Сурет: ru.freepik.com
Шарт қатаңдап, шектеу күшейеді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді (ҚНРДА) АХҚО-да тіркелмеген цифрлық биржаларға төлем жасаудан, ақша аударудан автоматты түрде бас тартуға міндеттеп отыр. Осы талаптың нәтижесінде есірткі мен цифрлық активтердің заңсыз айналымына, банк өнімдерін пайдалану тәуекеліне тосқауыл қойылмақ. Сөйтіп, банктер есірткінің заңсыз өндірілуі, айналымы мен транзиті, АХҚО қатысушысы емес қолданушылар, электронды казино мен интернет-казино пайдасына төлем жүргізуден бас тартады. Сондай-ақ 21 жасқа толмаған жеке тұлғалардың ойын бизнесін ұйымдастырушыларға пайда әкелетін ақша аударымдарын жүргізуден аулақ болады.
Цифрлық активтер биржаларының пайдасына төлем жүргізудің де жолы кесіледі. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер бір клиентке 5 картадан артық картамен төлем операцияларын жүргізуге тыйым салмақ. Лимит айына 100 мың теңгеге дейін 3 төлемнен аспауы керек.
– Банк еліміздің бейрезиденттері – аталған банк шығарған төлем карточкаларын ұстаушылар, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы, транзиті негізінде кірісті жылыстату, терроризмді қаржыландыру тәуекелі жоғары елдердің резиденттеріне кіретін клиенттердің, елде болу негізділігін растайтын құжаттарды (еңбек шартын, оқу шартын, елде шетел азаматының тұру ықтиярхаты мен басқа да құжаттарды) тексереді, – деп жазылған құжатта.
Демек тексеріс барысында бестен көп төлем картасы бар клиенттен қандай да бір күдікті операциялар анықталса, банк қаражаттың шығу көзіне тексеріс жүргізуге міндетті. Оған қоса, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарында белгіленген шараларды ұстануы қажет. Мұндайда күдікті операциялар туралы қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органға ақпарат жіберіледі.
Алаяқтар алған несие кешіріледі
Биыл елімізде фишинг шабуылдарының саны 7,5 есе артқан. Қанша адамды өздері рәсімдеген онлайн несие орға жығып, несібесінен айырды. Енді олай болмайды. Азаматтардың атына алаяқтық жолмен рәсімделген несие есептен шығарылады. ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, есептен шығару тек сот шешімімен жүзеге асырылады.
– Қазір біз алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді есептен шығару мәселесін қарастырып жатырмыз. Азаматтар онлайн несие рәсімдеуге «eGov» порталы арқылы тыйым сала алады. Бүгінде 700 мыңға жуық азамат ерікті түрде онлайн несие рәсімдеуге тыйым салды. Осы тыйымға қарамастан, азаматтардың атына несие рәсімделген болса, сот шешімімен мұндай несиелер міндетті түрде есептен шығарылады. Алаяқтар рәсімдеген онлайн-несиелерді есептен шығаруға қатысты критерийлерді кеңейтіп, азаматтарымыздың құқын қорғау мәселесін пысықтап жатырмыз, – деді агенттік төрағасы.
Биыл маусымнан бастап, биометриялық деректер ұсынуға қатысты талаптар да күшейтілген. Сонымен қатар онлайн несие беруге қатысты екі факторлы аудентификация жүргізіліп жүр. Алаяқтардың несие рәсімдеуі сонда да тоқтар емес. Сол себепті агенттік алаяқтар рәсімдейтін онлайн несиелерге қатысты критерийлерді бекітіп жатыр.