29 Қаңтар, 2015

Әжелер салған әндер-ай

631 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
DSC_3561-2 Қалаға қарасты Қарғалы ауыл­дық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Геолог» Мәдениет үйі­нің «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблі – облысқа кеңінен танымал өнер ұжымы. Ансамбль 2008 жылы құрылып, араға бір жыл салып халықтық атаққа ие болды. Өнер ұжымының өмірге келуіне сол кездегі Қарғалы ауы­лының әкімі Мұхамбетқали Қаз­кеев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лескен Із­банов және еңбек ардагері Қал­фия Әмірова ұйытқы болды. Бі­раз ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген соң ән салуға икем­ді 13 әженің басы қосылып, ансамбльдің негізі қаланды. Оған сол кезде осы ауылдағы №3 музыка мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарагөз Сағынова қоғамдық негізде көркемдік жетекшілік етті. Ансамбль алғашқы концерттерін ауылдастарының назарына ұсын­ды. Қауымның көңілінен шықты. Сөйтіп, ансамбль облыстық, қалалық мәдени шараларға қа­тыса бастады. «Асыл әжелер» ха­лықтық ән ансамблі облыстық, республикалық, халық­аралық өнер байқаулары мен фес­тивальдарына қатысып, жүлдеден құр қалған кезі жоқ. – Қазір ансамбль құрамында 60-77 жас аралығындағы 20 әже бар. Өздеріміз аудандарға шығып, концерттер беріп жүрміз. Өнердің күші сонда болар, әжелер мұндай сапарларда қанша шаршап-шал­дықса да ешқашан бас тартқан емес. Биылдың өзінде облыста бірнеше концерт бердік. Екі рет Ресейдің көршілес аудандарына барып, өнер көрсетіп қайттық. Онда да жылы қабылдады. Қазақы ұлттық киімдеріміз жетерлік. Осы «Геолог» мәдениет үйінен бөлме бөлді, көркемдік жетекшімізге штат қарастырылды. Жаңа әндерді айтуға осында дайындаламыз. Қазір репертуарымызда 100-ге жуық әндер бар. Қазақтың халық әндерін, орыс, украин, татар және басқа ұлттардың ән­дерін де шырқаймыз. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін үш тілде орындау үшін ағылшынша да тіл сындыруға тура келді, – дейді ансамбльдің көр­кемдік жетек­шісі Қарагөз Сағынова бізбен әңгімесінде. Сөйткенше болмай, кезекті дайындыққа келген асыл әжелердің алды да көріне бастады. Біз оларды да сөзге тартық. – Кезінде Шалқар ауданының Бозой елді мекенінде газ меке­месінде лаборант болып еңбек еттім. Он бала өсіріп, тәрбиелеп, 15 немере, 4 шөбере сүйіп отырмын. Шалым өмірден озды. Мен ансамбль құрылғаннан бері қаты­сып келемін. Аптасына екі рет дайындыққа келеміз. Қол қусырып бос отырғаннан гөрі осылай араласып, бойымыздағы өнер арқылы кейінгі балаларға үлгі болар іс тындырудан артық бақыт бар ма? Ансамбльге ұдайы де­меушілік жасап, мейрам сайын ақшалай сыйлығын ұсынып, дастарқан жаятын «Арыстанғали» шаруа қожалығының басшысы Қайырғали Арыстанғалиев бала­мызға алғысымыз шексіз, – дейді 71 жастағы Гүлара Шалабаева. Ал Алмагүл Тасқожинаның ансамбль құрамына қабылданғанына екі ай ғана болыпты. Ансам­бль­дің дайындығына көр­ші­лес Мұғалжар орман шаруа­шылығынан келіп қатысады екен. – Мені Шолпан деген апай: «Осындай ансамбль бар, барып қатыссайшы, өнерің бар ғой», деп қоярда-қоймай көндірді. Шалқарда көп жыл ұстаз болдым. Көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысатынмын, 1988 жылы Ал­матыда өткен байқауда өнер көрсеткенім бар. Ансамбль ұжымы ұйымшыл, өнерді қадірлейтін аналар мен әжелер. Осындай ұжымға тап болғаныма қуаныштымын. Зейнеткермін деп қарап отыр­ғанша, өнеріңмен өзгелерге қызмет еткенге не жетсін, – дейді ол. Ансамбль мүшелері айлық алмайды, араласып жүргендеріне, өнерлері халық кәдесіне жара­ғанына, өзара кездескендеріне дән риза. Облыс көлемінде әнсүйер қау­ымға көзайым болып келе жат­қан «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблін енді еліміз ғана емес, алыс шетелдер де та­ни­тын болады десек, артық айтқандық бола қоймас. Оған Астанада Қа­зақстан мен Испания бірлесіп өткізген «Фиесталония Қазақстан» халықаралық конкурсында «Асыл әжелер» ан­самблінің вокал номинациясы бойынша бірінші орын иеленіп, дипломмен және ес­керт­кіш сыйлықпен марапатталуы дер едік. Бұл конкурсқа Қа­зақстан мен Испаниядан басқа, Ресейден, Италиядан, сондай-ақ, Франциядан барлығы 800 өнер ұжымы қатысқан. Вокал номинациясы бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 87 өнер ұжымы сынға түскен. – Біздің ансамбль бұл кон­курсқа жан-жақты дайындалды. Арнайы киім тіктірдік. Ас­танаға бару үшін қаржы жа­ғынан қиындық та кездесті. Алайда, тағы да «Арыстанғали» шаруа қожалығының басшысы Қайырғали Арыстанғалиев қолдау көрсетті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, сол кі­сінің меценаттығын көптен бері көріп келе жатқанымызды айрықша айт­қым келеді. Ал конкурсқа келсек, біз вокал номинациясы бойынша Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Жағадағы ару қыз» әнін төрт дауыста орындадық, Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін екі дауыста шыр­қадық. Нәтижесінде ересектер арасындағы вокал номинация­сы бойынша бірінші орынды иелендік. Қазылар киген ұлттық киімімізді, әжелердің ән айту шеберлігін, өздерін сахнада ұстау мәдениетін өте жоғары бағалады, – дейді Қарагөз Сағынова. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.