Сенат • 18 Қазан, 2024

Халықты тұрғын үймен қамту тетіктері

98 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, онда сенаторлар тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңды қарады.

Халықты тұрғын үймен қамту тетіктері

Ұлттық даму институты болып қайта құрылады

Отырыс барысында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұр­ғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін аталған заң арқылы 5 кодекске және 16 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң аясында «Отбасы банкін» ұлттық даму институты ретінде қайта құру көзделіп отыр. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың мұқтаждар үшін тұрғынжайды есепке алуды, қоюды және бөлуді жүзеге асыру жөніндегі функциялары банкке беріледі. Сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаждар туралы мәліметтерді қамтитын, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орта­лығы» электрондық базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингілеу және өзектен­діру жөніндегі функциялар да аталған банкке жүктеледі.

Халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдерінің мүдделерін қорғау үшін заң арқылы бас­панаға мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балаларды олар кәмелетке толғаннан кейін де есептен шығаруға жол бер­мейтін бап ұсынылды. Бұған қоса мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наг­рад­тал­ған немесе бұрын «Ба­­тыр Ана» атағын алған, сон­дай-ақ I және II дәрежелі «Ана даң­қы» ор­ден­дерімен наградтал­­­ған көпбалалы аналар, көпба­лалы отбасылар, толық емес отбасылар, жесір әйелдер (тұл ер адамдар) және тағы басқа заңмен белгіленген тұлға­лар тұр­ғынжайға мұқтаждар есебі­нен шығарылмайды.

Сондай-ақ мемлекеттік тұр­­ғын үй қорынан берілетін тұр­­ғын үйлердің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызы бірінші кезектегі құқығы бар аза­маттарға, оның ішінде соғыс ардагерлеріне, I және II топ­­тағы мүгедектерге, ата-анасы­­ның қамқорлығынсыз қал­­ған балаларға, көпбалалы отба­сы­ларға, жесірлерге (тұл ер адам­­дарға) және басқа да осал сан­аттарға берілетін норма ен­гізіледі. Жер кодексі шеңберінде жер учаскелерінің барлық мен­шік иелеріне оның нысаналы мақсаты өзгерген кезде жер учас­­кесінің кадастрлық (баға­лау) құ­нына тең соманы бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін беру көзделеді.

 

Заңды Мәжіліске қайтарды

Жалпы, сенаторлар заңды концеп­туалды түрде қолдады. Алайда олар құжатты қарау кезінде меншік иесі тұрғын үйді коммуналдық тұрғын үй қоры­нан алған кезде коммунал­дық меншікке берілуге тиіс апатты деп танылған жал­ғыз тұрғын үйді беру жөнін­дегі норманы нақтылау бөлі­гінде түзетулер енгізді. Сон­дай-ақ республикалық маңы­зы бар қалалардың, аудан­дар­дың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен бірге елорда әкімдігіне жергілікті бюджет қаражатынан сыртқы қабырғаларды реконструкция­лау, ағымдағы немесе күрделі жөн­деу жөніндегі құзырет­ті бекітуге қатысты түзетулер ұсынылды. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп танылған азамат­тар үшін өтпелі жағдайды көздейтін заңның 2-бабы бойынша да түзетулер қарастырылды. Осыған байланысты Сенат депутаттары заңды өздері ұсынған түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

«Мемлекет басшысы халық­тың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға үнемі баса мән беріп келеді. Осы ретте бүгін қаралған заң арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруды көздейтін түзетулер топтамасы мақұлданып отыр. Соның аясында Отбасы банкінің құзыреті кеңейтіліп, оған Ұлттық даму институты мәртебесі беріледі. Өзгерістерге сәйкес, Отбасы банкі тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және тұрғын үйді бөлу функцияларын атқарады. Сондай-ақ барлық мәліметті қамтитын бірыңғай республикалық электрондық базаны жүргізеді. Осы және басқа да түзетулер бұл саладағы жа­рия­лық пен ашықтықты қосым­ша қам­тамасыз етуге мүм­кіндік береді. Тұрғын үй заң­намасын жетілдіруді көздей­тін өзге де бірқатар түзету мақұлд­анды. Заңды қарау барысын­да сенаторлар өздерінің ұсыныс­тарын да жеткізді. Олар тұрғын үйге мұқтаждардың тізімін­де тұрған жекелеген са­нат­тағы азаматтардың мүдде­лерін қорғауға арналған. Алдағы уақытта заң тұрғын үй жағ­дай­ларын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Әуе компаниялары жолаушы құқын бұзып келеді

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Андрей Лукин әуе компания­лары рейстерінің кешігуі жүйелі сипат алғанына назар аударды. Сенатордың айтуынша, жолаушыларға қызмет көрсету стандарттарын реттеу жөніндегі шараларды қатаңдату, ұшақтардың техни­ка­лық жай-күйін жіті бақылауды қамтамасыз ету және әуе компанияларының жария рейтинг жүйесін енгізу қажет.

«Қазақстан Республикасы­ның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына сәйкес тасымалдау­шылар ұшу тәртібі өзгерген жағдайда жолаушылар алдында жауапты болады. Атап айтқанда, ұшақ әуе компаниясының кінәсінен кешіккен болса, жолаушыларға төрт сағаттан аса күткені үшін ыстық тамақ және бес сағаттан аса кешіккенде қонақүйде тұру сияқты қажетті қызметтерді көрсетуге міндетті.

Алайда тәжірибе көрсет­кен­дей, көптеген авиакомпания бұл талаптарды үнемі бұзып келеді. Сенатор осы заң бұзылуын растайтын соңғы оқиғалардан мысалдар келтірді. Бір кезде «Air Astana» әуе компаниясының KC897 рейсі ұзақ уақытқа кешігіп, жолаушылар түсуге мүмкіндігі болмай, қапырық салонда күтуге мәжбүр болған. Тағы бір жағдай FlyArystan әуе компаниясына қатысты. Ол рейс кешіккен кезде міндетті қызметті көрсетпегені үшін айыппұл салынған. Жолаушыларға сол кезде не қонақүйге орналасуға ұсыныс жасалмаған, не тиісті ақпарат айтылмаған. Бұл көңіл толмастық пен келеңсіздік туын­датты.

«Азаматтар кейінгі екі айда еліміздегі әуежайларда рейстердің жаппай кешігуіне жиі шағымданған. 12 тамызда KS860 Ақтау – Алматы рейсі 13 сағаттан аса уақытқа кешіккен, бірақ авиакомпания жолаушыларға балама рейс немесе түнеп шығатын орын туралы ұсыныс жасамаған. «Air Astana» әр жолаушыға өтемақы ретінде 2 мың теңгелік ваучер беріп, наразылық туындатты. Бүгінгі таңда бұл мәселе маңызды болып отыр», деді А.Лукин.

Сонымен қатар сенатор көбінесе техникалық ақаулар, ауа райының қолайсыздығы және әуежай жұмысындағы кемшіліктер де кешігуге себеп болатынын атап өтті. Әуе қатынасы сапасының нашарлауы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлы ұшуына кері әсерін ететіндіктен, мәселе билік тарапынан назар аударуды талап етеді.

«Ұшақ кешіккен кезде қызмет көрсету стандарттарын қатаңдатуды ұсынамын. Ұшақтардың техникалық жағ­дайын қатаң бақылауды қам­тамасыз ету керек. Авиа­ком­паниялардың ұшу тәрті­бін сақтау жөнінде жария рейтингін енгізу керек, бұл қызмет көрсету сапасын арттыру­ды ынталандырады. Жолау­шы­лардың өтемақысын жабу мақсатында авиакомпанияларды рейстердің кешігуінен міндетті түрде сақтандыру енгізу керек. Кешігуге жиі тап болатын жолаушыларға арналған ниеттестік бағдарламасын жасау керек», деді сенатор.

 

Алименттің әділ мөлшерін белгілеу қажет

Сенатор Жанна Асанова Үкіметті алименттердің неғұр­лым әділ әрі байыпты мөлшерін анықтау бөлігінде неке және отбасы заңнамасының нормаларын қайта қарауға, баланың жасына және басқа да әлеуметтік қажеттіліктеріне байланысты ай сайынғы негізгі қажеттілік­тер­ді егжей-тегжейлі талдауға шақырды. Мұндай қадамға алимент төлеушілер өз табыстарын қасақана төмендету жағдайлары себеп болып отыр.

Оның айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте алимент бір балаға ата-ана табысының төрттен бірін құрайтыны көр­сетілген. Алимент төлейтін ата-ана көбінесе іс жүзінде ең тө­менгі жалақыны 85 мың теңге етіп көрсетіп, кірісін төмендетіп жү­реді. Нәтижесінде, бір балаға али­мент небәрі 22 мың теңгені құ­райды. Бұл тәуелсіз сарап­шы­лардың бағалауы бо­йын­ша айы­на 130 мың теңгеге жете­тін баланың нақты қажет­тілігі ту­ралы айтпағанда, ең төменгі күн­көріс деңгейінен әлдеқайда аз.

«Біздің еліміздегі әрбір бала тек тамақ пен киім ғана емес, сонымен қатар білім алуға, медициналық қызмет пен басқа да әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуді қамтитын лайықты өмір сүру деңгейіне құқылы. Алимент мөлшерін анықтаудың қолданыстағы тәртібі ескірді және баланың жас ерекшелігі де ескерілмейді. Бұл балалардың әлсіздікке душар болуы мен толыққанды дамуына қажетті ресурсқа қол жеткізе алмауы­на әкеледі. Қазіргі уақытта біздің еліміздің заңнамасында алименттің ең төменгі мөлшері туралы түсінік жоқ, өйткені олар алимент төлеушінің кіріс мөлшеріне қарамастан үлестік қатынаста есептеледі. Мұның бәрі өндіріп алынатын алимент мөлшерін азайту мақсатында төлеушіге өзінің нақты табысын жасыруына алып келеді», деді Ж.Асанова.

Депутат сот арқылы алимент мөлшерін өзгерту немесе оларды белгіленген мөлшерде таға­йындау мүмкіндігіне қара­мастан, борышкердің нақты кірісін еңбек қатынастарының ерекшелігіне байланысты дәлелдеу қиын екенін атап өтті.

«Отбасылық жағдай мен балалар саны және олардың нақты қажеттілігін ескере отырып, алименттің неғұрлым әділ мөлшерін белгілеу үшін неке-отбасы заңнамасы­ның ережелерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Жасына және әлеуметтік факторларға байланысты балалардың негізгі қажеттілігіне талдау жасау керек. Алиментті төмендетудің алдын алу үшін жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандардың кірістерді жасыруын анықтау тетігін әзірлеу керек», деді Жанна Асанова.

Палата отырысында басқа да сенаторлар да өз сауалдарын жолдап, қоғамды алаңдатқан түрлі мәселеге қатысты ойы мен ұсынысын ортаға салды.