ANTIKOR • 18 Қазан, 2024

«Интергаз Орталық Азия» басқармасының бірінші орынбасары сотталды

108 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Интергаз Орталық Азия» АҚ Қызылорда магистральдық газ құбырлары басқармасы директорының бірінші орынбасары сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Интергаз Орталық Азия» басқармасының бірінші орынбасары сотталды

Фото: 24.kz

Қызылорда қалалық соты «Интергаз Орталық Азия» Акционерлік қоғамы Қызылорда магистральдық газ құбырлары басқармасы директорының бірінші орынбасары Н. Нұрболатұлына қатысты үкім шығарды.

Нұрболатұлы «Orda Glass LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сметалық құнын асыра бағалау және «Шыны зауытын резервтік газбен жабдықтау газ құбырын салу» объектісі бойынша орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы 60,1 млн теңге сомасында мүліктік залал келтіргені үшін кінәлі деп танылған.

Сонымен қатар ол объектіні салу кезінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолы учаскесін механикалық кесу арқылы мемлекеттік мүлікке қасақана зақым келтіргені үшін сотталды.

Сот үкімімен Нұрболатұлына 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқаруға 3 жыл мерзімге тыйым салу жазасы тағайындалған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.