Кез келді асқақтатар Қазақ атын,
Көтеріп биіктерге азаматын.
Ту етіп бірлігіңді, Қазақ Елі,
Бәйгенің алды болсын қазанатың.
Бір болар, Қазақ Елі, заман келді,
Жебейтін намысыңды самал келді.
Өйткені талай зұлмат күндерден де,
Жоғалмай ата-дәстүр аман келді.
Жағаға жармаспастан қысылғанда,
Жүргізгін ынтымақпен ісіңді алға.
Қалдырған бабалардың ұлағаты –
Күпірлік жараспаған мұсылманға.
Бұл күнде болмасыншы жаныңда мұң.
Ешқашан ешкімге де жалынбағын,
Төрінде өз жеріңнің Қазақ Елі,
Көсіліп сәйгүліктей арындағын.
Оралды ана тілің теңдігіңмен,
Жалтақтап жасқанамыз енді кімнен?
Ұлтыңды өзің көтер, Қазақ Елі,
Жұртқа да үлгі болып кеңдігіңмен.
Жасағын тірлігіңді мың арнада,
Еңсеңді тік ұстағын, бұраңдама!
Тектілік жарасады самғағанда,
Сән беріп биіктегі қыранға да!
Осы өлең жолдары Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың былтырғы жыл басында жария етілген, Қазақстан халқына арналған
«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты тарихи Жолдауынан кейін жазылған еді. Жолдауда қазақ халқы үшін өте маңызды екі идея ортаға тасталды. Оның біріншісі – «Мәңгілік Ел», екіншісі – «Қазақ Елі». Екі ұғым да барлық қазақстандықтар үшін ортақ, түсінікті, ұлттық идеологияның негізі болатын идеялар екені даусыз.
Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт өкілдері арасында да қолдау тапқан қос идея – құстың қос қанатындай, рухтың қос пырағындай қабылданды, елдің еңсесі тағы да бір биікке көтерілді, ата-бабамыздың тағы бір арманы орындалғандай бәрімізді мақтаныш сезімге бөледі.
Қиын да қатерлі кездерде бар ауыртпашылықты өз жауапкершілігіне алатын Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауында «Мәңгілік Ел» болудың маңыздылығын тағы да айтып, Қазақ елінің болашағы жолындағы Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жариялады. Басқа бір де бір елде ешкімнің ойына келмеген бастамалар жасады. Дәл осындай қадамдарға тек қана аяғында нық тұрған, болашағына сеніммен қарай алатын, әлеуеті мықты мемлекет қана бара алатындығын айтты.
Шындығына келгенде, бізге жалтақтауға ешқандай да негіз жоқ. Оған бірнеше себептер бар.
Біріншіден. Қазақстанның етек-жеңі қымтаулы. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың күндіз-түнгі еңбегінің, жоғары дипломатиялық қасиетінің, биік адамгершілігі мен азаматтығының, көрші елдердің көшбасшыларымен тіл табыса білуінің, өзінің сұңғыла саясаткерлігінің арқасында мемлекетіміздің шекаралары барлық мемлекеттермен толық, халықаралық шарттар негізінде бекітілген. Бүгінгі таңда бір де бір көрші мемлекеттің Қазақстанға жер жөнінде, шекара жөнінде қоятын қандай да бір талабы, не келіспеушілігі жоқ. Бұл – Қазақ елі тарихында болмаған нәрсе. Бұндай жағдай бұрынғы Кеңес Одағынан бөлініп шыққан, егемендік алған басқа мемлекеттердің бірінде де жоқ. Ал, Украина шекарасында шешілмеген нәрсе шашетектен. Шекарасы заңдастырылмаған, демаркация мен делимитациядан өтпеген қай мемлекеттің болса да тәуелсіздігіне қауіп көп. Территорияға көз тігудің де басты себебі сол.
Екіншіден. Қазақстанның сыртқы саясаты дұрыс жолға қойылған. Басқаларды айтпағанда, біздің мемлекет көрші елдердің барлығымен дерлік мәңгілік достастық жөніндегі шарт жасасқан санаулы мемлекет. Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына, Түркі Кеңесіне, қала берсе Ислам мемлекеттері ұйымына мүше болуының өзі де көп нәрсені аңғартады. Бір сөзбен айтқанда мұның бәрін біз «Тәуелсіздікті сақтандыру» шаралары деп айтуымызға болады.
2015 жылдың қаңтарынан жұмыс істей бастаған Еуразиялық экономикалық одақ туралы да өзіміздің арамызда әңгіме көп. Біреулер бұны бұрынғы Кеңестер дәуіріне оралу десе, біреулер – Ресей құрамына кіру әрекетіне балайды. Бұның барлығы – мүлдем кереғар пікірлер.
Тәуелсіз Қазақстан енді ешкімнің қолтығына кірмейді, кіруі де мүмкін емес. Бірақ көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізу – біздің мемлекет үшін өмір талабы. Себебі, бізге тарих пен табиғат алпауыт мемлекеттерді көрші етіп берген. Олардың мемлекет ретінде тарихы да терең, көлемі де үлкен. Солтүстіктегі көршіміздің үздіксіз өмір сүріп келе жатқан мемлекет ретінде мың жылдық, ал шығыстағы көршіміздің бес мың жылдық тарихы бар.
Бүгінде Қытай – халық саны жағынан бірінші, экономикалық қуаты жағынан екінші, ядролық қару-жарағы жағынан үшінші әлемдік держава болса, Ресей – жер көлемі жағынан бірінші, ядролық қару-жарағы жағынан екінші, экономикалық қуаты жағынан сегізінші держава. Қазақстан Ресеймен 7512 км, ал Қытаймен 1782 км ұзындықтағы шекарамен шектеседі. Қазақстанның оңтүстігінде әлі де саясаты тұрақталмаған, соғыс дүмпуі басылмаған Ауғанстан, ар жағында дүниежүзілік қақтығыстардың ортасында отырған Ислам әлемі жатыр.
Осының барлығын жинағанда Қазақстан Президентінің Еуразиялық экономикалық одақ арқылы экономиканы дамыту, сыртқы және ішкі саясатты тұрақты ұстап тұру бастамасы бірден-бір көрегендік саясат екендігіне көз жеткізуге болады. Біраз сарапшылар Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық одақ туралы идеясы 20 жылдан соң іске асты деп айтып жүр. Дұрысы – осы одақтың қажеттілігін біздің Елбасымыз осыдан 20 жыл бұрын болжаған, ал қоғам, соның ішінде әріптес елдер оған енді ғана дайын болды.
Үшіншіден. Қазақстанда іргесі бекем, керегесі кең, шаңырағы биік мемлекеттік жүйе қалыптасқан. Сол шаңырақтың астында үш тармақты билік жемісті жұмыс жасап келеді. Қайта-қайта қайталанған дүниежүзілік дағдарыс кезеңінде президенттік басқару жүйесі ұтымды шараларды уақытында қабылдауға мүмкіндік беруде. Қазіргі дағдарысты ерте болжаған Елбасының тапсырмасымен, жедел түрде билік пен жауапкершілік салмағы жергілікті атқарушы органдарға беріліп, 17 министрлік, 9 агенттік және 54 комитеттің орнына 12 министрлік пен 30 комитеттен тұратын ықшам Қазақстан Үкіметі жасақталды және ол аз уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық саясаттың алғашқы кезектегі шараларының жол картасын әзірлеп үлгерді.
Маңыздысы – кең пейілді, ер жүректі, пайымы терең, рухы биік, дана Халқымыз бар. Халқымызды басқарып отырған, дүниежүзі мойындаған, алыстағыны болжай білетін, елін сүйген, елі сүйген Президентіміз бар. Әдетте, Елбасы туралы жақсы пікір айтсаң, жағымпаздық деп түсінетіндер де жоқ емес. Бірақ, туған халқы үшін бар күшін сарп ете жүріп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, бойындағы Тәңір берген бар қасиетінің, жоғары парасаттылығы мен азаматтығының, елінің алдында барды – бар, жоқты – жоқ деп айтатын шыншылдығының арқасында Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанды осы дәрежеге жеткізді. Бүгінгі күніміз бен кешегімізді салыстыруға бола ма?
Қалаларды айтпағанда, жолы мен мектебі жөнделмеген, еш болмағанда бір нысан жаңадан салынбаған Қазақстанда ауыл қалды ма?
Демократияны басты қағида етіп, түрлі-түсті төңкеріс жасап, президенттерін де, парламентін де, үкіметін де қайта-қайта сайлап жатқан елдердің қайсысы оңып жатыр? Билік үшін саяси қақтығысы ондаған жылдарға созылып, қаласы майданға айналып, даласы аймандай болған Украинаның бүгінгі жағдайын бәріміз де көріп отырмыз. Ертеңінің де не болары белгісіз елдің еңсесі көтерілгенше қаншама уақыт керек, жазықсыз қырылған тұрғындардың орны мәңгілік толмайтыны да белгілі.
Соңғы кездері Қазақ мемлекеттігі туралы да түрлі пікірлер айтылып жүр. Бұрын-соңды қазақта мемлекет болмады деген пікірге біз де қосылмаймыз. Қазақтың сайын даласы ешқашан да иесіз жатқан емес. Кешегі отаршылдық психологиясы санамызға сіңдірмек болғандай «көшпенді тайпа, бұратана халық, тексіз ел» емеспіз. Сан ғасырлар бойы дәуірлеген мемлекеттеріміз болған. Керек болса, Қазақ хандығы сол мемлекеттіктің бір формасы. Сондықтан да алдағы болатын айтулы оқиғаны, кейбір тарихшылар айтып жүргендей «Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығы» емес, Елбасы айтқандай «Қазақ хандығының 550 жылдығы» деп атап өткен жөн. Себебі, зерттелмеген нәрсе көп, қазақ тарихының ашылмаған беттері аз емес, қазақ мемлекеттігінің тамыры одан да тереңде жатуы мүмкін. Тіпті, сонау XIII ғасыр тарихшыларының деректерінде Алтын Орда хандары «Қыпшақ патшалары» деп аталды. Алтай тауларынан Дунайға дейін ұлан-ғайыр аймақты қамтыған Алтын Орда атты алып мемлекеттің шығыс бөлігі «Көк Орда» деп аталып, ол атақты қаламгер Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде айтылғандай, «негізінен қазіргі Қазақстан Республикасының территориясын қамтыған».
Халқының басым көпшілігі де қазақтар болған. Ал «қазақ» деген термин сонау 1200 жылдары Египетте жазылған «Араб-қыпшақ» сөздіктерінде де қолданылған деген деректер бар. Сайып келгенде Қазақ елі тарихында зерттелетін нәрселер көп. Оны тарихшылардың еншісіне қалдырайық. Бірақ, халқымыздың тарихын, бабаларымыздың ерлігін биіктете отырып, қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің де тарихи орнын төмендетпеуіміз керек. Қазақ мемлекеттілігінің болғанын жоққа шығармай, дәл қазіргідей, мемлекеттіліктің барлық принциптері сақталған, шекарасы түгелденіп, заңдастырылған, дүние жүзі санасқан, абыройы асқақ тәуелсіз мемлекет бұрын-соңды құрылмағанын да мойындауымыз керек. Соның басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тұрғанын, сол мемлекеттің керегесі берік, шаңырағы биік болуы Елбасының аянбай еткен еңбегінің жемісі екенін неге айтпасқа?
Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің «Президенттің жұмыс кестесі: 2014 жылдың негізгі қорытындылары» атты ауқымды сараптамалық материалы жарық көрді. Онда Елбасының бір жыл ішінде атқарған ауыр да ауқымды, жауапкершілігі өте жоғары жұмыстары терең баяндалған. Оны оқыған оқырманның мемлекетімізде болып жатқан тарихи құбылыстардың ортасында отырғандай болатыны анық.
Тек бір жылдың өзінде Елбасы 700-ге жуық хаттамалық іс-шараларға қатысыпты, бұл күніне кем дегенде 2 шараға қатысу деген сөз, оның 150-і халықаралық сипаттағы іс-шаралар екен. Мемлекет басшысының халықаралық ынтымақтастық аясында 17 саммитке қатысуы, екіжақты қарым-қатынастар бағыты бойынша 8 мемлекетке жасаған сапары қаншама күшті, денсаулықты, уақытты талап ететінін айтпай-ақ түсінуге болады. Бұл ресми шаруалардың бір парасы ғана.
Елбасының тікелей бастамасымен іске асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да өз жемісін бере бастады. Жақында индустрияландыру күні аясында өткен жалпыұлттық телекөпірде Н.Ә.Назарбаев: «...Тұтастай алғанда, индустрияландырудың бірінші бесжылдығы жаһандық экономиканың алмағайып жағдайында дағдарысқа қарсы ден қоюдың теңдессіз тәжірибесін берді», деді.
Елбасының келтірген мәліметтеріне қарағанда 5 жылда бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді, барлығы 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылған, еңбекақысы лайықты, мүлде жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылған, инфрақұрылым базасы кеңейтіліп, 4 мың шақырымнан астам автожолдар, 1700 шақырым теміржол желісі салынып, жаңғыртылған.
Ең маңыздысы – біз өмірге, өндіріске қажетті нәрселердің басым көпшілігін өзімізде шығаруға қол жеткізіппіз. Ішкі нарығымыз құрылыс материалдарымен 80 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерімен де 80 пайызға қамтамасыз етілген. Энергия тасымалдау мен отын ресурстары жетерлік.
Осының бәрін сараптай келе, Елбасы: «Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Өзіміз-ақ өмір сүре аламыз. Бұл – біздің тәуелсіздігіміздің басты қағидасы», деді.
Әрине, Қазақ елінің бүгініне лайықты талдау жасап, баға берген, болашағын айқындап, бағдар ұсынған басты құжат Елбасының 2014 жылғы 11 қарашада жариялаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арналған Жолдауы.
Мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев әр жылы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнайды. Елбасының әр Жолдауының бір-біріне ұқсамайтынын, әр кезде сол кезеңге лайықты мәселелерді қамтитын, лайықты шешімдер қабылданатынын жақсы білеміз. Бірақ, барлық Жолдаулардың түпкі мақсаты біреу ғана – ол халықтың мүддесі, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, жастардың болашағы, жеріміз бен еліміздің тұтастығы, ел бірлігі, Тәуелсіздігіміздің баяндылығы. Президентіміздің Жолдауларын Қазақстан халқы жыл сайын күтеді, жақсы түсінеді, түпкі мақсатын толық ұғынады. Оған ешқандай да күмән жоқ.
Биылғы Жолдаудың орны ерекше. Ең негізгі ерекшелігі – оның қарапайым тілмен, халықтың жүрегіне жететіндей етіп жасалуында. «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деген тақырыптың өзі оның бар мазмұнын ашып тұр.
Бүгін әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отырған шақта, әлемдік нарықта баға құлдырап, тұтастай жаһандық экономиканың өсімі баяулаған кезде Қазақстан осы толқынға қарсы тұрарлық өз бағытын айқындады. Ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ екендігін ескеріп, кейбір позицияларды жедел қайта қарап, алдағы жоспарларға түзетулер енгізе отырып, Елбасы өзінің Жолдауы арқылы Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялады. Жаһандық дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруда Қазақстан тағы да алға шықты. Экономиканы тұрақтандыру үшін, халықты әлеуметтік қорғау шараларына Ұлттық қордан қаржы бөлді. Бұл қаржылар еліміздің экономикасына жедел өсім, жұмыспен қамтуда аса үлкен тиімділік беретін салаларға жұмсала бастады. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Ұлттық қордан бірінші кезекте 500 млрд. теңге, алдағы үш жылда жыл сайын 1 млрд. доллардан бөліп тұру тапсырылды. Бұл елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, банк секторын сауықтыру үшін жаңа инфрақұрылымдар салу мақсатында жасалған үлкен қадам еді.
Дүние жүзінде өзінің ұлттық қоры жоқ мемлекеттер аз емес, тіпті Еуропа елдерінің ішінде де қор жасақтаған елдер санаулы. Сонау 2000 жылы Елбасы шикізат ресурстарының экспортынан түсетін қаржыларды бір қорға қордаландыру туралы шешім қабылдағанда түрлі пікірлердің айтылғаны жасырын емес, тіпті ол қаржыны әр тұрғынға бөліп беру туралы кереғар ой айтқандар да болды. Ал, бүгін біз Мемлекет басшысының сол қадамының уақтылы және тек ел мүддесі үшін жасалғанына тағы да көз жеткізіп отырмыз.
2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде де Елбасы бастаған Қазақстан тығырықтан шығатын ұтымды жол тапқан санаулы мемлекеттердің бірі болды. Дүмпуі естіліп қалған алдағы дағдарысқа қарсы қабылданған еліміздің жаңа экономикалық саясаты да әлем елдеріне үлгі бола бастады.
Жеті бағыттан тұратын Елбасы Жолдауында көліктік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық, су және жылумен қамтамасыз ету, тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту көзделіп отыр. Тарихи тәжірибеде жол шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі болғанын Президентіміз айтып өтті.
«Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек.
Астана да тоғыз жолдың торабы, елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір – тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылайша, алысты жақын ету – Жолдаудың ең басты түйіні», деді Елбасы.
Мемлекет басшысының осы Жолдауы – барлық бағыттар бойынша нақты, екшелген іс-әрекет жоспары, оны іске асыру экономикалық тұрақтылықты сақтауға және экономиканың жандануы үшін негіз жасауға, сондай-ақ Қазақстанның әлемнің оза дамыған 30 елінің қатарына енуіне қуатты плацдарм құруға мүмкіндік береді.
Алда тұрған мақсат – жалпыға ортақ мақсат, ал оған жету жолында бәріміздің алдымызда аса жауапты міндеттер тұр. Ең бастысы – ынтымақ, бірлік, татулық, этносаралық ынтымақ пен келісім. Бұның барлығы тұрақтылықтың кепілі, ал тұрақтылық – дамудың кепілі. Оның жауапкершілігі ең бірінші қазақ халқының мойнында жатыр. Мемлекет құрушы ұлт ретінде де, Қазақ елінің иесі ретінде де ынтымақ пен бірліктің ұйытқысы болу, ең бірінші, біздің парызымыз.
Елбасы соңғы екі Жолдауында да Мәңгілік Ел идеясын жалпыұлттық идеямыздың басты бағдары етіп белгіледі. Мәңгілік Ел – бұл біздің кешегіміз, Мәңгілік Ел – біздің болашағымыз.
Белгілі ғалым, санаулы антропологтардың бірі, академик Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқының антропологиялық тарихы» (2011 жыл, Алматы) атты кітабында тұрғылықты халқымыздың этностық тарихи деректері әдемі келтірілген. Соның ішінде археологиялық, антропологиялық зерттеулердің негізінде дәлелденген төрт нәрсені баса айтуға болады. Олар:
- Қазіргі Қазақстан жерінде табылған, осыдан 40 ғасыр бұрын, яғни энеолит дәуірінде өмір сүрген адамдар мен бүгінгі тұрғылықты халықтың сүйек құрылыстарының бірдей болып шығуы, яғни антропологиялық типтік сәйкестігі. Оған қоса дерматоглификалық зерттеу нәтижелері бойынша анықталған бүгінгі қазақтар мен көне заман тұрғындарының физикалық ерекшеліктері арасында тікелей генетикалық байланыстардың барлығы. Бұл – біздің халқымыздың мыңдаған жылдар бойы өз жерінде, өз елінде үзілмей, атадан балаға ұрпақтары жалғасып, өмір сүріп келе жатқан ғажайып халық екендігінің белгісі.
- Қазақстанның Орталық, Солтүстік, Шығыс, Батыс, Жетісу, Оңтүстік аймақтарында табылған палеантропологиялық материалдардың құрамы мен құрылысы жағынан бірдей болып шығуы. Зерттеулер сол кездегі тұрғындар мен қазіргі тұрғындардың этно-мәдени дәстүрінің де, тіпті қолтаңба сипаттамаларының да өте ұқсастығын дәлелдеп тұр. Олай болса Қазақстанның кең-байтақ жерінде өмір сүрген, бүгін де өмір сүріп жатқан халық – бір халық, оны бөлуге де, бөлшектеуге де болмайды. Бір елді үшке, әрі қарай руға, атаға бөліп, жілікше бөлшектеу – бізді көре алмаған империяның арандатушылығы ғана.
- Қазіргі тұрғылықты халықтың бойында 40 ғасыр бұрын өмір сүрген адамдардың генетикалық негізінің 30%-ы сақталған.
4 мың жыл түгілі 100 жылда жер бетінен жойылып кеткен халықтар бар. «Елу жылда ел жаңа» деген бабадан қалған сөз де тегін айтылмаған. Ал жоғарыда айтылған деректер қазақ ұлтының өз физиологиялық ерекшеліктерімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен тұтастай алғанда қаншалықты текті халық екендігін көрсетсе керек.
Осындай кең даланы мекендеген, осыншама территорияда тұратын халықтың өңірлік ешқандай айырмашылығы жоқ бір тілде түсінісуі. Елдің бір шетіндегі тұрғындары екінші бір шетіндегілердің тілін түсінбейтін елдер көп. Бұл да көп нәрсені аңғартса керек.
Әрине, тарихшы, археолог не антрополог болмаған соң біздің талдауымызда кемшіліктер бар шығар, көпшіліктің келіспейтін жерлері де болуы мүмкін. Бірақ, айтылатын бір нәрсе – Қазақстан тарихын, Қазақ Елі тарихын тарихшыларымыз тек тарихи, археологиялық, антропологиялық, т.б. фактілерге сүйене отырып жазса екен дейміз. Тарихи оқиғаларды өз жеріне, тарихи тұлғаларды өзіне қарай тартпай, санамызды сарсаңға салмай Қазақ Елінің тарихы қайта жасалса, Елбасы айтқан Мәңгілік Елдің тарихы шығар еді. Біз кешегімізді түгендеп, қазіргімізді екшеп қана болашағымызды мығымдай аламыз.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихын да, тасқа қашап жазғандай, ғылыми негізде зерттеп, қағазға, таспаға түсіріп, жастардың санасына сіңдіру де өте маңызды. 23 жыл уақыт өлшемімен есептегенде аз да шығар, бірақ, осы аз уақыт ішінде ғасырға тұрарлық қаншама тарихи оқиғаларға куә болдық, қиындықтар да аз болған жоқ.
Қазіргі жастардың біразы осы заман аспаннан салбырап түсе салғандай сезінеді, ересектердің арасында да осылай мәңгі өмір сүріп келе жатқандай сезімде жүргендер бар. Елбасымыз «Мәңгілік Ел» мен «Қазақ Елі» идеяларын ортаға бекер тастаған жоқ. Қазіргіміздің қадіріне жету де маңызды шаруа. Біз ата-бабаларымыз аңсаған, бірақ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жете алмаған тәуелсіз елде, ешкімге жалтақтамай, бейбіт аспан астында, ұрпағымыз үшін өмір сүріп келе жатырмыз. Сол ұрпағымыз болашақта да жақсы өмір сүрсін десек, мемлекетімізді дәл осы қалпында, тәуелсіз, шекарасы түгел, әлеуеті мықты ел ретінде сақтап қалу жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Бұл – қазіргі ұрпақ пен келер ұрпаққа жүктелген тарихи міндет. Ал келер ұрпақтың қалай болуы өзімізге тікелей байланысты. Тәуелсіз Қазақстанды Мәңгілік Ел ретінде мәңгі сақтап қалу үлкен күшті, теңдессіз білім мен біліктілікті, мызғымас бірлікті, қажырлы еңбекті талап етеді.
Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдері арасындағы татулыққа ұйытқы болу да, олардың салты мен дәстүрін, тілі мен дінін сақтай отырып туған еліміздің дамуына атсалысуына себепкер болу да қазақ халқының ұлы парызы.
«Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму заңғарын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі», – деп атап көрсетті Елбасы.
Конфуцийдің: «Өз патшасына сенімді серік бола алатын халқы бар мемлекет қана ешқашан құламайды...» – деген сөзі бар екен. Олай болса бүкіл Қазақстан халқы болып, ұлтымызға, нәсілімізге қарамай, бір тудың астына, Елбасының қасына жиналып Мәңгілік Ел болудың жолында табыстарға жете берейік дегіміз келеді.
Әли БЕКТАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының депутаты.