Арзан әрі залалсыз энергия көздерін ашу мақсатындағы «Қазақстанда 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіруді дамыту туралы» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жел күшімен өндірілетін электр энергиясын тиімді қолданудың жолдары қарастырылып келеді. Соған сай ресурстар да жоқ емес. Өйткені жел энергиясының басқа энергия көздерінен экологиялық, экономикалық артықшылықтары мол дейтін пайым бар.
Мәселен, Алматы облысының Қытаймен шекаралас ендікте Еуразия мегабассейніндегі орасан зор ауа массасының көлемі ауысатын, Орталық Азиядағы «жел полюсі» деп аталатын Жетісу қақпасындағы желдің қуаты мол екені дәлелденген. Екі қыраттың ең қысаңындағы алаң (ені 10-12 км, ұзындығы 80 км) табиғи «аэродинамикалық құбыр» саналады. Қақпа еліміздің Балқаш – Алакөл ойпатын Қытайдың Ебінұр ойпатымен жалғастырады. Осы жердегі жел ерекшеліктерін зерттеу нәтижесінде оның электр энергиясын өндіруге өте тиімді екені анықталған. Ондағы желдің жалпы қуаты 5 мың МВт-тан астам деп болжаныпты. Бұл өте зор энергия көзі әрі көмір мен мұнайды, газды үнемдеуге, қоршаған ортаны ластанудан сақтауға ықпал етеді. Айтып отырғанымыз ресурсқа қатысты бір ғана мысал. Қауіпсіз энергия көзі екені екі бастан. Бірақ жан-жануарға емес...
Ал экологиялық қауіпсіздігіне келсек, су, жел энергиясынан басқа, жаңа энергия көздерінің дамуы тұрғысында литий-иондық аккумуляторлар, заманауи экологиялық таза генераторлар пайда болғаны белгілі. Дегенмен бәріне ортақ бір талап электр энергетикасы саласындағы жаһандық трендтердің ішінде жаңартылатын энергия көздерінің ең әуелі ғаламдық климаттың өзгеруіне, СО2 қалдықтарын азайтуға байланысты болып отыр.
Бүгінде әлемнің біраз елінде энергетикалық қуаттың тапшылығы айтарлықтай байқалады дейді зерттеулер. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде өндірілетін электр қуатының 69 пайызы көмірмен жұмыс істейтін стансаларға тиесілі. Сол себепті де сарапшы мамандар елімізде атом электр стансасын салу қажет деп санайды.
«Бұл генерациялау желілік нысандардың негізгі жабдықтарының тозуын, электр энергиясын тұтынудың ұлғаюымен қатар отандық меншікті отынның (уранның) болуын, оған қолайлы бағаның қалыптасуын қамтиды. Өкінішке қарай, елімізде әзірге басқа технологиялар жоқ. ЖЭК-ге келетін болсақ, энергияның бұл түрі бейбіт атомның орнына емес, онымен қатар дамуы керек», дейді энергетик Жақып Хайрушев.
Алайда жел энергетикасының биоалуантүрлілікке тигізетін әсерін де ескерген жөн. Біздің негізі айтайық деген ойымыз да осы. Мәселен, 2023 жылғы қазаны айы мен 2024 жылғы наурыз айы аралығында онлайн форматта жел энергетикасының биоалуантүрлілікке тигізетін әсері туралы жеті дәріс өтті. Дәрістерді АҚШ Геологиялық қызметінің сарапшылары Джил Шаффер мен Тодд Катцнер жел электр стансалары инфрақұрылымы мен жабайы табиғат арасындағы өзара қатынасты жеңілдету әдістері арқылы жинаған тәжірибесіне, біліміне сүйене отырып, әрі осы сала қолданысындағы саясатты ескеріп дайындаған екен. Дәрісте «жел электр стансаларын салуды жоспарлау кезеңінде құстарды зерттеу», «жел электр стансаларын биоалуантүрлілікке зерттеу», «биоалуантүрлілікке тигізетін әсерді азайту шаралары» сынды тақырыптар қамтылған.
Осы саланың тәжірибелі маманы Игорь Карякин жел энергиясы экологиялық таза энергия өндіру көзі саналғанымен, биоалуантүрлілікке, әсіресе ұшатын жануарларға (құстар мен жарқанаттар) кері әсер ететінін айтады. Сонымен қатар жел электр стансалары көшіп-қонатын құстардың жолына кедергі жасайды. Зерттеу барысында Accipitriformes түрлері (осы отрядқа жататын құстардың 57%-ы) жел электр стансаларына жиі соқтығысатыны байқалған. Елімізде жыртқыш құстар, оның ішінде қырандар саны көп. Мәселен, қарақұс бүркіт (Aquila heliaca), дала қыраны (Aquila nipalensis) сияқты ірі түрлер ұя салады, олар дүниежүзілік популяциясының 50%-дан астамын құрайды. Сібірде ұя салатын шаңқылдақ қыранның (Aquila clanga) дүниежүзілік популяциясының 50%-дан астамы да еліміз арқылы қоныс аударады. Бұл түрлердің барлығы ЖЭС-ке соқтығысып қалады екен.
Рас, қазір елімізде бұл мәселе аса күрделі, шиеленіскен жағдайда емес. Өйткені жел энергиясы елдің энергетикалық балансының тек 2%-ын құрайды. Алайда мамандар бұл жағдай тез өзгеруі мүмкін дейді. Себебі соңғы 8 жылда елімізде жел энергиясын өндіру жылдам өскен. 2014 жылғы 0,01 ТВт сағаттан 2022 жылы 2,28 ТВт сағатқа дейін жетіпті. Жел энергиясын өндіруді еш қиындықсыз тағы 10 жыл ішінде ауқымды түрде ұлғайту мүмкіндігі бар дейді энергетиктер.
Ал бұл қырандар популяциясын апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Өйткені жоғарыда айтылғандай, желден энергия алатын аймақтар – қыран құстардың ең тығыз ұя салатын аумағы немесе көші-қон дәліздерімен сәйкес келеді. Осыған байланысты еліміздің заңнамасында «Қызыл кітапқа» енгізілген құстардың ұя салатын жері мен қоныс аударатын дәлізіне қауіпті нысандарды салуға тыйым салатын ережелер, кедергілерден қорғайтын талаптар жоқ. Осылайша, елімізде жел энергетикасы қарқынды дамыған сайын қырандар мен жыртқыш құстардың басқа да көптеген түрі жойылуы мүмкін. Қазірдің өзінде (күзгі) жылы жаққа қайтатын кезінде миллионға жуық жыртқыш құс пен 32,3 мыңнан 40,6 мыңға дейін үш түрлі қырандарға (дала қыраны, қарақұс, шаңқылдақ қыран) ұшатын Қаратау жотасындағы Жаңатас ЖЭС-і қатерлі асудың бірі болып отыр. Қаратау ЖЭС-мен қатар, Шығыс Қазақстан облысында Жаңғызтөбе маңындағы ЖЭС бар. Ол Сібір қырандарына қауіп төндіретін нысан саналады. Бұл біз тілге тиек еткен екі-ақ нысан. Басқа алдағы уақытта салынатын, қазір жұмыс істеп тұрған ЖЭС-тің биоалуантүрлілікке әсері толық зерттелген жоқ. Мысалы, Еуропа елдерінде құстардың көші-қон дәліздеріне ЖЭС салуға шектеу қойылады екен. Елдегі биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мамандары, бұл мәселе біздің елде де зерттелуі қажет дейді.
Қорыта айтқанда, газ, көмір, су, жел, күн, жанартау қатарлы әртүрлі энергия көзін пайдаланатын елдер ең алдымен қауіпсіздікті көздейді. Оның ішінде жан-жануарлар әлемін ұмыт қалдыруға болмайды. Жануарлар әлемі – тіршіліктің ажырамас бөлігі. Бұл тұрғыда жел энергетикасы қондырғыларының технологиясын жетілдіру арқылы оның тиімділігін арттыруға болады.