Талбесік • 18 Қазан, 2024

Ерек күтім қалайтын ерен ағаш

67 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Кеген, Ұйғыр аудандарының аумағындағы «Шарын ұлттық табиғи паркінің» құнды қазынасының бірі – ерен тоғайы. Реликті ағаштың сирек түрі саналатын Іле жидесі, Іле бөрі қарақатымен қатар өсетін ерен ағашы зәйтүн тұқымдасының шаған туысына жатады. Тереңге бойлаған тамыры ылғалды тілейтін тіршілік иесі елімізде тек Шарын өзенінің аңғарында өседі.

Ерек күтім қалайтын ерен ағаш

Жер бетінде әлемнің екі мемлекетінде ғана өсетін ерен ағашын күтімге алу, жойылып кету қаупі туындаған табиғаттың тамаша тартуын сақтауда, қамсыз болмау керек. Полеоген кезеңінен сақталып келе жатқан, тарам-тарам тамыры миллион жылдардың жылғасына жалғасатын тіршілік иесі ерекше күтімді қажет етеді.

Елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауда, ағаш түрлерін сақтауға да айрықша назар аударылады. Сирeк кeздeceтiн, эндeмикaлық, дәрiлiк, cәндi өciмдiктeр түрлeрiн aнықтaу, жaй-күйiн бағалау, кeң тараған өciмдiктeр дүниeciн зeрттeу жүйелі жүргізіледі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ дегенде «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» аумағында жайыла, ұйыса өскен соғды ерені деп аталатын шаған тоғайын айтуға болады. Ұлттық паркте табиғи-ғылыми, техникалық-экономикалық зерттеудің қорытындысына сәйкес, 900-ден астам тамырлы өсімдік өссе, оның ішінде сирек ұшырасатын әрі эндемикалық санатқа жататыны – 56.

Ежелден ерекшелігімен көзді арбайтын көрікті шұратты қорғау ісі бұдан алпыс жыл бұрын қолға алынған, соғды ерені тоғайы ерекше қорғалады. Шаған ерені 1981 жылы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енді. Ерен ағашы 25 метрге дейін биіктеп өседі, бұтақтарының тармақталып өсуінің өзі 60 жылға дейін созылады. Тамыры да қатты болатындықтан, қалың топырақтың сортаң қабатына тереңдей бойлап, жерасты суына дейін жетеді. 4-5 жылдық көшетінің тамыры 1,5 метрге дейін тереңдейді. Жеміс беруі 15 жылдан кейін ғана жүзеге асып, тамыздың соңына ала уылжып піседі.

ав

Тамырынан дарыған нәрмен миллион жылдан бері жасап келе жатқан ерен ағашын күтімге алу, алқабын кеңейту, тұқымының жетілуіне күш салу қашанда маңызды. «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» директоры Гүлмира Нысанбаева жақұтқа баланатын табиғат тартуына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. «Үкіметтің 2004 жылғы 23 ақпандағы № 213 қаулысына сәйкес Алматы облысының экологиялық, тарихи, ғылыми, эстетикалық, рекреациялық құндылығы ерекше бірегей табиғи кешендерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатында 127050 гектар алаңды қам­титын ұлттық парк құрылды. Мұның ішінде 5014 гектар аумақ 60 жылдан бері ерекше қорғауға алынған. 1964 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің № 447 қаулысымен республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші, Полеоген дәуірінен келе жатқан соғды ерені орманын, яғни – Шарын ерен тоғайын сақтау мәселесі шешілді. Соғды шағанының (Fraxinus sogdiana) био әртүрлілігі ескеріліп, 2018 жылғы 25 шілдеде ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» координациялық кеңесі шешім шығарды. «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» де Халықаралық биосфералық резерваттар желісіне қосылды», дейді Г.Нысанбаева.

Бестөбе бөктерінен Шарын өзенін буып, «Мойнақ» су электр стансасы салынғанда, ерен тоғайының ахуалы экологтерді алаңдатты. Өзен арнасының төмендеп, суының тартылуы, тоғайды суару жүйесінің тозуы келеңсіздік туғызды. Салдарынан ерен тоғайының 1,5 гектардан аса аумағындағы ағаштар қурап кетті. Кейін толғақты мәселе оңынан шешілді. 2019 жылы Біріккен ұлттар ұйымы даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Энергетика министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша экология департаменті зерттеу жұмысын жүргізді. Шарын ерен тоғайының экологиялық жағдайы және антропогендік факторлардың әсерін саралау мақсатында құрылған комиссияның жұмысы жеміссіз де емес. Зерттеу барысында «У.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС» АҚ басшылығымен келіссөз жасалды. Шарын өзенінің су көлемін 60 м3/с көтеруге шешім қабылданды. Республикалық маңызға ие табиғат ескерткіші – Шарын ерен тоғайында 139 гектар аумақ маусым айында 4 рет тұрақты түрде суарылады. Алайда мұндағы басты кілтипан – каналдардың ескіруі. 2-3 террасадағы ерен және басқа да ағаштарды суару жұмыстарына суағар каналдың бітелуі қолбайлау болып отыр. Өйткені су келетін арнаны тазалау 30 жылдан бері жүргізілмеген. Паркке тиесілі арнаны тазалау мақсатында биыл әмбебап техника сатып алу жоспарланған.

Жалпы, «Шарын мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркінің» 2023-2027 жыл­дарға арналған ғылыми зерттеу жұмы­сы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мақұлдауымен жүзеге асырылады. «Был­тыр ерен ағашын зерттеу бағытында аумақтың географиялық-физикалық жағдайын анықтау барысында топырақ үл­гілері алынды. Олар стирильді арнайы тігілген қаптарға, тасымалдау ыдыс­тарына (бюкстерге) салынды. Құлаған ағаштардан алынған кесінділер, өсіп тұрған шағаннан жинақталған 58 ден­дроүлгі Астанадағы С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Орман шаруашылығы жа­байы табиғат және қоршаған орта факультеті, Орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасының зертханасында зерттеледі», деген Г.Нұрәліқызы ауқымды жұмыс нәтижесі жыл соңына дейін анықталатынын айтады.

Ұлттық парк инспекторларының күн­делікті қадағалауы арқылы түрлі ауру немесе зиянкестердің зақымдаған ошағы табылса, бірден қорғау шаралары жүзеге асырылады. Мысалы, биыл шегірткеге қарсы дәрілеу жүргізілген.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық зерттеу университеті Орман шаруашылығы жабайы табиғат және қоршаған орта факультеті Орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Құралай Мазаржанова шаған тоғайына зиян келтіретін зиянкестер, патогендік аурулар тіркелмегенін атап өтті. Зиянкес жәндіктер зақымдаған соғды шағаны анықталғанда, дереу алдын алу немесе қарсы шаралар жасалатындықтан кеңінен таралмайды. Бұл да мекеме қыз­меткерлері, орманшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін айтады ғалым. «Мекеменің Ғылым бөлімінде соғды шағанының табиғи жаңаруын анықтау барысында мониторинг жүргізіліп отырады Бұл да қорғау шаралары десек болады, егер табиғи жаңару болып, өскіндер әртүрлі себептерден шықпай қалған жағдайда оған қарсы шаралар да жасалады.

Ауа температурасы шектен тыс көте­ріліп, кенезеңді кептірер аптапта тоғай іші құрғап кететін болса, мамыр, маусым, шілде айларында қол күшімен айына 3-4 мәрте суарылады. Өйткені соғды шағаны ылғал сүйгіш ағаш болғандықтан, суды қажет етеді. Су келетін каналдарды тазарту кезінде егер қажет болған жағ­дайда кесілетін ағаш болса, комитет рұқсатымен жүзеге асырылады», дейді профессор.

Құралай Мұқажанқызы мен Түр­кияның Ыстанбұл Жерахпаша универ­ситеті орман факультетінің профессоры Унал Аккемиктің кеңесшілігімен докторант Әйгерім Нұрсұлтанова 2022-2024 жылдары соғды ерені тоғайына зерттеу жүргізген. «Зерттеу кезінде Шарын ерен тоғайында әртүрлі апаттардан құраған, сынған және жалпы өсіп тұрған ағаштардан дендроүлгілер климаттың тоғайға, яғни нақтырақ соғды шағанына әсерін анықтау барысында жинақталды. Соғды шағанының жылдық сақиналарына сүйене отырып, тоғайдың жалпы жасы, климаттық оқиғалардың әсері және хронологиясын зерттеу жұмыстары қазіргі таңда жалғасып жатыр. Соғды шағаны ылғал сүйгіш ағаш болса да ыстыққа төзімді, бірақ қазіргі зерттеу нәтижелері бойынша ағаштарға ыстық ауа температурасы қатты әсер етіп отыр. Жалпы, топырақ, су жағдайы қалыпты», дейді Қ.Мазаржанова.

Табиғат тамашасы, еншімізге бұйырған жақұтты қастерлеу, Шарын өзенінің аң­ғарын ажарландыра өскен ерен тоғайды сақтау – парыз. Өйткені ерен – осы өлкеде ғана өсетін өзгеше ағаш.