Сурет: didar-gazeti.kz
«Ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіп, бизнеске көңіл бөліп отырғаныңыз үшін барша диқандар атынан шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіз. Көмек нәтижесінде егіс алқаптарында шығымдылықтың артқанын көріп отырмыз. Биыл Қазақстанда 26 млн тоннадан аса астық жиналды. Орта есеппен әр гектардан 16 центнерге жуық өнім алынды. Кейбір алқаптарда гектарынан 40-50 центнерден өнім алуға қол жеткіздік. Бұл – кейінгі 10 жылдағы ең жақсы нәтиже», деп жазылған хатта.
Диқандар нақты қолдауды өнімді өңдеу мен өткізу ісінде анық сезінгенін айтқан. «Әсіресе өнімді өңдеу мен өткізуді дамытуда қолдауды сезініп жүрміз» деген хат иелері Президентке ауыл өмірін жақсартуға қатысты атқарылған жемісті жұмыстар бойынша айрықша алғыс білдірген.
«Сіздің тапсырмаңызбен айтарлықтай ұлғайтылған ауыл шаруашылығы саласын жеңілдетілген қаржыландыру бізге үлкен көмек болды. Ыңғайлы лизинг шарттарының арқасында техниканы жаңарту ауыл тұрғындары үшін әлдеқайда қолжетімді шараға айналды. Биылдың өзінде 20 мыңнан аса жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Уақытында несиелендіру егіс пен егін жинау жұмыстарына қажетті ресурстарды тез алуға мүмкіндік берді», деген.
Келер жылға керекті көмекке биыл қол жеткізетін отандық шаруалар, жаңа жүйенің тиімді тұсына дән риза. «Шаруаларға жасалған барлық жағдай жұмысты бір ауық алға жоспарлауға мүмкіндік береді. Биылғы желтоқсаннан бастап келесі жылғы егіннің алғашқы қаражатын ала алатынымыз шаруа қауымын ерекше қуантады. Сіздің бұл шешіміңізді елдегі әрбір шаруа қуана қарсы алды» делінеді хатта.
Қазір елімізде 1,2 млн-ға жуық азамат ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Отбасыларды қоса есептегенде 4 млн-нан астам отандас осы саладан нәпақасын айырып отыр. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, әр отбасының дастарқанынан нан, сүт, ет, көкөніс, жеміс-жидек, басқа да азық-түлік өнімдерінің табылуы – диқанның маңдай терінің нәтижесі.
«Отандық өнім елімізден тыс жерде де жоғары бағаланады. Бірақ мемлекет көмегінсіз мұндай тиімді іске қол жеткізе алмас едік», деген мамандар Мемлекет басшысының сенімі мен халықтың жоғары сапалы өнімге деген үмітін ақтап, алға қойған міндеттерді жоғары деңгейде жүзеге асыруға бар күш-жігерін салуға дайын екенін білдірген.
«Биыл шаруаларға берекелі жыл болды. Мысалы, «Кең дала 2» жаңа бағдарламасы арқылы үлкен қаржылық қолдауға ие болдық. Бағдарлама тәртібінде өтініш беруші шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясына» немесе өзі жұмыс істейтін ауданның ауыл шаруашылығы кооперативтік кәсіпорнына өтініш береді. Онда азаматтың шаруа, оған қоса егістік жері бар екенін растайтын құжаттары ғана ұсынылса жеткілікті. Оның нақты аумақ, көлеміне жеткілікті ақша бөлінеді. Егер кепілі жеткіліксіз болса, «Даму» қоры оған 85%-ға дейін кепілдік береді. Қазір фермер бұрынғыдай жер алып қана қоймайды, мемлекет оған жоғары сапалы тұқым мен тыңайтқыш сатып алу үшін ақша алуға да мүмкіндік береді. Нәтижесінде, еңбекшілеріне жалақыны уақтылы төлейді. Сонымен қатар фермер алғаш рет жылдық 5 %-бен ешқандай субсидиясыз несие алып отыр. Бұрын несиелер 20-24% нарықтық мөлшерлемемен берілсе, ол мөлшерді 6%-ға дейін төмендетуге субсидиялар ұсынылып отыр. Көбіне субсидиялар уақтылы түспейтін еді. Фермер барлық пайыздық соманы айлар бойы төлеуге мәжбүр болды», деді Картоп өсірушілер одағы және Қазақстанның көкөніс өсірушілері басқармасының төрағасы Қайрат Бисетаев.
Айтуынша, биылғы ауа райы жаңа бағдарламаның тиімді тұстарын айқын көрсетті.
«Осы бағдарлама негізінде қаржы алып, тұқымын жаңартқан, егінді арамшөптерден, зиянкестер мен аурулардан қорғаған диқандар өте жақсы өнім алды. Бұл бағдарламаға биыл 400 млрд теңге бөлінді. Көрсетілген сома 4-5 жылда 1,5 трлн теңгені құрайды. Мұнша қаржы жермен жұмыс істейтіндердің барлығына жетеді», деді Қ.Бисетаев.