Қылмыс • 17 Қазан, 2024

Қаржы пирамидаларына қатысты 57 қылмыстық іс қозғалды

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері 20 млрд теңге көлемінде шығын келтірген қаржы пирамидаларына қатысты 57 қылмыстық істі тергеді, деп жазады Egemen.kz.

Қаржы пирамидаларына қатысты 57 қылмыстық іс қозғалды

Фото: dalanews.kz

Тергелген қаржы пирамидалары алаяқтық схемалары арқылы 21,5 мыңға жуық салымшыны алдап соққан. Олардан 12 млрд теңге өндірілген. 

Мәселен, Алматыда «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан.

Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15%-на дейін пайдасын уәде еткен. Бұл алаяқтық топ салымшыларға 255 млн теңге көлемінде залал келтірген.

Сот үкімімен «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құрғандар кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Агенттік қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелерін бұғаттаған. Сондай-ақ «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram»-да 292 чат бұғатталған. Осылайша, 2 млн-нан астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды. 

«Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері «Qnet», «World Business Consulting», «Finiko» «Antares»/«Antares Trade», «Sincere Systems Group»/«S-Group», «Hermes LTD», «Life is good», «Chia Tai Tianding»/«Chia Tai Pharmaceutical» «Energy Eolus Oazqstan»/«Eolus» сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.