Сұхбат • 25 Қазан, 2024

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ: Республика күнінің маңызы уақыт өткен сайын арта береді

374 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов – 25 қазандағы Мемлекеттік егемендік тура­лы декларация қабылданған күннің куәгері. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған, кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдары да әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған тұлғаны сыр сұхбатқа шақырған едік.

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ: Республика күнінің маңызы уақыт өткен сайын арта береді

– Жәнібек аға, Республика күні мерекесінің қарсаңындағы әңгімемізді Мем­лекеттік егемендік туралы деклара­ция­ның қабылдаған тарихи күнінен бастасақ...

– Қазақ халқы ғасырлар бойы еге­мен­дікке талпынып келді. Сол себепті Мем­лекеттік егемендік туралы деклара­ция дайындау барысындағы, қабыл­дан­ған күнгі көңіл күйді ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Бізді сол кезде тәуелсіз мемлекет болуымызға заңдық тұрғыда негіз салған декларацияны қабылдаумен қоса, одан кейінгі мойнымызға жауапкершілік артатын ауқымды жұмыстың да жайы мазалады. Неге десеңіз, Қазақстандағы қазақ халқының саны 40,3 пайыз ғана болды. Еліміздегі мемлекет құраушы ұлттан өзге этнос өкілдері санының көптігі, халықтың тілдік, діндік жағынан да әралуан болуы тарихи ұлы құжатты дайындау кезінде «бір шоқып, екі қарау» керегін байқатты.

– Одақтас республикалардың ішінде тәуелсіздікті ең кеш жариялауымыздың себебін де осы мәселелермен байланыс­тыруға бола ма?

– Қазақстандағы түрлі көзқарастың саяси сахнаға шығып, еркіндік пен демократияның дәмін сезе бастаған кезеңде декларацияны дайындадық. Ол уақытта Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің 360 депутатының әрқайсысының жеке-дара пікірі ескерілетін. Депутаттардың бәрі демократиялық жолмен, халықтың қалауымен сайланған. Әр депутаттың артында қалың қолдаушысы бар еді. Мәселен, мен сайлауда екі кандидатпен бәсекеге түсіп, депутат болдым. Сол халықтың атынан сөйлейтін, шешім шығаратын болған соң, қателесуге хақымыз жоқ деп білдік. Иә, бүгінгінің көзқарасымен қарап, ол кезге біржақты баға беру дұрыс емес. Меніңше, декларацияға қарсы болғандарды да кінәлауға болмайды. Өйткені ол дәуірдің азаматтарының бәрі – кеңес одағының шекпенінен шыққандар. Кеңестік идеология қанына, да, жанына да сіңіп қалған. АҚШ-ты күнде жамандап, Батыс елдеріне қарсы ақпараттық шабуыл жасалып жатқан мемлекетте өмір сүрген адамдарды көзқарасы үшін айыптауға негіз жоқ. «Кеңес одағы халықтардың барлық жағдайын жасап жатыр» деген идеологияға сенгендер, «Одақтан шығу неге қажет? Жақсылықтан, игіліктен неге бас тартуға тиіспіз?» деген сұрақтарды қойып жатты. Мемлекетті құраушы ұлттан басқа этнос өкілдері «қазақ тәуелсіздігін жарияласа, біздің күніміз не болады?» деген алаң көңілі де болғанын жасыра алмаймыз. Мұндай пікір алуандығы Жоғарғы кеңес депутаттарын бірнеше топқа бөліп жіберді. Сол себепті де кей мәселелерге қатысты ашық пікірталасқа түсуімізге тура келді.

– Сол түрлі топтардың мақсаты мен миссиясы қандай болды. Сипаттап айтып бере аласыз ба?

– Әрине, айтуға болады. Мәселен, Марат Оспанов бастаған «Демократиялы Қазақстан» тобын алайық. Олардың миссиясы зайырлы, демократиялы азаматтық мемлекет құруға бағытталды. Бұл топ декларацияны қабылдатуға ең көп күш жұмсады. Екінші басымдық алған топта «Азат» қозғалысының өкілдері жүрді. Олар таза қазақ мемлекетін құруды мақсат етті. Қазақстанды мемлекеттік тілге басымдық беретін ұлттық мемлекетке айналдыруды көздеді. Үшінші топ – ешкімге қосылмайтындар. Ол топтағыларды «Кеңес идеологиясы сүйегіне сіңіп қалғандар» деп сипаттасақ болады. Төртінші топ ретінде негізінен бой көрсетпей, әліптің артын бағумен отырғандарды айтуға болады.

– Бәрінің пікірі бір арнаға қалай тоғысты?

– Әрине, барлық айтылған пікірді ес­керу мүмкін емес. Бірақ негізгі ұсыныстар шешімін тапты. Мәселен, елдегі қазақ халқы мен басқа этностардың талабын қанағаттандыру үшін тарихи құжатқа «олардың төл мәдениетін дәстүрін, тілін дамыту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деп жазылды. Мәселен, декларация қабылданар алдында КСРО үлгісіндегі жалпы одақтас мемлекеттердің басын қосатын одақ құру туралы да идеялар айтылған еді. «Қазақстандағы ірі әскери нысандар, қарулы күштер, прокуратура секілді тәуелсіз мемлекеттің негізін қалайтын салалардың бәрі сол одақтың келісімі аясында жұмыс істейді» деген секілді құқықтық құжаттар қабылдауға мәжбүр болдық. Бүгінгі көзқараспен қарасаңыз, бұл тәуелсіз ел болуға жасаған қадамға қарама-қайшы әрекет сияқты да көрінеді. Бірақ онсыз декларацияның қабылданбауы да мүмкін еді.

– Сөзіңіздің ыңғайына қарасақ, тәуел­­сіз ел болу идеясы ертеден бойы­ңыз­­ға сіңген сияқты.

– Мен Мәскеуде Бүкілодақтық кибернетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітіріп, сол мекемеде бөлім меңгерушісі болып қызмет еттім. Экономист ретінде қаншама кітап оқып, көп ғалыммен қызметтес болдым. Шамамен жетпісінші жылдардың соңына қарай мықты ғалымдар кеңестік идеологияның теріс жолмен жүріп жатқанын ғылыми тұрғыда дәлелдей бастады. Мәселен, Орталық экономика және математика институтының нақты теорияға сүйеніп жасаған есептік зерттеулері одақтың тұйыққа тірелерін көрсетті. Тіпті, идеологиялық және эко­но­микалық тұрғыдағы қателіктердің алдын алу мақсатында кітаптар да жазылды. Коммунистік билік ғалымдардың пікіріне құлақ аспай, оларды қуғындамаса да, одақтың әр өңіріне таратып, шашып жіберді. Мен экономиканың тілін түсінетін ғалым болған соң, осының бәрін көріп-біліп жүріп, түбі тәуелсіз елге айна­ларымызға сендім.

– Демек кеңес одағын ыдыратып тынған экономикалық қателіктер ғой. Нақты қандай қателіктер екенін айтып бере аласыз ба?

– Оның бәрін бір сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес. Біреуін ғана айтайын. Кеңестік идеология адамзаттың таби­ға­тында бар меншік, меншіктеу деген сезімге қарсы құрылды. Коммунистік идеяның мәңгілік идея болмауына әу бас­тан осы қателік негіз салған еді. Мәселен, сәбидің алдына ойыншық қойыңыз. Ол «мынау менікі» деп әлгі ойыншықты өз алдына қарай тартады ғой. Табиғаттың осы заңын ешқандай идеология бұза алмайтыны анық. Коммунистер бұзбақ болғанымен шамасы жетпеді.

– Егемендік декларацияға нақты кімдер қарсы дауыс бергенін айта аласыз ба?

– 360 депутаттың ішінен кімдердің қарсы дауыс бергенін нақты есімде жоқ. Өйткені дәл сол сәтте басым дауыстың декларацияны қолдауы ерекше сезімге бөлеп, мәжіліс залы «уралаған» ұранға толып кетті. Мұндай тарихи оқиға сәтінде жеңіске жеткенімізге қуанып, қарсы болғандардың бар екенін де елей алмай қалдық. Есімде қалғаны – он шақты депутат қарсы болды.

– Мысалға, декларацияға дейін кездесулер, пікірлесулер болды ма?

– Иә, болды. Әйтпесе, жоғарыда айтқандай топтар құрылмас еді. Ол кезде депутаттар қазіргідей бір ғимаратта отырмайтын. Біз өз қызметімізді атқарып жүріп, Жоғары кеңестің пленарлық отырыстары болғанда ғана жиналатынбыз. Мысалы, мен ол кезде Орталық Комитет пен Министрлер кеңесіне қарасты Қаржы және еңбек бөлімінің басшысы едім. Сол қызметпен қатар, депутаттық міндетті атқарып жүрдім. Яғни әр салада жұмыс істейтін депутаттардың пікірлесулерін қадағалау мүмкін емес еді. Тағы қайталап айтамын, пленарлық отырыстарда Егемендік туралы декларацияға қарсылықтан гөрі, «Қандай мемлекет құрамыз? Оның құрылымдарын қалай жасақтаймыз?» деген секілді сауалдарға қатысты пікірлерде басымдық молырақ болған сияқты. Пікір алмасулар да негі­зінен осы сұрақтардың айналасында өрбіді.

– Коммунистік жүйенің күйреуі экономикалық дағдарыстың себебінен болғанын айттыңыз. Ол дағдарыстан шығу үшін қандай нақты қадамдар жасалғанын айтып берсеңіз.

– «Бар қиындықты халық мойнымен көтерді. Тырп етпей, айғайламай, жағдайға көнді, тығырықтан шыға алмай қалған халімізді түсінді. Егер халық солай шыдамдылық көрсетпегенде, қазіргідей тәуелсіз ел болып отыра алмас едік.

Халық қолдап тұрған соң, түрлі сая­си қадам жасалды. Қателіктер болса, оны түзеуімізге де мүмкіндік берді. Қате­ле­су арқылы дұрыс жолды тапқан да сәт­те­ріміз аз емес. Не істеу керек екенін елмен, мамандармен ақылдасып шешіп отыр­дық.

– Сіздің экономикалық білігіңіз тәуелсіз елдің аяққа тұрып кетуіне аз септеспегенін білеміз. Ол кездегі кадр тапшылығын шешу де оңай болмаған шығар...

– Иә, оңай болмады. Бірақ қазақ – үлкен халық. Оның ішіндегі қолынан іс келетін кадрларды тауып, тәрбиелеп, баулып, қызмет беріп отырдық. Керек мамандарды қызметке тағайындап, сенім білдірген соң, олар да әр іске жауапкершілікпен қарады. Экономика ғылымында «инерциялық жүйе» деген ұғым бар. Яғни мемлекет те, экономика да бір мезетте, бір ғана қадаммен түзеліп кетуі мүмкін емес. Ондай радикалды шешімге барсаңыз, экономика шатасып, шаршап қалады. Біздің халық тәуелсіздіктен кейінгі ұлы саяси, экономикалық өзгерісті төзіммен күте білді. Инерциялық жүйенің ұзақ мерзімді жұмысына кедергі келтірген жоқ.

– Сіздің ойыңызша қазіргі дағдарыс та сол кезеңге ұқсай ма?

– Әр дәуірдің, әр уақыттың өзіне тән мүм­кіндіктері мен қиындықтары бар. Халық­аралық жағдай мен геосаясат шие­ленісіп кеткен бүгінгідей халге өткен заманның көзқарасымен қарауға мүлде болмайды.

– Сөз соңында Республика күнін өзіне тән нышандары бар жалпы ұлттық, мейрамға айналдыру бағытында не істеу керек деп ойлайсыз?

– Егемендік туралы декларацияны қабылдаудың мән-маңызын, оның қазақ елінің келе­ше­гіне ақ жол ашқан құжат екенін жан-жақты түсіндіріп, ұрпақтың сана-сезіміне жеткізуіміз керек. Сонда бұл күн Қазақстан халқының ерекше құрметіне бөленіп, Республика күні атты ұлық мерекеміздің маңызы уақыт өткен сайын арта береді деп ойлаймын.

 

Әңгімелескен –

Қанат БІРЛІКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»