Қоғам • 21 Қазан, 2024

Арал теңізіне 200 млн текше метр су жіберілді

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы тиісті министрліктен мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz

Арал теңізіне 200 млн текше метр су жіберілді

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде 200 млн текше метрге жуық су үнемдеп, аталған су Арал теңізіне жіберілді. Айта кетсек, облыста күріш алқаптары жалпы 84 мың гектарды құрайды, оның 55 мың гектарына биыл өңір диқандары су үнемдеу технологияларын қолданды.

Осылайша, 2024 жылғы суару маусымында теңізге шамамен 1 млрд текше метр су жіберілді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілген. Бүгінде теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті.

«Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, Арал теңізіне су жіберуге үнемді технологияларды енгізу де маңызды рөл атқарады. Оларды қолдану жүздеген млн текше метр су үнемдеуге және оны теңізге бағыттауға мүмкіндік береді. Ол үшін біз шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарын субсидиялау көлемін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайттық. Алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларымен суармалы суды пайдаланатын шаруа қожалықтары үшін субсидия мөлшері 50%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды», деді сала министрі Нұржан Нұржігітов.