Сұхбат • 24 Қазан, 2024

Төлеутай Сүлейменов: Дипломатиялық байланыс – мемлекет тарихындағы маңызды іс

293 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекетті әлемге танытатын сыртқы саясаты екені белгілі. Ал мұны жүзеге асыратын жауапты тұлға – Сыртқы істер министрі. Еліміз Тәуелсіздік алған соң Мемлекет басшысы бұл жауапты қызметті Төлеутай Сүлейменовке сеніп тапсырған. 1991 жылдың желтоқсанында еліміз тәуелсіздік алды деген хабарды дипломат Ирандағы КСРО елшілігінде кеңесші болып жүргенінде естиді. Төрт күннен соң 20 желтоқсанда туған еліне оралып, тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытуға белсене кіріседі. Мереке қарсаңында белгілі дипломатпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Төлеутай Сүлейменов: Дипломатиялық байланыс –  мемлекет тарихындағы маңызды іс

– Төлеутай Ысқақұлы, халық­аралық қарым-қатынастар алғаш қалай жолға қойылды? Жұмыс неден басталды?

– Егемен ел болып, жеріміздің байлығын өзіміз пайдалансақ, әлемге танылсақ деп жүрдік. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін қиыншылық басталды. Халықтың ахуалы нашарлағаны соншалық, жарты жылдап жалақы алмаған жұмысшылар көшеге шықты, теміржолға жатып алғандар да болды. Олардың қатарында шахтерлер де бар. Үкімет оларға әзірге мүмкіншілік жоқ екенін ашық айтты. «Біз енді аяққа тұрып келе жатқан елімізге зауыт, фабрикалар салуымыз керек. Сол бағытта қызмет жасап жатырмыз» деп түсіндірдік. Сол кезде елде 3,5 миллион жұмыссыз тіркелді. Инфляция 2 мың пайыз болды. Бізге көмектесетін елдер де болмады. Ал бізге көмек керек еді, дәлірек айтсақ, инвестиция қажет болды. Оны кім береді, қай мемлекет береді? Саралай келе, Еуропа, Америкаға жол ашу қажет екенін түсіндік. Осы елдерге барып, өзімізді таныстыруды мақсат тұттық. Әрине, ол – әр адамның қолынан келмейтін іс. Тәжірибесі бар қызметкерлер керек. Басында Сыртқы істер министрлігінде менімен бірге он адамдай болды: бір орынбасарым, бір шаруашылық меңгерушісі, терімші, жүргізуші, екі консулдық қызметкер. Ағылшын тілін білетін адам болмады, аудармашы да жоқ. Менің ғана тәжірибем бар, Ауғанстанда, Иранда, Мәскеудің орталық аппаратында істедім. «Тіл білесің, жұмысқа кіріс, са­ған көмектесемін», деп Президент се­нім білдірді. Мен де бірден ұсыныс жасап, қасыма бірге істейтін жолдастарым – тәжірибелі, елшіліктерде істеген дип­ломаттарды шақыруға рұқсат бе­руін сұрадым. Президент келісті. Со­дан кеңес одағының елшіліктерінде іс­теп жүрген достарыма телефон шалып, телеграмма жіберіп, хат жазып шақыр­дым. 15 шақты жігіт отбасымен кө­шіп келді. Олар келем дегенше де үш-төрт ай өтті. Өйткені Мәскеуден сұра­нып, елге ұшып келу оңай іс емес еді. Осы­лайша, министрлікті жасақтадық.

Әлемде елімізді білетіндер некен-саяқ. Бір мемлекетке барайық десек, біздің елшілік, консул, дипломаттар жоқ. Мемлекетаралық телефон байланысына ақша жоқ. Алайда уақыт тығыз, халыққа жұмыс табу керек. Шетелге шығарда бірден бірнеше мемлекетті назарға ал­д­ық. Пәкістан, Үндістан, Қытай, Еуропа, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания – бәріне жоспар құрып бардық. Бір барғанда екі мемлекетке барамыз.

Содан Сыртқы саясатта істеген тәжірибемді ортаға салып, Ресейдің министрлерімен бірге жұмыс істедік. Оларға «Біз мынадай ел­дерге бара жатырмыз, онда елшілік­теріміз жоқ. Сіздердің көмектеріңіз керек», деп жағдайды айтамын. Олардың елшілері бізді қарсы алады. Екі-үш күн қасымызда жүреді. Осылай халықаралық қарым-қатынасымыз құрылды ғой. Сыртқы саясатымызды қалыптастыруға Қ.Тоқаев, Е.Қазыханов, В.Ғиззатов, С.Құр­манғожин, Б.Нұр­ғалиев, А.Хамзаев, А.Есімов секілді білікті қыз­мет­­керлердің үлесі зор, бірігіп қызмет еттік.

– Әдетте президенттер өзге елдерге ресми немесе мемлекеттік сапармен барады. Алғашқы сапарлар қалай өтті?

– Бірге істеген КСРО-ның елші­ле­рі­не «Президентпен келе жатырмын, күтіп алсаңдар» деп қолқа саламын. Мұны ресми сапар деп белгілетіп аламын. Барлық мәліметті жіберемін. Көбіне жұмыс сапары деп белгілеп береді. Одан соң оны ресми сапарға ауыстыруға күш саламын. Егер жұмыс сапары болса, жататын орын, күтіп алу, шығарып салу деген сияқты жағдай жасалмайды. Ал ресми сапарда өздері күтіп алады, ресми қабылдау жасайды, құрмет көрсетеді. Мұның бәрі Қазақстанға деген құрмет қой. Сөйтіп жүріп, көптеген елге ресми сапармен бардық. Мәселен, Америка Құрама Штаттарының сол кездегі президенті үлкен Джордж Буш біздің президентті әйелімен өзінің резиденциясында қабылдап, Ақүйге кіргізді. Мен Сыртқы істер министрі ретінде қатыстым. Барлық жағдай жасалды, Ақүйдің қызметшілері бізге қызмет етті. Елге деген ең үлкен құрметті алғаш рет осы үлкен Джордж Буш көрсетті.

Бір күнде үш мемлекетке ресми сапармен баруға келісім алғанымыз бар. Ол кезде бізге жекешелендіру ісінде тәжірибе керек болды. Сөй­тіп, жекешелендіруді күшейтіп жатқан Болгария, Мажарстан және Слова­кия­ға аттандық. Ұйқы жоқ, ұшақ, көлік ішінде ғана ұйықтап аламыз, 3 сағат мызғып алып келіссөз жүргізуге тартамыз. Кейін мұнай, тағы басқа шикізат көздерін өздеріміз өндіре бастаған соң жағдайымыз тұрақталды ғой.

– Қазір елімізге қызығушылық танытып, инвестиция салғысы келетін ел көп. Ал өзіңіз айтқандай, алғашқы жыл­дары қаржы құятын ешкім бол­мады. Қай ел инвестор тар­тып, келіс­сөз жүргізуге бейім болды?

– Біз инвестицияны АҚШ, Фран­ция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбританиядан тартуды көздедік. Осы елдерге ресми сапарлар ұйым­дас­тырдық. Ұлыбританияның пат­ша­йы­мымен де кездестік. Барған елдердің барлығына уәде береміз. Ондағы бизнес форумдарға түгел қатысып, елімізді барынша жақсы қырынан таныстырдық. Қанша қаржы құйса, сонша кірісі болатынын, осыған кепілдік беретінімізді алға тарта отырып, келіссөздер жүргіз­дік. Ол кезде көпвекторлы саясат деген жоқ. Бәрімен қарым-қатынас орнату керек болды. Содан кейін өзіміздің саяси концепциямызды шығардық. Экономист, ғалымдармен алдағы 30 жылға міндет қойып, орындауға ты­рыс­тық. Барған елдеріміздің өкілдері «Біз алдағы бір жылымызды жоспарлай алмай отырғанда, қалайша 30 жыл деп мақсат қойып отырсыңдар» деп айтқан жағдайлар да болды.

Министрлер бір-бірімен келісе алмай, қол қойылмайтын жағдайлар да болды. Өйткені тіл білмейді, аудар­­­машы жоқ. Жобаларыңызда мынадай ескертулер бар деп кері қайтарады. Содан өзім кірісемін, өйткені уақыт тығыз, сол жерде ескертулерді түзет­тіріп, қол қоюға дайындаймыз. Сөйтіп, келісімге келмей қайтпайтын едік.

– Маман тартуға оралсақ, бастап­қы 15 қызметкеріңіздің қатарына тәжірибелі дипломаттар келді ме? Халықаралық байланыс орнатқан соң елшілік, консулдық ашу кезек күт­тірмейтін істердің бірі екені бел­гілі.

– Сыртқы саясатты біртіндеп қалып­тастырып, аппаратты жасақтадық. Бір жылда 840 адам болдық. Оның 30 пайызы елшіліктерге қызмет етуге кетті. Бірден 15 елшілік аштық. Қалғаны Орталық аппа­ратта істеді. Департаменттер құр­дық. Концепция жаздық. Қай мемле­кет­­­терге барамыз, қандай келіссөз жүргіземіз, қай елден қандай инвестор тартуға болады – осының бәрін қағазға түсіріп жоспарладық. Әл-Фараби атын­дағы Қазақ университетінде ха­лық­аралық қатынастар факультетін аш­тық. Оған жыл сайын 28 адам түсіп, бі­лім алды. Тәжірибелі мамандар шет­ел­ден оралды, сондай-ақ жас әрі бола­ша­ғынан үміт күттіретін мамандар өзі­міз­ден де табылды. Тағы бір қыз­меткер­лер легі Пәкістан, Иран, Еуропа мем­лекеттерінде тәжірибеден өтіп келді. Осылайша, біртіндеп отандық дип­ло­матиялық қызмет қалыптаса бастады.

Алғашқыда елшілік ашатын мүм­кін­дігіміз болған жоқ. Өзге мемлекеттер біздің елде ашты. Түріктер тәуелсіздігімізді алғашқы болып мо­йындап, өз елшілігін ашты. Содан кейін АҚШ та елімізден өз елшілігін құрды. Үлкен Джордж Буш Президентке телеграмма жіберіп, құттықтады. Одан кейін Орталық Азиядағы мемлекеттер келе бастады. Жалпы, елшілік ашуға валюта керек. Ал бізде валюта жоқ. Жарты жылдан кейін, 8-9 ай өткен соң ғана елшілік ашуға кірістік. Капитал жинақталған кезде елшілерді жасақтадық. Мен үкіметке барсам, Премьер-министр: «Міне, біздің халықаралық валютаны үлестіруші Сүлейменов келді», деп қарсы алатын. «Біз ақшаны табамыз, ал ол болса, оны құртады», деген сыңайда Үкімет отырысын бастайтын еді. Сол кезде тәуелсіздік әлі де өзін ақтап шығатынын, 6-7 жылдан кейін жемісін беретінін алға тартамын.

– Егемендік алған соң шекараны белгілеп алу – міндет. Осы істе қиындық тудырған елдер болды ма?

– Шекарасыз ел – тәуелсіз мемлекет емес. Тәуелсіздікті алғаннан кейін шекараны бекіту керек, онсыз болмайды. Украина мен Ресейді көріп отырмыз, Әзербайжан мен Армения таулы Қарабақты бөлісе алмай жатыр, мынау Пәкістан мен Үндістанда шекара жоқ, АҚШ пен Мексикада, Африкада мүлдем жоқ. Осылардың барлығы шекараны уақытында шегендеп алмағаннан болып жатыр. Он жыл дегенде Ресеймен 7 мың шақырым жерді белгілеп алдық. Қытаймен келісіп, 4 мың шақырым жерді шегендеу де оңай болмады. Түрікменстан, Қырғызстанмен тез келісімге келдік. Өзбекстанмен де оңтүстіктегі үш аудан­ды шегендеуге екі-үш жыл жүрдік. Бұл мәселенің соңы Шавкат Мирзиёев президент болып келген соң бір жарым жылда шешіліп, қол қойылды. Шекарамызды белгілеп алуға біршама күш жұмсадық. Мәселен, 5 шаршы метр жер бізге өтіп кетсе, сондай 5 метр жерді компенсация етіп беру керек. Олар алса, бізге беру керек. Ешкім есесін жібергісі келмейді. Қазір жерді берді, сатты дейтіндер табылып жатады. Ешкім ештеңе де сатқан жоқ. Кім сатады? Олар да бермейді, біз де бермейміз. Қанша жыл жүрсек те шекарамыздың бәрін түгендеп, белгілеп алдық.

– 1994 жылы СІМ басшысы қыз­меті­нен еліміздің АҚШ-тағы Төтен­ше және өкілетті елшісі болып тағайын­­­далдыңыз. Осы аралықта министр ретінде жоспарлаған, ойда жүр­ген ісіңіздің барлығын атқара алдыңыз ба?

– Жоспарымның барлығын жүзе­ге асыра алмасам да, атқарылған жұ­мыс­тарға риза болдым. Мәңгілік еште­ңе жоқ, сондықтан өзгеріс уақыты келген­де, мен мұны ризашылықпен қабыл­дадым. Сонымен қатар АҚШ қы­зық­т­ы әрі көп еңбекті қажет ететін жұмыс болды. Батыспен берік эконо­ми­калық қарым-қатынас орнату, шетелдік инвесторлардың қолдауына ие болу қажет болды. Оны СІМ басшысы ретінде істей алдым деген ойдамын. Ал дипломатияның жөні бөлек. Мені дипломатиялық қызмет қатты қызықтырды, сондықтан жаңа қызметіме белсене кірістім. Осындай жұмыс Қазақстанның жаһандағы бүгінгі бет-бейнесін қалыптастыруда үлкен үлесін қосты деп сеніммен айта аламын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»