Грекия: «радикалды» үкімет іске кірісті
«Грекия министрлер кабинетінің ант қабылдау рәсімі сол қанаттағы да, оң қанаттағы да радикалдардың басын бір қазанға шоғырландырған жаңа үкіметтің іске кіріскенін білдірді», деп хабарлады Euronews телеарнасы. Ал мұндай коалицияның бірлесіп атқаратын жұмысының болашақта қаншалықты тиімділігі болады? Кабинет тізгінін, көпшілік күткендей, жексенбі күні өткен парламент сайлауында жеңіске жеткен «СИРИЗА» партиясының лидері Алексис Ципрас қолға алды. Үкіметтегі ең маңызды қоржындардың бірі – қаржы министрінің орынтағы елдің кредиторларына қарсы барынша қатқыл позиция ұстанып отырған Яннис Варуфакиске бұйырды. Ол солшыл-радикалды «СИРИЗА» партиясының өзге де мүшелері сияқты өзінің басты мақсаты Грекияның сыртқы қарыздарын төлеттірмеу жағын қарастыру деп есептейді. «Келісімге келу жағын қарастыру – өте үлкен ойын. Біз соған жету үшін барлық мүмкін болатын нұсқаларды ашық ұстай отырып, өз әріптестерімізбен келіссөз жүргізуді бастаймыз. Біз үшін ең бастысы – әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалатын шығындар көлемін барынша азайту. Бұдан күллі Еуропаның жүгі жеңілдеп, тынысы ашылып сала бермек», деді қаржы министрі сөзінің сыралғысында. Қорғаныс министрі болып оңшыл радикал «Тәуелсіз гректер» (АНЭЛ) партиясының өкілі Панос Камменос тағайындалды. Ол да коалициядағы қалған әріптестері секілді Грекия Еуропа одағы енгізіп берген қатаң үнемдеу тәртібінен бас тартуды қолдайды. Бірақ мұның бәрі әзірге айтуға ғана оңай. Сондықтан да қарулы күштер басшысы: «Біз «Сиризаның» көтеріп отырған ұсыныстарының бәрін бірдей қолдай бермейміз, бірақ осыған дейін келісіп қойғандарымыздан бас тарта алмаймыз, біздің үкіметке қолдау көрсетуіміз өзіміздің олармен бірлесіп жасаған бағдарламаларымызбен шектеледі», – дегенді бірден ашып айтты. Ал бұл аралықта жаңа үкімет арқаны кеңге салып отыра бермей, өздері сөз етіп жүрген мәселелер бойынша Еуроодақтағы әріптестерімен келіссөз жүргізуді бастап та кетті. Осыған орай біздің тілшіміз Стоматис Янинис Афинадан былай деп баяндады: «Жаңа министрлер кабинеті мүшелерінің басым көпшілігінің үкімет жұмысынан ешқандай тәжірибелері жоқ немесе өте аз. Бірақ олардың әрбіріне Грекия үшін қазіргі өте бір күрделі кезеңде оның салмақты да кезек күттірмес проблемаларын шешуді жедел бастап кетуге тура келеді».ЕО-ға Афинадан келетін зиянды айтты
«Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Грекия сайлауында солшыл радиалды «СИРИЗА» партиясы жеңіске жеткеннен кейін Еуропа елдерінің бастан кешетін экономикалық қиындықтары туралы ескерту жасады», деп хабарлады Reuters агенттігі. «Грек сайлауының қорытындысы бүкіл Еуропадағы экономикалық белгісіздіктерді ұлғайта түседі», деп атап өтті өзінің Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында ол. Бұған және осыған байланысты Британияның экономикалық тұрақтылығын сақтап қалуға арналған жаңа жоспар жасау қажет болатынын да қосқан. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Грекияның жаңа үкіметі Еуроодақ елдерімен келіссөз жүргізуді бастап та кеткен. Министрлер кабинетін оңшыл радикалдармен бірге жасақтаған «СИРИЗА» партиясының мүшелері өздерінің сайлау алдында алға қойған бағдарламалары мазмұнынан ауытқып кетпейтіндерін тағы мәлімдеді. Грекия сайлауының қорытындысы валюта рыногына да әсер етіп жатыр. Айталық, еуро бағамы 26 қаңтар күні соңғы 11 жыл ішіндегі ең төменгі деңгейіне – 1,1098 доллармен тең нүктеге дейін түсіп кетті.«Валюталар соғысына» Сингапур де қосылды
«Әлемнің қуатты державаларының өз экономикасын бұрынғыдан гөрі бәсекеге қабілеттірек ету үшін валюталар майданында соғыстар жүргізіп жатқаны тек қазір ғана емес», деп хабарлады «Вести» телеарнасы. Ал бұрыннан кернейі қағылып қойылған сол соғысқа қазір Сингапур де қатысуға ниетті екенін білдіріп отыр. Елдің орталық банкі сондықтан әлемнің валюта рыногына жұрт күтпеген тосын тірлік әкелді. Сингапур доллары өзінің америкалық аттасынан сол бойда бірден 160 пипске құлағаннан кейін реттеуші өзінің тиын, яғни монетарлық саясатының әлсіреп кеткенін мәлімдеді. Рынокқа қатысушылар сонымен бірге, Сингапур долларының жапон йенасымен бірге ілгері жылжуының оншалықты мәнді болмағанын жеткізді. Осы жерде елдің орталық банкін мұндай жанкешті қадамға кім итермеледі, деген заңды сұрақ туады. Сонымен бір мезгілде, көптеген компаниялар халықаралық валюта рыногында жақын арадағы тоқсандарда орын алатын жағдайдан Америка рыногындағы қаржы нәтижелерінің нашарлап кететінін айтудан танбай отыр. Тіпті, Apple де биылғы жылғы бірінші тоқсанда валюталар бағамдарына қатысты бірқатар қиын сәттердің туындайтынын жоққа шығармайды. Бұл түсінікті де! Қазір АҚШ долларының бағамы көкке қарай «самғап» бара жатқан жағдайда басқа елдердің «не девальвациялау, не жантәсілім ету» деген ұранмен тіршілік ететіні белгілі. Тек соңғы айдың өзінен осыған қатысты бірнеше назар аударарлық деректерді келтіруге болады. Мұндағы ең түйінді мәселе, әлбетте, Еуропа Орталық банкінің сандық жұмсарту бағдарламасын іске қосуы болып табылады. Еуропа валютасының әлсіреуі өзге елдердің орталық банктерін белсенді қимылдар жасауға мәжбүр етеді. Айталық, Швейцарияның Орталық банкі мұндай қысымға шыдай алмай, жеңіліс тапса, Данияның Орталық банкі бұған депозиттік ставкаларын екі есеге дейін түсірумен жауап қайтарды. Сонымен қатар, бірер күн бұрын Қытай юаньнің соңғы жылдар көлеміндегі айрықша қатты құлағаны атап өтілді. Мұның банк тарапынан әдейі мақсатты түрде жасалғаны немесе рынок күштерінің әсерінен болғаны әзірге белгісіз. Бірақ фактінің орын алғаны бірден тіркелді. Ал бүгін оның қасына Сингапур қосылды. Осы оқиғалардың барлығы жаңа басталған 2015 жылы, алғашқы ай әлі толық аяқталмаған кезде болып жатыр. Демек, әскери іс-қимылдар театрының сахнасы алдағы уақыттарда тек кеңи берсе керек. Осы аралықта FOREX рыногындағы бағамның барған сайын ойнамалы бола түсетіні де еш күмән тудырмайды. Тағы бір нәрсені батыл айта беруге болады: келіп жатқан жылы әлемдегі көптеген елдер өз валюталарының девальвациясы процесіне жүгініп жатады.Белгісіздік пен тұрақсыздық жалғаса береді.
Оңтүстік Судан армиясынан 3 мың бала босатылады
«БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Оңтүстік Суданда үкімет құрылымдарына қарсы соғысу үшін көтерілісшілердің демократиялық армиясы қатарына рекруттық тәртіппен алынған үш мың баланы босату жөнінде келісімге қол жеткізді», деп жазады қордың сайтында жарияланған материалға сілтеме жасаған ВВС. Мәлімдемеде айтылғандай, «Кобра» құрылымының басшылығы қазірдің өзінде жастары 14-тен 17-ге дейінгі 280 баланы босатып, алып кеткен. Қалған балалар бір айдың ішінде басқа жаққа әкетіледі. Олардың барлығы 2011 жылдан бері әскерге алынып келген екен. Өткен жылы көтерілісшілер құрамын 12 мыңға жуық бала толтырыпты. «Бұл балалар өздерінің қатарлары түстерінде де көріп, істемейтін нәрселерді жасауға мәжбүр етіледі», деді ЮНИСЕФ-тің Оңтүстік Судандағы өкілі Джонатан Вейтч. Оның айтуынша, әскер қатарынан демоблизация жасалған балаларға медициналық көмек ұсынылады, сондай-ақ тамақ, киім беріліп, мүмкіндіктеріне қарай оқытылады. ЮНИСЕФ бағалауы бойынша, екі жылдың ішінде әр баланы азат ету мен қолдау көрсетуге 2330 доллар қаржы жұмсалыпты. Оңтүстік Судандағы қақтығыстар 2013 жылғы желтоқсанның ортасында саяси және этносаралық негізден туған болатын. Сонда елдің президенті Салва Киир мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етілгенін хабарлап, оған көтерілісшілердің басшысы Риека Машараны кінәлап еді. Жанжалға динка және нуэр деген ұлыстар қатысып жатыр. Президент соның динкасына кіреді. Оңтүстік Судан өзінің тәуелсіздігін 2011 жылғы шілдеде өткен референдумның қорытындысы бойынша алған. Дауыс беру Суданда 22 жылдан бері тоқтаусыз жалғасып келе жатқан үкімет әскерлері мен халық-азаттық қозғалысы күштері арасындағы соғысты тоқтатқан болатын.Саудия мұнайды арзандатқысы келіп отырған жоқ
«Сәрсенбі күнгі кезекті белгілеуде мұнайдың бағасы тағы да түседі, Сауд Арабиясы мұнай рыногындағы баға балансын реттеп отыруды жоспарластырып отыр», деп ақпар жеткізді Bloomberg агенттігі. Лондон ICE Futures биржасында Brent мұнайының наурыз айындағы фьючерінің бағасы 8:32 сағатта 0,99 пайызға түсіп, баррелінің бағасы 49,11 доллар болып тұрды. Сейсенбі күні рынок жабылар уақытта фьючердің бағасы 2,99 пайызға ұлғайып, баррельдің бағасы 49,6 долларға жетті. Наурыз айындағы WTI мұнайының фьючері Нью-Йорк тауар биржасында бұл уақыттарда барреліне 0,62 доллар азайып, 45, 61 доллар нүктесіне тұрақтады. Өткен сессиялардың қорытындысы бойынша келісімшарт 2,39 пайызға қымбаттап, баррелінің бағасы 46, 23 долларға көтерілді. Мұнай өндіруші Saudi Arabian Oil Co. (Aramco) компаниясының басшысы Халид әл-Фалихтің айтуына қарағанда, Сауд Арабиясы мұнай рыногындағы бағаны, тіпті бағамы «жұрттың бәрі үшін тым төмен» болып кеткен кездің өзінде де, бір өзі қалыптастырып, жасап келген емес. «Нарықты экономикалық заңдылықтар, соның ішінде, сұраныс пен ұсыныстың балансына қатысты мәселелер басқарады, – деп атап көрсетті ол. – Сауд Арабиясы бұл балансты жеке өзі реттеп отыра алмайды». CMC Markets компаниясының Сиднейдегі сарапшысы Рик Спунердің айтуынша, Сауд Арабиясы өкілінің жекелей тұрғыда бұлайша баяндауы саудиялықтар басқа елдердің, соның ішінде ОПЕК-ке қатысатын мемлекеттердің жоспарларын бұзуды мақсат тұтып отырғанын көрсетеді. Ал кеше сәрсенбі күні рыноктың назары АҚШ энергия тасушыларының қорлары жөніндегі мәліметтерге ауды. Ол Американың қазір 1982 жылдан бергі аралықтағы ең жоғары көрсеткішке жетіп тұрғанын көрсетіп берді. Дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».