29 Сәуір, 2015

Тәуелсіздік сардары

441 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
kabdrahБар саналы ғұмырын елі­міздің өсіп-өркендеуі мен дамуына арнаған Тілеухан Қаб­драхмановтың өмір жолы жастар үшін тағылым алар өнегелі мектеп десе де болғандай. Семей өңірінің тумасы Тілеухан Самарханұлы айналасына өзін ісіне тиянақты, досқа адал, жайсаң азамат әрі үлгілі отағасы ретінде таныта білген жан. Семей қаласындағы №1 қазақ мектеп-интернатының түлегі. Мәскеудің Халықтар достығы университетінің құқық қорғау және экономика факультетін бітірерден бір жыл бұрын Алжир халықтық-демократиялық республикасында тағылымдамадан өткен Тілеухан Самарханұлы болашақ кәсібінің қыр-сырымен алғаш танысқаннан-ақ жауапкершілік жүгін жете сезінген маманның бірі әрі бірегейі. Кәсібіне деген адалдық пен қолға алған іске жауапкершілік қазақтың сол бір өренінің болашақта талай ауқымды істерді абыроймен атқа­руына негіз болған қасиеттер. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикасы мен саяси жүйесін реформалауда батыл шараларды қолға алды. Еліміз үшін аумалы-төкпелі осы кезеңде Елбасының төңірегіне сенімді серіктестері мен іскер азаматтар топтасты. Олардың алдында Тәуелсіздіктің қазығын нықтап, тұғырын аласартпау міндеті тұрды. Өзіне жүктелген осындай зор міндетті абыроймен атқарған жанның бірі – бүгінде өмірдің өр белесіне шық­қан Тілеухан Самарханұлы. Бұған оның жүріп өткен өмір жолы, көтерілген өнегелі белестері куә. Айтар болсақ, ол тәуелсіз елі­міздің Экономика жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы бола жүріп, бостандықтың арай таңындағы алғашқы аса маңыз­ды нормативтік құжаттарды әзір­леуге, еліміздің нарық экономикасына өтуін, нарық жағдайына көшуі мен жұмыс істеуін іске асыруға, сондай-ақ Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығын (ТМД) құ­­ру­­дың нормативтік базасын қа­­­­лып­тастыруға белсенді түр­­де қатысты. Бұл, сөз жоқ, тәуел­сіз Қазақстанның қалыптасу үде­рістеріне атсалысқан Тілеухан Самар­­ханұлының өміріндегі басты оқи­ғалар екені даусыз. Т.Қабдрахманов 1992 жылы еліміздің ресми делегациясының құрамында келіссөздерге және Қазақ­стан Республикасы мен Ре­сей Федерациясы арасындағы Дос­тық пен ынтымақтастық туралы тұңғыш Шартты әзірлеуге қа­тыс­ты. Ол арнайы басылымдар мен форумдардағы нарық экономи­касын жоспарлау, оған көшу жө­ніндегі бірқатар мақалалардың, есептер мен баяндамалардың авторы болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның бас­тапқы қалыптасу кезеңінде елде әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету маңызды міндетке айналғаны белгілі. Осы маңызды міндет­тер­дің аясында елімізге шетелдік инвестицияларды тарту шаралары жүргізілді. Соған орай Т.Қаб­драхмановтың 1993 жыл­дың наурызында Қазақстан Рес­публикасының Француз Респуб­ликасындағы тұңғыш Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайын­­далуы – оған жүктелген міндет­тің аса жауап­тылығын әрі көрсетілген сенімнің жоға­рылығын айғақтады. Осы лауа­зымға тағайындалу кезінде оның алған білімі, экономика сала­сындағы тәжірибесі, француз тілін жетік білуі де ескерілді. Бұл тағайындау Тілеухан Қаб­драхманов үшін кездейсоқтық емес еді. Бұған дейін ол осы бағытта біраз шаруаларды абыройлы атқарумен көзге түскен болатын. Мәселен, Үкімет мүшесі кезінде, яки 1992 жылдың қыркүйегінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Фран­цуз Республикасына тұңғыш Мем­лекеттік сапарын әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмыс тобының басшысы болып Парижге жіберілген-ді. Ал Елбасының ол сапары аса табысты болғаны баршамызға мәлім. Елші ретінде Тілеухан Самар­ханұлы кейіннен Қазақстан басшы­сының Францияға басқа да бірқатар сапарларын дайындауға атсалысты. Әлемдік өркениетте айшықты орны бар, Еуропадағы ірі мемлекеттің бірі саналатын Франция Қазақстандағы рефор­маларға, ең бастысы, оның әлемдік қоғамдастыққа кірігуіне ықыласты қолдау көрсетті. Оның дәлелі – Франция президенті Ф.Мит­теранның Қазақстанға жаса­ған тұңғыш ресми сапары. Ол Батыстың жетекші державалары басшыларының ішінен Қазақстанға ресми сапармен келгендердің алғашқысы болды. Ал бұған Тілеухан қосқан үлес аз болды деп әсте айта алмаспыз. 1993 жылы Франциядағы Қазақ­стан елшілігі толыққанды жұ­мы­сына кірісе қоймаған, әлі құрылу үстінде болатын. Сол себепті Т.Қаб­драхмановтың Фран­ция прези­дентінің сапарын дайындауға қа­жетті қазақстандық мамандарды тартуға толықтай мүмкіндігі бол­ған жоқ. Сондықтан да Франция президентінің Қазақстанға ресми сапарының алдында өзі одан сұхбат алып, осы материалымен бірге кассетаны еліміздің теледидарында көрсету үшін Алматыға жеткізуіне тура келді. Нағыз жанкешті, шығар­машылық жұмыс деген осы болар. Т.Қабдрахмановтың Фран­ция­дағы Қазақстан елшісі қызме­тін атқарған кезеңінде екі мемле­кет­тің арасында екіжақты ынтымақ­тас­тықтың негізгі бағыт­тарын қам­ти­тын елеулі келісім­шарттар жасалды. Оның дипломатиялық қызме­тіндегі маңызды белестің бірі 1993 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жа­нын­­дағы тұңғыш Тұрақты өкілі болып тағайындалуы еді. 1993-1996 жылдары Қазақстанның осы орайдағы қарым-қатынастарының негізгі басымдықтары айқындалды және ЮНЕСКО мен еліміздің басшылары ресми сапарлармен алмасты. Қазақстанның ЮНЕСКО жанын­дағы Өкілдігі 1995 жылдың тамызында Ф.Майордың ресми сапарын өткізуге белсенді түрде қатысты. Мәртебелі мейман Елбасының қабылдауында болды. 1995 жылдың қарашасында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мен ЮНЕСКО құрылуының 50 жылдығына орай ЮНЕСКО Бас Конференциясының ХХVIII сессиясының жұмысына қатысты. 1995 жылы ЮНЕСКО аясында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығы атап өтілгені мәлім. Осынау айтулы датаның әлемдік деңгейде тойлануы еліміздің мәртебесін көтерген аса ірі рухани шаралардың бірі болғаны рас. Мұның бәрі өздігінен іске аса қоймайтынын ескерсек, осы сынды халықаралық дәрежедегі айтулы шараның дер кезінде әрі жоғары деңгейде өткізілуіне Тілеухан Самарханұлының қосқан үлесі қомақты екенін айта кеткен ләзім. Т.Қабдрахманов 1997 жыл­ғы қаңтарда Қазақстанның Жапо­ниядағы тұңғыш елшісі болып тағайындалды. Еліміздің эконо­микалық саласының басшысы қызметінде сенімді ақтап, мол тәжірибе жинаған маманның бұл салада да кәсіби қыры, ұйымдастыру қабілеті жан-жақты байқалды. «Елдестірмек – елшіден» дегендей, оған еліміздің Жапониядағы тұңғыш елшілігінің жұмысын бас­тап, қалыптастырып, жолға қою және сол елдің министрліктерімен, түрлі ұйымдарымен, әсіресе экономикалық салада ынтымақ­тастықты ұйымдастыру тапсырылды. Өзінің дербес ұлттық валютасын енгізу кезінде еліміз нарықтық экономикаға енді ғана қадам жасаған еді. Осындай бюджет тапшылығы жағдайында Жапония Халықаралық валюта қоры тара­пынан Қазақстанның жетекші қаржылық демеушісіне айналды. Жапониядағы салиқалық елшілік қызмет 2003 жылдың тамызына дейін жалғасты. Осы кезеңде Тілеухан Самарханұлы бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Жапония үкіметінің Қазақстанға ұзақмерзімдік жеңіл­дік­пен несиелер беру туралы келіс­сөздер жүргізуге қатысты. Келіс­сөздер өз жемісін берді. Мәселен, Қазақстан Үкіметінің тапсыруы бойынша ол Астанада халықаралық әуежай салуға несиелер алу, Батыс Қазақстанда автомобиль жолдарын салу, Астана қаласында су және кәріз жүйелерін қайта жаңарту жөніндегі шарттарға қол қойды. Бұған қоса мұнай-газ саласына, геологиялық барлау жұмыстарына да Жапонияның қаржылық ресурстары мен технологиялары тартылды. Шағын мақалада Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аса ма­ңызды халықаралық деңгейдегі көптеген маңызды шаралардың басы-қасында болған айтулы тұлғаның бар еңбегін саралап шығу мүмкін емес. Әсіресе, оның дипломатия саласындағы еңбегі орасан. Ол бөлек әңгіменің арқауы боларлық қомақты дүние. Тілеухан Самарханұлының әр жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы, Литвадағы, Латвиядағы, Эстония мен Финляндиядағы елшілік қыз­метін ілкімді атқарғанын айт­сақ та жеткілікті. Әрбір адамның жеке өмірі оның еліне сіңірген еңбегімен, халыққа еткен қызметімен өлшенеді дер болсақ, Тілеухан Самарханұлын Тәуелсіздік сардарларының бірі деу­ге толық негіз бар. Осы тұрғыдан зерделегенде ол шын мәнінде бар саналы ғұмырын ел игілігіне, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына арнаған тұлға. Осы мәртебелі де ардақты атқа барлық жағынан лайықты азамат. Осындай азаматтың ортамызда жүргеніне біз де қуанып, мерейленеміз. Хамит БІРЖАНҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ.