29 Сәуір, 2015

Бақытты болашағымыздың айғағы

1008 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
02-7.jpg-07-08 Алматыдағы Ұлттық кітапхана бұл күндері зиялы қауым өкілдерінің ел мен қоғам өміріне қатысты салиқалы ой-пікірлер білдіретін салиқалы ордаға айналған. Бүгінгі түгел сөздің мәйегіЕлбасының ерен жеңісі, елдігіміздің мәуелі жемісі хақында. Бұл лебіздерден біз елі сенген Ерге деген риясыз тілектестікті аңғарамыз.

Бұқара халықтың парасаты

Абсаттар кажыӘбсаттар ДЕРБІСӘЛІ, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. Кешегі өткен сайлауда қазақстандықтар өз таңдауын жасап, дауыс берді. Халқымыздың таңдауы – ұлт тағдыры, еліміздің бүгіні мен ертеңі, біздің болашағымыз. Әрбір саналы азамат еліміздің тұрақ­тылығы мен өркендеуі үшін, халқымыздың әл-ауқатының өсуі үшін және өзінің де болашағы үшін, осы кезге дейін жүргізіліп келген Елбасының саясатын қолдап, дұрыс таңдау жасады. Қазіргі жеткен жетістіктеріміздің, алған асуларымыздың барлығы Елбасының көреген де сындарлы саясатының арқасы деп білемін. Оның басшылығымен еліміз ежелден ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді, әлемдік қауымдастыққа өзін мойындатып, тұғыры берік мемлекетке айналды. Алда көптеген мақсаттар, атқарылатын істер бар. Осы мақсаттарға біз тек Елбасымен бірге жететінімізге мен сенімдімін. Өйткені, Елбасының стратегиялық жоспарлары мен бағдарламалары болашаққа апаратын маңызды жобалар. Қазақстан келешекте бай, қуатты, білімді және жасампаз қоғамы бар мемлекетке айналатыны сөзсіз. Қазіргі саяси тұрақсыздық кезеңінде, әлемді ғаламдық дағдарыс жайлаған жағдайда еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін түсіне біліп, дұрыс таңдау жасағанымыз даусыз. Қазақстан осы жылдар ішінде тек қана жеңістермен келе жатыр еді. Бұл сайлау да асқаралы белестен өткізген айтулы жеңіс болды, бұқара халық өзінің ақылы мен парасатын тағы бір көрсетті.

Таңдаудың даналығы

АзимовСергей ӘЗІМОВ, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Мен кешегі өткен Президент сайлауында көпұлтты, он жеті миллионнан астам халқы бар Қазақстан өз таңдауын дұрыс жасады деп ойлаймын. Еліміздегі тұрақтылықты, бейбіт өмірді, жасампаздықты тілейтін ел-жұртымыз өз қалауын жасады. Қазіргі саяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында, талай қиын кезеңдерді басынан кешірген, талай қасіреттен өткен тәжірибесі бар халқымыз бейбіт өмір мен тұрақтылықтың маңызын жақсы түсіне отырып, дұрыс және дана шешім қабылдады деген сенімдемін. Жұртшылық осы ұлттар арасындағы бірлігіміз бен өзара келісімді, сондай-ақ, жеткен құндылықтарымызды сақтап қалуға міндетті екенімізді түсінеді. Сондықтан да, мен сайлау толығымен өз мәресіне жетті деп ойлаймын. Қазіргі кезеңде әрбір адам өзі таңдау жасауға құқылы, оған ешқандай шек қойылмайды. Біздің дана халқымыз еліміздің болашағы үшін лайықты таңдауды жасады. Ұлтымыздың даналығы мен парасаттылығы халықтың ең жоғары мәдениеті болып табылады. Осы қазақстандық дүниетаныммен және сеніммен қалыптасқан саяси технология адами мәдениетпен тығыз байланысты. Қазақстан халқы, соның ішінде, елімізге еріксіз жер аударылған ұлттар мен этностар халықтар арасындағы бірлікті, сыйластық пен өзара түсіністікті қазақстандық қоғамның ұлы жетістіктерінің бірі екенін айқын сезініп, бағалайды. Қазақта «жақсысын асырып, жаманын жасырады» деген нақыл сөз бар. Шешілмеген мәселелер көп, алайда, еліміздегі тұрақтылық, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамның басты құндылықтары. Осы қол жеткізген өзара қатынастар жүйесін, рухани құндылықтар жүйесін сақтап қалу өте маңызды, оны арттырып, келесі ұрпаққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Жеңісіміз құтты болсын, ағайын, демекпін!

Бұлтартпайтын жеңіс

Марал Ыс0а0байМарал ЫСҚАҚБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан халқы кешегі сайлау арқылы Елбасына деген жоғары сенімін тағы да қуаттады. Сайлау науқаны басталғалы бері әрбір адам, әрбір қазақстандық сенімді түрде өз таңдауын жасап қойды деп ойлаймын. Өйткені, еліміздің болашағы мен дамуы, халқымыздың, келер ұрпағымыздың келешегі осы таңдауымызбен тікелей байланысты екендігі бәрімізге аян. Қазақстан жұртшылығы өзінің саяси белсенділігін, бірлігін, келе­­шегіне немқұрайды қарамайтындығын көрсетті. Бұл еліміздің тағдырына, мемлекетіміздің болашағына деген асқан жауапкершілікті білдіреді. Осы сайлауда халықтың сенімі ақталып, Нұрсұлтан Назарбаев бұлтартпайтын жеңіске жетті. Елбасының жеңісі – еліміздің жеңісі! Бұл – халқымыздың Тұңғыш Президентінің сындарлы саясатын, мемле­­кетіміздің экономикалық және әлеуметтік қарқынды дамуын, тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстарымызды қолдауының жарқын көрінісі. Елбасының аса зор саяси тәжірибесі, өмірлік даналығы, сындарлы саясаты, парасаты мен сарқылмас күш-қуаты әлі ұзақ жылдар бойы Қазақстан халқының мүддесіне қызмет ететініне күмән жоқ. Біз бақыттымыз, біз бақытты елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да, әрқашан заманымыз тыныш, елімізде тұрақтылық болса деп тілеймін. Жеңісіміз баянды болсын, қазақстандықтар!

 Мен де сенімдімін

шомишбай сариевШөмішбай САРИЕВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Президенттік сайлау – ел өміріндегі сая­си маңызы аса зор оқиға болды. Оған қазақстандықтардың белсене қатысқанына бәріміз куәміз. Халқымыз өз таңдауын жасады және басым көпшілік дауыспен президенттікке Нұрсұлтан Назарбаевтың сайланғанына біз керемет қуаныштымыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіп шыға­тынына Қазақстан халқы сенімді болды. Оны бірауыздан қолдап, дауыс берді. Ол Елбасының халық алдындағы беделінің, оның сарабдал саясатына деген риясыз сенімнің айғағы. Өйткені, халқымыз қазіргі әлемдік дағдарыс және көптеген мемлекеттердегі шиеленістер жағдайында еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына, оны ілгері жетелейтін де, кемел болашаққа апаратын да бүгінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екендігіне кәміл сенеді. Еліміздің бірлігі мен тыныштығын тілейтін халқымыз Қазақстанның қар­қынды дамуы үшін Елбасының өзі бастаған істерін, стратегиялық бағ­дар­ламалары мен жобаларын жүзеге асырып, аяғына дейін жеткізуін қалайды. Сондықтан да, Елбасымыздың басшылығымен талай қиын кезеңдерді бастан кешірген Қазақстанның болашағы жарқын да бақытты болатынына мен де сенімдімін. Еліміз өркендей берсін, тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын! Жазып алған  Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.