев.

Өз кезегінде Қарағанды ​​облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев резервте тұрған жергілікті қазандықтардың барлығы дайындалып, іске қосылғанын атап өтті.

Айта кетейік, қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, оның құрамына энергетикалық қадағалау өкілдері, облыс және басқа да департаменттер мен Төтенше жағдайлар департаментінің басшылары кіреді. Сонымен қатар орталық жылу көзіне құрал-жабдық беретін зауыттардан арнайы мамандар шақырылған.

Еске салайық, 13 қазанда Саран қаласында жұрт жылусыз отырғаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті тұрғындар үйлерінде салқын екенін айтып шағымданды. Әкім Еркін Баулықов қалада жылу жоқ екенін растап, жылу жүйесі жаңартылғанын, орталық жүйелер арқылы жылу беріліп жатқанын алға тартқан.