Аймақтар • 18 Қазан, 2024

Асылын ардақтаған ел озады

76 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Ш.Уәли­ханов атындағы Көк­шетау университетінде қо­ғам және мемлекет қай­рат­­кері, қазақ әдебие­тінің негізін салушылардың бірі – Сәкен Сейфулиннің 130 жыл­­дығына арналған кон­фе­­­ренция өтті.

Асылын ардақтаған ел озады

Конференция барысында ұлтының қа­мын жеген ақын-қайраткердің қоғамдық-саяси, әдеби тұлғасына тереңнен тоқталып, көне көмбенің қойнауындағы талай сыр маржандай тізіліп, ақтарылды. Жас толқынға бей­мәлім тарихи шындық бар мән-маз­мұнымен толайым өрнек­теліп, көкіректерге нәр болып құйылды. Мемлекет және қоғам қайраткері, абзал азамат, аяулы ақын Сәкен Сейфул­лин – қамшының сабындай қысқа ғұмырында кейінгі ұрпаққа өлшеу­сіз мол мәдени мұра қал­дырған ерен тұлға. Әде­биет­тің барлық жанрында қалам сіл­теген жаңашыл ақын, көрнекті қалам­гердің қаламынан туған көркем шығармалар өзінің шынайы сезі­мімен, көркем образдары, терең идеялары арқылы хал­қы­мыздың эстетикалық игілігін мей­лін­ше­ байытты. Асылында Сәкен өз шы­ғармалары арқылы қазақ әде­биетіне тұңғыш рет төңкерісшіл рух енгізді. Ақынның өлеңдері мен поэмаларында өзі өмір сүрген кезеңнің, дәуірдің, заманның образы, өзі де сол дәуірдің перзенті бол­ғандықтан, асқақ пафос­пен берілді. Ағар­ту­шылық, демократтық бағыт­та, сын­шыл реализм әдісінің арна­сын­да жазылған туындылары әлеу­­меттік-қоғамдық мазмұны, көр­­кемдік-эстетикалық ерек­ше­лігі, поэтикалық-ақындық қуа­ты қа­лам­­­­гердің табиғи үздік та­лан­тын, аза­маттық позициясын, пәл­са­па­лық дүниетанымын ай­қын бай­қатты.

Конференцияны жазушы-драматург Жабал Ерғалиев ашып, жүргізіп отырды. Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтау сөз сөйлегеннен кейін мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов ақын туралы ақжарма лебізін білдіріп, тереңнен толғап сыр шертті. «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы сол дәуірдің тынысын, Алаш қайраткерлерінің басынан кешкен алмағайып заманы, сан қилы сезімдердің арбасуы туралы айта келіп, ақынның тар жол, тайғақ кешкен тағдыры туралы нақты деректерді келтіре отырып, көз алдымызға сол бір қиын да қияпат заманның тұтас кескінін келтірді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов кестелі көркем тілімен дауылпаз ақынның дара бейнесін жан-жақты сомдап берді. Тарих ғылымдарының докторы, Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы Марат Әбсеметов ақынның қоғамдық-саяси жұмысы, әдеби шығармашылық, қаламгерлік өрісі туралы кеңінен толғады. Әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбек ақынның шығармашылық келбе­тін көркем сөзбен кескіндеді.

Сәкен Сейфуллин ақын-жазу­шы ғана емес, қазақ жұрты үшін үлкен істер тындырған мемлекет және қоғам қайраткері. Халық­шылдығымен дара, сон­дықтан, оның аяулы есімі жұр­тының жүрегінде. Қай заманда болсын ел мұндай перзентін әрдайым қастерлейді. Халық­шыл қасиеті дауылпаз ақынды басқа қайраткерлерден ере­к­ше­леп, тұлғасын даралап, бар сыр-сымбатымен тарих бетте­рінде жарқырап көрінуіне жол ашты.

 

Көкшетау