Қоғам • 18 Қазан, 2024

«Қалжыңы орынсыз болды». Спорт министрі Черчесовке кешіріммен қарауды сұрады

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі күндері Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен тарады. Бапкердің бұл әрекетіне қатысты Туризм және спорт министрлігі футбол федерациясынан түсініктеме талап еткен еді, деп жазады Egemen.kz.

«Қалжыңы орынсыз болды». Спорт министрі Черчесовке кешіріммен қарауды сұрады

Фото: port-express.ru

17 қазан күні Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әлеуметтік желідегі парақшасында Станислав Черчесовтің қалжыңы орынсыз болғанын атап өтіп, десе де кешіріммен қарауды сұрады. Оның кәсіби қызметіне қарап баға беру керек екенін ескертті. 

«Құрметті достар!
Әрине, Станислав Черчесовтің «француз тіліне» қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді.
Дегенмен, Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын.
Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал.
Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік.
Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін.
Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап жүрейік», делінген министрдің жазбасында. 

Бұған дейін ведомоство федерациялар министрлікке бағынысты болып табылмайтынын айтып, дегенмен ұлттық құндылықтарға құрметпен қарау ісіне бей-жай қарамау керек екенін жеткізген

Ал футбол федерациясы Станислав Черчесовтің қазақ тілін белсенді үйреніп жүргенін және сол оқиғада «әзілдемек» болғанын мәлімдеген.