Аталған өндіріс орнының негізгі кәсіпорындары Ақтоғай мен Бозшакөлде орын тепкен. Аз уақыттың ішінде алдыңғы қатарлы даму көрсеткіштерін әйгілеп отырған «KAZ Minerals» қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналды. Сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын екі есе арттыратын Ақтоғайды кеңейту жобасы 2021 жылдың қазан айында іске қосылып, желтоқсан айында тұтынушыларға алғашқы өнімін жеткізді. Бүгінде «KAZ Minerals»-та Қазақстан мен Қырғызстандағы кәсіпорын қызметкерлерін қоса есептегенде шамамен 14 000 адам жұмыс істейді.
2014 жылы 31 қазанда компанияны қайта құру жұмысы мәресіне жетті. 2015 жылдың желтоқсан айында Ақтоғайда алғашқы катодты мыс өндірілсе, осы кеніш орнында бірінші сульфидті фабрика іске қосылып, жұмыс аясын кеңейтті. Сульфидті кенді қайта өңдеу жөніндегі жылдық қуаты 25 млн тоннаға дейін өсті. 2015 жылы Шығыс Қазақстан мен Бозымшақтағы катодты мыстың жалпы өндіріс көлемі 81 мың тоннаны құрады. Ілеспе өнім ретінде 94 мың тонна концентраттағы мырыш, түйіршік түріндегі 3,14 млн унция күміс пен құйма түріндегі 35 мың унция алтын алынды. 2016 жылдың ақпанында ашылған Павлодар облысында орналасқан ашық типтегі ірі ауқымды кеніштің бірегейі ретінде Бозшакөл кен байыту кешені іске қосылды. Осы жобалар аясында қарқынды даму көрсеткіштері өсіп, «KAZ Minerals»-ты әлемдік деңгейде ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырды.
Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде 2017 жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 259 мың тоннаны құрап, ілеспе өнім ретінде 58 мың тонна концентраттағы мырыш, 179 мың унция алтын мен 3,506 млн унция күміс өндірілді.
«2024 жылдың бірінші жартыжылдығында «KAZ Minerals» тобы 191 мың тонна мыс өндірді. Мыс өндірісі 4%-ға азайды. Дегенмен кендегі металл мөлшерінің жоспарлы төмендеуі өнімділіктің артуымен ішінара өтелді. Осы кезеңде топ рекордтық 47,5 млн тонна кенді өңдеді, бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 7%-ға артық. Есепті кезеңде күміс пен мырыш өндірісі 5 және 6%-ға азайды, өйткені шығыс өңір мен Бозымшақта кен өндіру металл мөлшері төмен учаскелерде жүргізілді. Ашық карьердегі жұмыстар тоқтап, жаңа жерасты кенішінің қуаттылығын артырып жатқан Бозымшақта өндірістің бәсеңдеуіне байланысты алтын өндірісі 3%-ға азайды», дейді «KAZ Minerals» тобы корпоративтік байланыстар департаментінің менеджері Ермек Дюзкенев.
Компания 2016 жылдан бастап демеушілікпен де айналысып келеді. 2016 жылы Семей қаласындағы спорт нысандарының құрылысына 861 млн теңге қаржы бөлді. 2018 жылы тасқын судан зардап шеккендерге көмек қолын созды. Компания бөлген 50 млн теңгеге Аягөз ауданының орталығында 12 жекеменшік үй мен пәтер сатып алынды. Былтырғы өрт оқиғалары кезінде де мекеме қызметкерлері Абай облысында зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетуде барынша белсенділік танытты. Кәсіпорын есебінен аймақтағы өрт салдарын жоюға 135 млн теңге бөлініп, материалдық көмек көрсетуге және табиғи апат келтірген залалды жоюға жұмсалды.
Аягөз ауданындағы Ақтоғай және Қопа ауылдарындағы жол жөндеу және көшет отырғызу науқанына қаржы бөлді. Жас көшеттерді сатып алуға 2,8 млн теңге жұмсады. Сонымен қатар Аягөз қаласындағы политехникалық колледж жатақханасын салу, Ақтоғай және Қопа ауылдарының мектептеріне музыка аспаптарын және компьютер жабдықтарын сатып алу, Аягөз ауданының жергілікті студенттеріне шәкіртақы мен гранттар тағайындау, Ақтоғайдағы өрт сөндіру бөлімін қайта жаңғырту жұмыстарын да атап өтуге болады.
Аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бой көтерген IT мектеп-лицейінің құрылысына «KAZ Minerals» 9 млрд теңге қаржы аударған. 1 200 оқушыға арналған жаңа оқу ордасында информатика, мультимедиа, роботтехника, графика, модельдеу, токарлық-слесарлық шеберхана, қыш бұйымдар жасау мен аспаздық және тігіншілікке баулитын 48 оқу кабинеті бар.
«Қазаншұңқырдан бастап, заманауи сыныптарды жабдықтауға дейінгі барлық жұмыс 10 айға жуық уақытта аяқталды. Мердігерлер және өңірлік мемлекеттік органдармен бірлескен қажырлы еңбек пен тиімді өзара іс-қимылдың арқасында бұл жобаны рекордтық мерзімде іске асыра алдық. Оқушылар үшін мектептің барынша жайлы және қауіпсіз болуы өте маңызды. Мұнда заманауи информатика мен роботтехника сыныптары, кең акт залы мен асхана, спорт залдары, ашық алаңдар бар. Сондай-ақ балалар қарым-қатынас жасай алатын, шығармашылықпен айналысатын нетворкинг аймағы бар. Мектеп сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Бұл мектеп Семейдің бетке ұстар оқу орнына айналып, Абайдың отанында жаңа үрдіс қалыптастырады деп үміттенеміз», дейді «KAZ Minerals Management» басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.
Абай облысы