Ондағы көрсеткіштердің көтерілмейтін жолын іздеу керек
Ақтауда қаланы сумен, жылумен қамтамасыз етіп, ағынды суларды бөлу және тазалау қызметін атқаратын «Каспий жылу-су арнасы» атты кәсіпорын бар. Аталмыш мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңға сәйкес қызмет етеді. 2014 жылдың 24 желтоқсанында кәсіпорынның жиналысына қатысқан едім, жиналыстан төбеден жай түскендей «жаңалықтарды» арқалап шықтым...
Кәсіпорын жуық арада өзі көрсететін қызмет түрлеріне бағаны шарықтатуды көздеп отыр. Айталық, бұған дейін 49,89 теңге болып келген ауыз су тасымалы енді 114,61 теңгеге, техникалық су 30,42 теңгеден 92,92 теңгеге, ыстық су 49,09 теңгеден 148,50 теңгеге көтерілсе, су бөлу 45,7 теңгеден 98,17 теңгеге, жылу энергиясы 536,75 теңгеден 1016,59 теңгеге дейін жоғарыламақ. Талай жылдардың тәжірибесін жиған инженер ретінде қаланың инженерлік желілері 86 пайызға ескіргенін жақсы білемін. Тұрғындар саны арта түскен аймақта бұл желілер тұтыну қажетін өтеуде сыр алдыратыны да белгілі. Бірақ, кәсіпорынның жұмысын қолдаудың шараларын, моральдық қорғауды жеке тұтынушылар есебінен тарифтерді көтеру арқылы іске асыру дұрыс па?
Қазіргі таңда кіріс көлемі 1474135 мың теңгені құрап отырған кәсіпорын тарифтерді көтеру арқылы 2745740 мың теңгеге дейін кіріс келтіруді, сол арқылы белшесінен батқан шығыннан шығуды көздейді және бұл көрсеткішті монополияға қарсы агенттіктің келісімімен жүзеге асырмақ. Ал, тұрғындармен келісім қайда? Маңғыстау мұнайлы өңір болғанмен, халықтың бәрі мұнайшы емес және мұнайшы болуы міндетті де емес. Сондықтан, әр нәрседе халықтың қалтасымен санасқан жөн болар деп ойлаймыз.
Маңғыстау – шөлді аймақ. Осыған орай кезінде Кеңес одағы 30 пайыз сусыздық, 40 пайыз ауа райының қолайсыздығын жеңілдету үшін төлемақылар бөлген болатын. Ол жеңілдік Одақ тарағасын тоқтатылды. «Сусыз өмір жоқ, оған төленген ақша – адал» деген халықтың төзімін аталмыш кәсіпорын өз мүддесіне пайдаланып отырған жоқ па деген ой келеді. Сусыз аймақты сумен қамтуды халықтың қалтасына қарамай, өңір ерекшелігіне байланысты шешу жолдарын неге қарастырмасқа? «Каспий жылу-су арнасы» МКК ұсынған мәліметтер бойынша, құзырына 1163 шақырым инженерлік желілер қарайтын кәсіпорын үш жылда желілердің 67,5 шақырымын жөндеген, ал желіні түгел жөндеу үшін әлі 16 жыл керек. Мекеменің техникалық-жөндеу базасы нашар, станоктары, жөндеу бокстары, қоймалары толықтай жаңғыртуды қажет етеді, сондай-ақ, жалақысы аз мекемеге білікті мамандар келмейді екен. Жұмысты ұтымды үйлестіру, тиімді ұйымдастыру көп келеңсіздіктің алдын алатыны белгілі. Мекеменің өткен жылдардағы жұмыстарына қарап «осы тұста олқы түскен» деген жерлерді байқадық және кәсіпорын ұсынған қағаздағы есеп-қисаптарды санамалай келе, кәсіпорынның қолда бар қаражатты ұқсата алмағандығын аңғарамыз.
Мәселен, өз қаражаты есебінен 232 млн. теңгені құрайтын 26 шақырым инженерлік желілерді күрделі жөндеу және ауыстыру жұмыстарын жасаған, мұнда 1 метр құбырды ауыстыру бағасы шамамен 9000 теңгені құрайды. Сонымен қатар, 24 шақырым ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген және оған 213 миллион қаржы жұмсалған. Осы жөндеуде құбырдың 1 метрге шаққанда бағасы 8460 теңге құраған. 2014 жылдың он айында 96 миллион теңгені құрайтын 7,8 шақырым желіні күрделі жөндеуден өткізген, мұнда 1 метрге шаққанда бағасы 12000 теңге болады. 9,7 шақырым құрайтын инженерлік желілерді ағымдағы жөндеуден өткізген (1 метрге шаққанда бағасы 13400 теңге). Бұдан ағымдағы жөндеудің күрделі жөндеуден, жаңадан ауыстырудан қымбатқа шыққандығы байқалады. Екіншіден, банктерден алған несие есебінен 288 млн. теңгеге 8,7 шақырым құбыр желілеріне жаңғырту (1 метр құбыр, шамамен 32000 теңге) жүргізілген. 869 млн. теңгеге кейбір шағын аудандарда кәрізді сору стансаларын жаңғыртуға жұмсалған ақшаның есебін түсіндірген дұрыс болар еді. 18 млн. теңгеге ағымды суларды тазартуға лабораториялық жабдықтар сатып алынған, алайда су тазалығының жақсарған сапасын тұрғындар сезініп жатқан жоқ. 26 млн. теңгеге экскаватор сатып алынғаны жөн десек те, 661 дана су өлшеу құралдарын 37 млн. теңгеге алған, сонда әр данасы 56000 теңгеден болғаны ма? Әкімдіктің қаржыландыруы негізінде кернеулі КСС коллекторларын жаңғырту, бірқатар шағын аудандарда кәріздік және су өткізу желілерін ауыстыру жұмыстарын жүргізген. Кәсіпорын соңғы үш жылда жалпы сомасы 364 млн. теңгеге техникаларға бөлшектер сатып алыпты. Сол 95 техниканы жөндеуге кеткен ақшаға 150 «ГАЗель» автокөлігін сатып алуға болар еді...
67,5 шақырым құбырдан металл сынықтарын тапсырмай далаға төккен бе? Темір-терсек жинайтын орындарға тапсырса, ол шамамен 800 млн. теңге қаражатты құрап, мекеменің қажеттіліктері үшін «жыртыққа-жамауға» болар еді.
Белден басып «айттық-біттіге» салмай, халықпен санасып, осы жұмыстардың жасалуының қымбат-арзанын экономист мамандар тексеріп, халыққа түсіндірсе дұрыс болған болар еді. Сондай-ақ, жабдықтардың көнеруі, көптеген тұтынушылардың берешек қарызын өтемеуі, кәсіпорнның шығынға отыруы неліктен қарапайым тұрғындар есебінен түгенделуі тиіс. Ішпей-жемей, қолына түскен қаржысын алдымен коммуналдық төлемдерді төлейтін тұрғындар, не үшін өзгелер үшін жаза тартуы керек? Мекеме бөлінген қаржыны үнемдеп, орнымен жұмсаса, тендердің талан-таражына салмаса, қарапайым тұтынушыға қол жаймай, келелі істер тындыруға болатын сияқты. Ал, тарифтердің күрт өсуі тұрғындар үшін түсініксіз болып тұр.
Рахмет ЛҰҚМАНОВ,
Ақтау қаласының тұрғыны.
Маңғыстау облысы.