Шардара ауданының тұрғыны Раушан Үзденбаева бала күтімі бойынша демалысқа шыққанына қарамай, бір жылдан бері кә-сіпкерлікпен айналысып келеді. Ағарғаннан, яғни айран-сүттен түрлі құрт, ірімшік, «чечел» секілді өнім жасайды. Кәсіпкер 1 млн 476 мың теңге грант қаражатына айран-сүт өңдейтін аппараттар сатып алған. Сондай аппараттың бірі – бірнеше минут ішінде айран пісіп май түсіретін, электр қуатымен жұмыс істейтін күбі. Бұрын күбі пісуге біршама уақыт жоғалтатын. Көп жұмыс қолмен жасалғандықтан күндіз тынбай еңбек етіп, кешке қатты шаршайтын. Ал электр қуатымен жұмыс істейтін күбі май шайқағанға жақсы, әп-сәтте айраннан май түсіріп береді. Қондырғыны Түркиядан арнайы тапсырыспен сатып алған. Мемлекет ұсынған қолдауға ризашылығын білдірген кәсіпкер гранттық конкурсқа қатысуға бизнес жобасын әзірлеп, байқауда жеңімпаз атанғанын айтады.
Осы кәсіпті бастамай тұрып Р.Үзденбаева мақта саласында, яғни өңдеу зауытында еңбек еткен. Бірақ табиғатынан іскерлікке жаны құмар келіншек декреттік демалысқа шықса да, қарап отыра алмапты.
Үйдегі балалардың құртты жақсы көруі мен күн сайын жиналып қалатын айран-сүттің молдығынан идея туындап, істі бастауға себепкер болған. Ұлттық тағам – құрттарды да дәстүрлі дөңгелек пішінде емес, әртүрлі формада жасайды. Соның ішінде «Бөрте құрты» тұтынушылардың жоғары бағасын алған. Сонымен бірге кәсіпкер ірімшікке ұқсайтын майдың тортасын сатады. Раушанның құрттары вакуумды пакетке оралған. Ол өнімді өте ұзақ уақытқа сақтауға мүмкіндік береді. Құртқа түрлі-түсті дәмдеуіш қосып, сан-алуан түске боялған түрін жасап шығаратын кәсіпкер келіншектің өнімдері тек елімізде емес, шетелге де шығарылып жатыр. Әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жарнамалап, сонау Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік Кореядан тапсырыс алған екен. Кәсіпкер ысталған құртты ай сайын Оңтүстік Кореяға жіберіп отыратынын айтады. Сол секілді Дубайға да құрт жібереді. Жалпы, Раушанның құрттарына тапсырыс беруші көп. Ендігі кезекте кәсіпкер қазақтың мақтанышы болған ұлттық тағам – құртты жан-жақты насихаттап, саудасын жандандырмақ.
Шардара ауданының Нәлібай елді мекенінде туып-өскен Раушан Үзденбаева бала кезінен ағарғаннан түрлі өнім жасауға қызыққан екен. Бойындағы қабілет пен талабы ақырында осы кәсіпке алып келген. Бүгінде «Раушан құрттар әлемі» фирмасы айына мыңдаған құрт жасап шығарады. Оған шикізатты жергілікті кәсіпкерден алады.
«Ірі қара мал бағатын кәсіпкер Бақытжан Серманизовпен келісімшарт жасағанбыз. Соған сай кәсіпкер шикізатты, яғни айран-сүтті үйге жеткізіп тастайды. Агроқұрылым сиырларының сүті суалғанша шикізатты солардан аламыз, ол таусылған соң ауылдың қара малы бар басқа азаматтарынан жинаймыз. Үйде осы тірліктің бәрін жалғыз өзім атқарамын. Кішкентай бөпем бар. Оған анам қарайды. Күйеуім өңірдегі Қызылқұм мақта өңдеу зауытында жұмысшы болып еңбек етеді. Бес түрлі өнім шығарамын. Табыстың басы құралып, пайдасын бере бастады», дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ кәсіпкер сүттің бағасын сары май өндіру арқылы шығарып отырғанын, соның нәтижесінде құрт оған таза пайда болып келетінін айтады. Алдағы уақытта тағы да конкурсқа қатысып, 5 млн теңгенің грантын ұтсам ба деген жоспарын да жасырмады. Басқа да қондырғылар сатып алып, өндіріс ауқымын ұлғайта түспек.
Мемлекеттік грант көмегімен кәсіп ашқандар Сарыағаш ауданында да көп. Мысалы, Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Құндыз Иргашева мемлекеттік грант қаржысына асылтұқымды түйе сатып алған. Бүгінде үй іргесінде шұбат сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал Карина Хачикова аспаздық бағытты таңдапты. Мемлекет қолдауының нәтижесінде жеке кәсібін ашып, ұннан жартылай фабрикат, түрлі ұлттық тағам әзірлейді. Тәттілері тағы бар. Аспаздың дәмі тіл үйіретін асын жұрт таласып алатын көрінеді.
«Қамырдың барлығын қолмен жаямын. Тұшпараны да қолдан түйемін. Сонда ас дәмді шығады. Етпен және асқабақпен түйілген екі түрлі манты жасаймын. Самса пісіруге арналған дайын қамырды да әзірлеймін. Өнімдерімді супермаркеттерге өткіземін. Тікелей осы жерден алып кететін тұрғындар да көп. Жалпы, сұраныс жақсы. Былтыр мемлекеттік грантқа ие болып, ол қаражатқа асханаға қажетті тоңазытқыш, мұздатқыш тағы да басқа қажетті дүниелер алдым», дейді грант иегері.
Аспаз ауыл жастарына да қол ұшын созып, тәттілер пісіріп, қамыр жаюды үйретіп жүр.
«Мектептен қайтқан оқушы қыздар асханама келгенде «маған да үйретіңізші» деп қолқа салып жатады. Әрине, білгенімді неге үйретпеске? Қыз болған соң ас пісіруді, қамыр жаюды міндетті түрде білуі керек», дейді кәсіпкер Карина.
Айта кетелік, өткен жылы Сарыағаш ауданында 150 азаматқа жаңа бизнес идеяларға қайтарымсыз грант берілсе, биыл 145 азаматқа грант беру жоспарланып отыр.
Түркістан облысы