Оқиға • 23 Қазан, 2024

Ақын Төлеген Айбергенов атындағы мектепке - 45 жыл

107 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордада қазақтың ақиық ақыны, отызында қазақ поэзиясын биік деңгейге көтеріп кеткен Төлеген Айбергенов атындағы мектеп бар. Кенесары көшесінің бойында орналасқан №16 орта мектебі қала өміріндегі маңызды іс-шараларға белсене қатысып жүрген оқу ордасы. Биыл мектеп 45 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. «Мектебім –шамшырағым» деп аталатын айтулы ашық іс-шараға мектептің жүрегі – ұстаздар, оқушылар, еңбек және оқу ісінің ардагерлері, зиялы қауым, ақынның қыздары Махаббат, Айнар Айбергеновалар, өнер қайраткерлері қатысты.

Ақын Төлеген Айбергенов атындағы мектепке - 45 жыл

 2681 бала оқитын, аралас тілде оқытатын орта мектепте патриот жастарды біріктіретін «Жас сарбаз» қозғалысы,  «Оқуға құштар мектеп», «Жас сарбаз» дебат клубы, «Роботехника», «STEM» зертханасы, «Менің қаламның көшелері», «Вестник» радио жаңалықтары, «Жас сарбаз», «Мектеп парламенті», «Адал ұрпақ» еріктілер клубы, «Жас тілші», «Бағдарламалау С++», спорт секциялары, авомодельдеу, гидропоника, робототехника, тағы басқа үйірмелер белсенді жұмыс істейді. Тәлім беруші мұғалімдердің көпшілігі тәжірибелі мамандар, аттестаттаудан өткен педагогтар. Биылғы түлектердің көпшілігі жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, еңбек етіп жүрген жастар.

Мектеп директоры  Сәуле Азимханованың іскерлігінің арқасында мектеп түлеп, жаңарып, жаңғыру үстінде.

Мектеп 1979 жылы 31 тамызда ашылды. Білім ордасының ашылуына ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаев қатысты. 

Педагогикалық ұжымның өтініші бойынша Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен 2001 жылы №16 орта мектепке ақын Төлеген Айбергеновтің аты беріліп,   мемориалдық  музейі  ашылды.

Ақынға арналған музей 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Музейді ашуға мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбота Есаматова көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ поэзия жанашыры, қоғамдық істерге белсене қатысып жүрген «ҚР Мәдениет қайраткері» Оспан Сүлейменұлының да зор үлесін айтпай кетуге болмайды.

«Төлеген Айбергенов – артына өшпес із қалдырған қайталанбайтын тұлға. Ол шын мәнінде ақын еді. Шығармашылық бабына келген 30 жасында мезгілсіз өмірден озған ақынның қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы орасан», дейді музейдің жетекшісі Жүсіпова Гаухар Жетебайқызы.

2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен мектеп музейлері арасындағы байқауда Т.Айбергеновке арналған мектеп музейі Бас жүлдені жеңіп алған болатын. «Үздік мектеп мұражайы – 2011» байқауының жеңімпазы, диплом иегері. «Үздік мектеп мұражайы - 2017» қалалық байқауда 3-орын жеңімпазы атанып, диплом алды. Сондай-ақ Ұлттық музейдегі құнды жәдігерлердің көрмесіне қатысты.

«Ақынның шығармашылығын насихаттау барысында көптеген іс-шараларды өткізіп жатырмыз. Ақынның мерейтойы жылдары арнайы конференция өткізіп, ол жайында жазылған эсселер байқауының жинағын шығарып, жарыссөздер, жыр кештерін, тәрбие сабақтарын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Ақынның өлеңдерін жатқа оқитын балалар арасында байқау жариялап, музейге тек қана ақын өлеңдерін жатқа айтатын оқушылар ғана кіреді деген талап қойғанбыз», дейді Гаухар Жетебайқызы музей экспонаттарымен таныстыра отырып.

 

Ақын атындағы мектепте оның отбасы берген құнды жәдігерлер – қол сағаты мен қолданған ыдыс-аяқтары және қырынатын құралдары бар.

Музей экспонаттары өте талғаммен жасақталған. Бірінші қатарда өзі өмірде айрықша құрметтеген, ерекше тағдыр иесі Жібек ана мен Ақтөбеге арналған стендт орналасқан. Одан кейін туып-өскен жері Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданы мен апаларының фотолары және  «Апаларым» өлеңі тұр.

Төлегеннің поэзиясы туралы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Төлеген Айбергенов творчествосы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры», дейді. Жиырмадан енді ғана асқан шағында қазақ поэзиясының төрінде жарқ ете қалған ақынды әдеби орта бірден мойындады. Әбділдә Тәжібаев ақынның өлеңдеріне алғаш алғы сөз жазып, баспасөз бетіне жариялады. Соған қарамастан ақын көзі тірісінде Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп үлгермейді. Қазір Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар. Төлеген Айбергеновтің «Сағынбай барсаң таулар да сенің, алдыңнан шықпас асқақтап» деген өлең жолдары өнерді сүйген, өмірді сүйген ақынның оптимистік жырлары адамды өмірге өзгеше қырынан қарауға үйретеді.

Төлеген Айбергеновтің ақын інісі Мұхтар Шахановқа арнап жазған «Сағыныш» атты өлеңі әдеби, мәдени ортада кеңінен танымал болса, қарапайым халық оның «Бір тойым бар» деген өлеңін жатқа оқиды. Астанадағы Төлеген Айбергенов атындағы мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа айтып, қаладағы түрлі мәдени іс-шараларға қатысып жүр.

Шын таланттар алыстаған сайын биіктей береді. Сағыныштың ақыны, жырдың жарық жұлдызы Төлеген Айбергенов шығармашылығы, жастардың өлеңдерін насихаттауы бұған көзімізді жеткізгендей.

Салтанатты іс-шара кезінде қатысушылар, кеш қонақтары Төлеген Айбергеновтің мемориалдық музейіне саяхат жасап, мектеп дәлізінде қойылған «STEM – барлығы үшін» инновациялық жобалар көрмесімен танысты. Шығармашыл балалардың жел диірмені, су қоймасына арналған жобалары өте қызғылықты, әсерлі болды. Болашақта ғылымға жаңалық әкелетін ғалымдар шығарына шын көңілімізбен сендік, сендік те оқушылардың қызықты жобаларымен етене таныстық. «Жасыл аймақ» алаңының жұмысымен танысқан құрметті қонақтар алаңда алдын ала дайындалып қойған түрлі-түрлі гүлдерді тыңайтқыштарымен бірге отырғызып, гүлге оранған мектептің дәлізіне тағы таңғажайып әдемі гүлдерді егіп, өзіне де, өзгеге де керемет көңіл-күй сыйлады.

Қатысушылар қыздарға арналған заманауи жабдықталған Технология кабинетінің ашылу рәсімінде болып, мектептегі әнші, мегажұлдыз Димаш Құдайбергеннің есімі берілген Музыка кабинетінің ашылу салтанатына қатысты.

Димаштың әжесі Миуа Низамутдинова, анасы Светлана Айтбаева, Астанадағы музыкалық Жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров, тағы басқа өнер майталмандары қатысып, үлкендер шашу шашып, өнер қайраткерлері ізгі тілектерін білдірді. Ақынның қыздары Махаббат пен Айнар Айбергеновалар толғана тілек айтып, Айнар Төлегенқызы ақынның өлеңін тебірене оқып берді. Елордалық Музыкалық жас көрермен театрының актерлары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, әнін шырқады.

Елорда аспанын ақынның отты жырларына, әуезді әуенге бөлеген кеш ұйымшыл мектеп ұжымының «Мектебім – шамшырағым» атты мерекелік концерті мектептің гимніне айналған ақынның «Атамекен» өлеңіне жазылған Роза Әлқожаның ғажайып әнімен  түйінделді. Келгендер ұстаздар мен оқушылардан құралған аппақ киінген келісті хордың патриоттық рухпен шырқаған әніне орындарынан тұрып ду қол шапалақтап қосылып тұрды.

О, адамдар, біргемін мен сендермен,

Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен.

Сендер менің бақытымның бұлағы,

Сендер менің дарыныма жел берген.

Өздеріңмен өмір шыңын бірге астым,

Жарты құртты бөліп жедім, сырластым.

Дүниеге келгенім жоқ шет жүріп,

Рақатын ойлау үшін бір бастың.

Гүлстанға айналдырған тақырды,

Болат қолдар, алғыр милар ақылды,

Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді

Алар демім қалғанынша ақырғы.

Менің үшін бірдей тілің, жынысың,  деп жырлаған, отызында  бақиға озған Айбергеновтің сағыныш тұнған жырлары жүректермен сырласып, жасап келе жатыр. Жасай да бермек. Адам мен өмірді Айбергеновше сүю, жырлау, көз алдыңда жайнаған дүниені Айбергеновтей сағыну – барша адамзатқа бұйырса, онда жер беті әлдеқашан жұмақ болар еді. Жақсының, жақсы жырдың шарапаты жастармен, келешек ұрпақпен мәңгілік жасай бермек.


Гүлшат САПАРҚЫЗЫ