Аймақтар • 18 Қазан, 2024

Егіндікөлдегі жүйелі жұмыс

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аудандағы 23 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етудің негізгі көзі саналатын Нұра топтық су құбырын жаңарту жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды.

Егіндікөлдегі жүйелі жұмыс

Жалпы ұзындығы 68,7 ша­қырым желінің тозған тұста­рын алмастырып, жаңарту жұ­мыс­тары толық аяқталып, су бері­ле бастады. Сөз арасында 337 ша­қырымдық су құбыры Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарының 14 мыңнан астам тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етеді. Тозығы жеткен құбырдың жайы бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындары үшін өткір мәселеге айналып келген еді.

– Бұл мәселені Мемлекет бас­шысы ерекше бақылауға ал­ды. Жаңарту жұмыстары бастал­ғанға дейін магистралды су құ­бырының 90 пайыздан астамы апатты жағдайда болды, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ах­метжанов, – апаттың жиі орын алуы халыққа айтарлықтай қо­лай­сыздық туғызды. Маңызды мәселені шешу мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі 2022 жылы Нұра су құбырын жаңарту, қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді бастаған еді. Ауқымды шара сәтімен аяқталып, халық судан тапшылық көрмейтін болды.

Жаңарту жұмыстары маман­дандырылған мердігер ұйымдар­ды тарта отырып, кезең-кезеңмен жүргізілді. Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылының бас құрылыстарынан Егіндікөл ауылына дейінгі магистралды желілердің әбден тозығы жеткен бөлігіндегі жұмысты сәтті аяқтаған «Bertys Construction» серіктестігінің тиянақты жұмысын атай кеткен жөн. Мердігер 68,7 шақырым су құбырын салып, оның бойына 78 құдық орнатты. Жаңа желілер Қарғалы, Жан­теке, Құмкөл, Тоғанас елді ме­кен­­дері тұрғындарының суға де­ген сұранысын өтейді. Желі бойын­­дағы кейбір құбырларды жуу, тазарту жұмыстары толық аяқталды.

– Халықтың өтінішіне құлақ асқан басшыларға мың алғыс. Осы бір жанашыр қадам ел іші­не жақсылық лебі болып тарады, – дейді Егіндікөл ауылының тұрғыны Бегіндік Әбілов, – енді ауыл тұрғындары өзге өңірге жай­лы жер іздеп, қоныс аударуын тоқ­тататын шығар.

Биыл Үкімет резервінен Егін­ді­­­көл, Қорғалжын аудан­дарының су қабылдағыш құрыл­ғыларын жаңғыртуға қосым­ша қаражат бөлінді. Жаңа су құбыры екі аудан тұрғындарының таза ауызсуға үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз етпек.

 

Ақмола облысы