29 Қаңтар, 2015

Тарихымызға қатысты тың құжаттар

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қытайдан Қазақ хандығының шежіресінен сыр шертетін, тарихи мәні жоғары жаңа құжаттар табылды. Бұл табысқа Халықаралық Түркі академиясы (ХТА) ғалымдарының Бейжіңге жасаған сапары барысында қол жеткізілді. Таяуда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дар­хан Қыдырәлі бастаған тарихшы-ғалымдарымыз Бейжіңге арнайы жұмыс сапарымен барған болатын. Сол кезде еліміздің өкілдері Қазақ хандығы туралы бұрын еш жерде жарияланбаған құнды құжаттарды кездестірді. Өткеннен хабар берер бұл мұра­лардың ішінде қазақ хандары мен сұлтандарының Цинь императорына шағатай, қал­мақ тілдеріндегі хаттары және екіжақты дипломатиялық байланыстар жөнінде манчжур тілінде жазылған мағлұматы мол қолжазбалар бар. Ғалымдар тарихымызды түгелдеу ісінде аталмыш жазбалардың орны ерекше екенін алға тартып отыр. Айта кетейік, біздің делегация Бейжіңде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ал­қалы жиын өткізді. Басқосуда Қытай тарихшылары еліміздің өткеніне қызығушылық танытатындарын білдірген. Осы орайда Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы этнология және антропология институтының директоры Ван Яньчжун: «Қазақ­стан ғалымдарының Бейжіңге келіп, баяндама оқып, пікір бө­лісуі біздің қазақ халқы мен оның тарихы туралы түсінігімізді кеңейтті. Осындай шаралар біздің стратегиялық маңызды көршіміз Қазақстанмен гуманитарлық-мәдени қатынастың кеңеюіне оң әсерін тигізеді», – деді. Қытайдың белгілі ғалымы, профессор Бай Цуй Циннің дерегінше, 1950 жылдан бері хан­зу тілінде қазақ халқының та­рихы мен мәдениеті туралы 2600-ден астам ғылыми мақала мен 10-нан  астам кітап жарық көріпті. Сондай-ақ, соңғы кездері аталған бағытты зерттеу бойынша докторлық және магистрлік жұмыстар саны арта түскен. Бұдан бөлек, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының бірнеше институты Халықаралық Түркі академия­сымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдіріп жат­қан көрінеді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».