Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Біржақты көзқарастың өзгерер сәті келді
Мемлекеттік қызметтерге халықтың қанағаттану деңгейі мынадай: азаматтарға арналған үкімет қызметі 52,2 пайызды құрап, былтырға қарағанда 4,4 пайызға; салық органдары қызметтері 49,7 пайызды құрап, 3,5 пайызға; полиция қызметтері 50,4 пайызды құрап, 3,5 пайызға; жедел медициналық жәрдем орталықтарының қызметтері 60,3 пайызды құрап, 4,2 пайызға; өрт саласының қызметтері 58,6 пайызды құрап, 5,4 пайызға артқан.
Бір қызығы, «мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің бұқараға қызмет ету деңгейі қандай?» деген сауалға жауап беруші респонденттердің жас ерекшелігіне де қатысты айырмашылық бар екені анықталып отыр.
18 бен 28 жас арасындағы жастардың сенім деңгейі азаматтарға арналған үкіметке – 56,4, салық қызметіне – 54,8, полицияға – 54, жедел жәрдем қызметіне 62,3 пайызды көрсетті. Ал егде тартқан отандастарымыздың 2,9 пайызы – азаматтарға арналған үкіметке, 3,4 пайызы – салық қызметіне, 5,4 пайызы – полицияға, 2,4 пайызы жедел жәрдем қызметіне сенім артпайтынын білдірген.
Жергілікті жердегі атқарушы органдар ісіне бұқараның қанағаттануы азаматтарымыздың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға тиіс құзыретті мекемелер жұмысының маңызын жұртқа жеткілікті деңгейде насихаттауға да тікелей байланысты екенін ұмытпау керек.
Бүгінгі қоғам алдымен кез келген бастаманың, саяси реформаның көлеңкелі жағын көріп, ізгі істердің нәтижесін ең соңынан сезетіні аксиомаға айналып кетті. Оған соңғы 33 жыл ішінде мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына деген біржақты көзқарастың қалыптасуы басты себеп болғанын жоққа шығара алмаймыз. Саясаттанушылар: «Отыз жылдықтағы етек алған парақорлық, заң алдында әлсіздің ұтылып, әлдінің құтылуы секілді сансыз оқиға мемлекеттік мекемелерде қызмет ететін азаматтарға деген сенімді сетінетіп жіберді. Қазір елімізде саяси реформалар сәтті жүргізіліп, мемлекеттің «еститін үкімет» деген қағиданы басты назарда ұстай бастауы бұқара санасындағы сол бір қасаң түсініктердің өзгеруіне ықпал ете бастады», дейді. Бұл жайт шенеуніктерге сыңаржақ көзқараспен қарайтын заманның өтіп, «бір құмалақ бір қарын майды шірітетінін» дәлелдейтін уақыттың да жақын қалғанын білдірсе керек.
Ол уақытты жеделдетудің бір ғана жолы бар. Мемлекеттік қызметтегі азаматтардың атқарып жатқан жұмысын шынайы өмірдегі фактілер арқылы насихаттап, оның мән-маңызын жұртшылыққа шынайы түсіндіру жұмысын жүргізу керек.
Мемлекеттік қызмет – мансап емес
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы айдың басында өткен Мәслихат депутаттарының форумында: «Әкімдер жұмысына сын көзбен қарау – демократияның белгісі. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар», деп қоғамдағы кейбір мінездерді сынаған еді. Президент айтқандай, көпке онлайн-танымал қоғам белсендісін танитын едік. Ол бұрындары әлеуметтік желілерде отырып алып, мемлекеттік мекемелер мен әкімдерді сынаудан қолы босамайтын. Белсендінің халыққа қызмет көрсету орталығы, салық, полиция, медицина, білім, өрт қызметі секілді құрылымдардың ішінде «есекке теріс мінгізбеген» саласы жоқ. Өткен жолы сол кісінің мемлекеттік қызметкерлерге ақтарыла алғыс айтып жатқанын көріп таңғалдық.
Мәселенің мәнісін өзінен сұрадық. Сөйтсек, өмірінде шетін бір оқиға болыпты. Оның көршісі суицид жасамақ болып, асылып қалған жерінен шешіп алыпты. Бауыздалған қойдай қырылдап, ауа жетпей ажалмен арпалысып жатқан жігітке қалай жәрдемдесерін білмей тығырыққа тірелген. Абырой болғанда жедел жәрдем уақытында келіп, алғашқы көмек көрсетіп үлгеріпті.
«Шиіттей жас балалары бар еді. Дәрігер «бір адам бізбен бірге жүрсе» деген соң, әйелін балаларымен қалдырып, жедел жәрдем көлігіне міндім» дейді ол әңгімесін жалғап.
Сол жолы медициналық оқу орнын жаңадан бітірген жас маманның адам өмірі үшін арпалысқан сәтін көзбен көрген. Жедел жәрдемдегі кислород бітіп қалып, жолай мобильді жедел топтың көмегіне жүгінуге тура келген. Жас дәрігер жанталасып жүріп, көршісінің жанын аман сақтап қалыпты.
«Әлгі баланың маңдайынан сорғалаған терін көріп қатты ұялдым. Жедел жәрдем қызметін жөнсіз қаралаған баяғы істеріме өкіндім», дейді қоғам белсендісі.
Ол басынан кешкен екінші оқиғаны да баяндап берді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде қарақшылықпен айналысатын түрлі қылмыстық топтар көбейіп кетті ғой. Сол дәуірде Алматыдағы ірі оқу ордаларының бірін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған азамат болды. Заман ауысып, қарақшылық ісін қойса да, заң адамдарын «қызылдар» деп білетін түсінігі өзгермеді. Бір күні түнгі екіде сол азамат қоңырау шалды. Айтуына қарағанда, біреулер қарындасын қорлаған. «Мен – әулетіміздің жалғыз ер баласымын. Менің де бір ұлым бар. Қазір кек алып, түрмеге кетсем, жалғыз ұлдың жайы не болады?» дейді дауысы дірілдеп. Қарындасының абыройы үшін кек алуға шамасының жететініне күмәнім жоқ еді. Бірақ өзі «қызылдар» деп жақтырмайтын полицияға арыз жазудан басқа жолы қалмағанын терең түсіндім», деді сырын ақтарып.
Ел алдында түрлі мәселе көтеріп, мемлекеттік қызметкерлерді сынап жүрген белсендінің санасын төңкеріп тастаған осы екі оқиға барлық азаматқа ой салуы керек. Елдің ертеңі үшін қызмет етіп жатқан мемлекеттік қызметкерлердің адалдығы, антқа беріктігі туралы да жиі жазып тұру керектігі аңғарылады. Сонда халықтың ресми органдардың жұмысына қанағаттануы бүгінгіден де арта түсері сөзсіз.