Атырауға шетел азаматтары көп келеді. Әрине, вахталық әдіспен жұмыс істеп, көл-көсір пайда табуды көздейді. Бірақ, олардың бәрі бірдей ел заңдылығын сақтай бермейді. Тіпті, кейбіреулерінің құқық қорғау қызметкерлерінен жасырынып жүретіні де бар. Сондай бір топ қытайлық азаматты Атырау қалалық ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторлары прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген шара барысында анықтап, ұстап алды.
Нақтылай айтқанда, Қытай Халық Республикасының 38 азаматы қаладағы жатақханалардың бірінде жасырынып жүрген болып шықты. Олар еліміздің аумағына енген соң ішкі істер органдарында тіркелуден өтуі тиіс екен. Алайда, облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлағанындай, Қытай азаматтары тиісті заңдылықтың бұл талабын бұзған. Сол себептен, 38 қытайлыққа қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Қазіргі уақытта аталған шетелдіктердің ел заңдылығын бұзуымен байланысты толтырылған әкімшілік хаттама әкімшілік сотқа жолданды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.