Тағзым • 22 Қазан, 2024

Тайтөбедегі батыр тойы

158 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақтың даңқты ұлы, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толды. Мерейлі күнге орай 19 қазанда батырдың балалық шағы өткен Ақмола облысының Тайтөбе ауылын­да батыр атындағы саябақ пен бюст ашылды.

Тайтөбедегі батыр тойы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахмет­жанов, Ра­қымжан Қошқарбаев­тың қызы Әлия Рақымжанқызы, Халық қаһар­ма­ны, отставкадағы армия генера­лы Мұх­тар Алтынбаев, Халық қаһар­ма­­­ны, отс­тавкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, «Qazaqstan ardagerleri» қауым­дастығының төрағасы, ау­ған со­­ғы­­сының ардагері Бақытбек Сма­ғұл, т.б. қонақтар қатысып, сөз сөйледі.

Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен биыл туғанына 100 жыл то­лып отырған даңқты батырларымыз Р.Қошқарбаев пен С.Нұрмағамбетов­тің мерей­тойы кең көлемде тойланып жат­қанын, сондай-ақ «Айбын» ор­денінің үш дәрежесіне Б.Момыш­ұлы, С.Нұр­мағам­бетов және Р.Қош­қар­баевтың есімдері берілгенін атап өтті.

«Бұл – көптен күткен мерейлі сәт. Рақымжан Қошқарбаев атын­дағы саябақ тайтөбеліктер мен ауыл қонақ­тарының сүйікті демалыс орнына айналады деп сенеміз. Мұн­дай қоғамдық орындар жас жеткіншек­терімізге тарихтан тәлім беріп қана қоймай, оларды ел қорғайтын батыр қы­лып тәр­биелеуге өз үлесін қоспақ», деді облыс әкімі М.Ахметжанов.

Ә.Рақымжанқызы әкесінің мерейтойын өткізуге мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп жатқанына Президентке, облыс және Қорғаныс министрлігі басшыларына алғысын жеткізді.

«Әкемнің балалық шағы осы ауылда өтті. Бұл жер – біз үшін ыстық мекен. Бүгінгі саябақтың да Тайтөбенің төрінен ашылуы – заңдылық. Осы игілікті істің басы-қасында болып, жүзеге асуына атсалысқан барлық жанға рахмет айтқым келеді», деп ол жүрекжарды лебізін жеткізді.

Қосшы қалалық әкімдігі берген мәліметке қарағанда, 1 200 шаршы метр ауданды алып жатқан саябақ пен бюст жұмысына 70 млн теңге қаражат жұмсалған. Ішінде 8 орындық орнатылып, бүкіл аумағы­на тас төсеніш төселген. Айна­ла­сына қарағай ағаштары орнатылып, қорша­лған. Саябақ аумағы толық­тай жарық­тандырылған. Бұл ауыл тұрғын­дары мен қонақтарына тек күндіз емес, қараңғы уақытта да саябақта серуендеуіне мүмкіндік береді.

Салтанатты іс-шара кезінде саябақ жанында қару-жарақ пен әскери техникалар көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге сарбаз ботқасы ұсынылды.

Сонымен қатар батырдың 100 жыл­ды­ғына орай елордадағы Ұлттық қорға­ныс университетінде «Рейхстагқа ту тік­кен Рақымжан Қошқарбаев» атты ведомс­твоаралық ғылыми-тәжіри­бе­лік конференция өтті. Оған Қарулы күш­тердің, басқа да әскери құрылымдар­дың өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, жоғары оқу орнының магис­транттары мен докторанттары, тарихшылар, ардагерлер және Рақымжан Қошқарбаевтың туыстары қатысты.

Айта кетсек, 1945 жылы батыр жерлесіміз небәрі 20 жаста еді. Оның өмір жолы мен жасаған ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жиында отставкадағы генерал-лейтенант Абай Тасболатов Рақымжан Қошқарбаевты «феномен» деп атады. Ол өзінің өмірлік ұстанымы – қарапайымдылығы­мен, еңбекқорлығымен, сеніп тапсы­рылған іске жауапкершілігімен үлгі бола білді. Уақыт бәріне сыншы, қаһарман да тарихтан өз орнын алды.

Батырдың мерейтойына арнал­ған тағы бір іс-шара елордадағы Р.Қош­­қарбаев атындағы №44 мектепте өтті. Оған Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басқармасының басты­ғы, полковник Серғали Әлімқұлов, «Amanat» партиясының өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

«Биыл мамыр айында Қорғаныс министрінің ұсынысымен бұл мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Атаулы күнге орай министр­лік іс-шаралар кешенін ұйымдас­ты­рып, барлық оқу орнында Ерлік сабақ­тары өтіп жатыр. Болашақ Отан қорғау­шыларға өмір жолы үлгі болатын Р.Қош­қарбаевтың ерлігі туралы айтыл­ды», деп атап өтті полковник С.Әлімқұлов.