29 Қаңтар, 2015

«ЕуроХимнің» елге берері көп

378 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_9879- Еліміз фосфорит кені қоры жағынан әлемде төртінші орында тұр. Естеріңізде болар, Кеңес Одағы кезінде Қаратау мен Жаңатас фосфор өнеркәсібінің маңызды орталығы болған. Мұнда жылына 11 миллион тонна фосфат өндіріліп, Одақты фосфор шикізатымен қамтамасыз етті. КСРО құлағаннан кейін қалыптасқан өндірістік байланыстар үзіліп, өткізу рыногы бұзылды. Зауыттар тоқ­тап, қалалар құлдырауға ұшы­рады. Өндірістің азаюымен қатар жоғары сапалы фосфат кендерінің көзі түгесілді. Кен қабаттарынан сапалы фосфат өндіру күрделене түсті. Ол үшін озық технология қажеттілігі туындаған. Ондай технология әлемдік ірі өндірушілерде ғана болды. Солардың қатарында «ЕуроХим» да бар. Сондықтан инвестор ретінде біздің компания мен игерілмеген мол қоры бар Қазақстан мүдделері сәйкес. Өткен жылы біздің өңірде «ЕуроХим» агрохимиялық компаниясы Қаратау бассейнінің бірқатар фосфорит кен орындарын игеру қызметіне белсене кірісіп кетті. Сонымен қатар, «ЕуроХим» Жаңатас қаласында өн­дірілген кенді өңдейтін хи­мия­­лық кешен тұрғызуды жос­парлауда. Біздің компания үшін Қазақ­стан – фосфат өндірісін дамыту­да келе­ше­гі зор орын. Бір жағынан, ел табиғи рес­­­урстарға бай, екіншіден, тыңайт­қышты көп мөлшерде тұтына­тын ауыл шаруа­шылығы бар. Ең маңыздысы, Қазақстан Үкіме­ті ауылшаруашылық өндірісі тиімді­лігін арттыруға ерекше назар ауда­рады. Бұл біздің өнімімізге халық­аралық нарықта ғана емес, Қазақ­станда да сұра­ныс тұрақты болады деген сөз. «ЕуроХимға» жұмыс істеуге қойылған шарттар технологиялық жағынан алғанда өте күрделі. Бұл жердегі кенді әдеттегі әдістермен өңдеу оңай емес. Біз Ресейде және басқа кәсіпорындарда күкірт қышқылын ыдырату әдісін қолданатынбыз. Сарысу ауданы аумағындағы кен құрамында магний мен басқа да қоспалардың жоғарылығы ол әдісті қолдануға мүмкіндік бермейді. Басқа технология керектігін түсіндік. Әлемдік тәжірибе талдауы, зертханалық сынақтар, әртүрлі нәтижелерді салыстыру, сараптамалық мақұлдама алу үшін күшейтілген зерттеу жүргізуге бір жарым жылдан астам уақыт кетті. Біз жобалау институттарымен, АҚШ, Қытай, Еуропа, Израиль және басқа елдерде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындармен әртүрлі нұсқалар жасадық. Ақырында ең үйлесімді әрі түбірімен өзгертілген технология таптық. Фосфоритті тұз қышқылымен ажырату әдісін қолдануды шештік. Бұл кеннен магнийді ғана емес, басқа да қажетсіз қоспаларды алып тастап, жоғары концентратты өнім алуға мүмкіндік туғызады. Егер кен өңдеу циклін бірнеше сатыға бөлсек, қалдықсыз 90 пайызға дейін пайдалы өнім алуға да болады. Бірақ, ондай өндіріс үшін тұз қышқылы көп керек. Аралас технология рыногын да зерделеп, тұз қышқылы қосым­ша өнім, тіпті, қалдық болып санала­тын өндірісті де таптық. Осылайша өнді­ріс үшін қажетті күкіртті оңай тауып, мә­селе өз-өзінен шешілді. Қазақстанда жоға­ры күкірт­ті мұнай мен газды өңдеуде күкірт қал­дық есебінде шығады. Сондықтан ол жет­кілікті. Күкірт қоспасы – мұнай-газ кәсіп­­орын­дарында зиянды қалдық. Ал «ЕуроХим» сол қалдықты пайдаға асырады. Күкірт өңдеуде көп мөлшерде электр қуаты және бу бөлінеді. Демек, болашақ зауыт қуат көзіне зәру болмайды. Шамалы газ керек. Бұл – шешілетін мәселе. Алдын ала есептеулер бойынша, химиялық кешен өндірілген электр қуатының артылғанын қалаға бере алады. Осы себептермен зау­ыт жобасын бірегей деп айтуға негіз бар. Осындай технологиялар жиынтығы шоғырланған өндіріс бүгінде әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Нәтижесінде барлық технологиялық үдеріс газды аз тұтыну арқылы жүзеге асатын, шикізат рыногы тұрақты, қал­дығы аз зауыт құрылымын жасадық. Адамдар мен табиғат қауіп­сіздігі біз үшін маңызды. Сондықтан өндіріс тәуекелін барынша болдырмау үшін бірқатар іс-шаралар қабылдадық. Химия­лық кешен орналасатын орын Жаңатас қаласынан 22 шақырым жерде және қаламен ортаны тау бөліп жатыр. Қазір «ЕуроХим» онда кеніштен жол және электр желісін тартуда. Сондықтан адамдар мен жақын елді мекендерге ешқандай қауіп-қатер жоқ. Тағы бір мәселе – су және зауыттың оны тұтынуы. Бұл – өте маңызды. Аймақ суға онша бай емес, сондықтан оған ұқыпты болу керек. Әу баста зауыт суды барынша аз тұтынуға есеп­теліп жобаланған. Ендеше, оның жұмы­сы су ресурстарының азаюына еш әсер етпейді. «ЕуроХимға» екі ұңғы бөлін­ген, бұл қажеттілікке толық жетіп жатыр. Кәсіпорында суды барынша тазалау технологиясы қолданылып, ол өндіріске қайта айналымға жіберіледі. Су тұйықталу, яғни айналма циклімен пайдаланылады, шығын буланудан ғана. Бұл технология Еуропа мен Американың алдыңғы қатарлы кәсіпорындарында пайдаланылып жүр. Ол қоршаған ортаға ғана емес, өзімізге де тиімді. Тағы бір айтары, «ЕуроХим» жаңа қы­з­­меткерлерді жергілікті ма­ман­­­дардан жасақтауға тырысуда. Ла­­йық­ты жалақысы бар жұмыс орнын ашу және қызметкерлерді жаңа маман­дықтарға оқыту – компанияның әлеу­меттік жауапкершілігі. Біз бұл мін­дет­ті түсінеміз. Біздікі секілді жоғары тех­нологиялық өндірісте жұмыс істеу байыпты дайындық деңгейін, сон­дай-ақ, үнемі үйрену қабілетін, жаңа дағ­дыларды қалыптастыруды, заманауи құрал-жабдықтар мен техниканы игеруді талап етеді. «ЕуроХим» кәсіп­орынды жергілікті кадрлармен барынша қамтамасыз ету үшін өндіріске аса қажетті мамандықтарға оқыту және қайта даярлау мәселесінде Жаңатас қаласының №5 колледжімен тығыз байланыста болады. Сондай-ақ, аймақта экономикалық жағдайдың жақсаруы арқасында бұрын жұмыс жоқтығы салдарынан көшіп кеткен қала тұрғындарының қайта орала бастағанына біз де қуаныштымыз. Олардың көпшілігі – жақсы мамандар. Біз оларды қатарымызға қабылдауға мүдделіміз. Біздің мемлекетпен келісілген жұмыс шарттарымыз бойынша «ЕуроХим» 25 жыл ішінде аймақта әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына 40 миллион доллар салатын болады. Компания 2013-2014 жылдары тұрғын үйлерді, балабақшалар мен мектептерді, балалар лагеріне баратын жолды жөндеуге 10 миллион доллар бөліп те үлгерді. Компания қаржысына 240 пәтерлі екі көпқабатты үй қалпына келтіріліп, оларға жылу және су жүйелері тартылды, аулалары абаттандырылды. Жаңатас қаласында табиғи газ жоқ. «ЕуроХим» бастамасымен республика Үкіметі газ құбырын жүргізуге қаулы қабыл­дап та қойды. Жобалау биылғы жылы басталады. Құрылыс мерзімі – үш жыл. Сондай-ақ, біз Жаңатастан Түркі­станға теміржол желісін тартуға ұсы­­ныс жасадық. Адамдар азық-түлік, бас­­қа да тұтыну тауарларын алуға кедер­гі­сіз барып-қайтуы үшін Шым­кент­пен ара­дағы автожолды жөндеу де жоспарда бар. Дмитрий ВАЛЫШЕВ, «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС бас директоры. Жамбыл облысы.