Басылым • 25 Қазан, 2024

Басқа басылымдардан: Тәуелсіздік қадамдарына әлемдік көзқарас

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеңес өкіметі тарап, құрамындағы бірқатар мемлекет егемендік ала бастағаны – шетел баспасөзінің басты тақырыбына айналды. Әсіресе мұны мұхиттың арғы жағындағы алпауыт АҚШ-тың белді басылымдары жарыса жазған. Мәселен, 1991 жылдың 26 желтоқсанында «New York Times» газеті «End of the soviet union; The Soviet State, Born of a Dream, Dies» атты көлемді мақала жариялады. Бұл сараптамада кеңес одағының ыдырауы, елдердің ендігі ахуалы, әр елдің әлеуеті секілді мәселелер көтерілген. Басты мысалы – Қазақстан. Сол жылдары шетелдік басылымдарда жарық көрген мақалаларда Қазақстанның кеңес одағынан мұраға қалған ядролық қаруы, одан бас тартудағы қадамдар, нарықтық экономикаға көшуі, энергетикалық қорлары, мемлекет құруға кіріскен кездегі оқиғалар қамтылған.

Басқа басылымдардан: Тәуелсіздік қадамдарына әлемдік көзқарас

Славян елдері Мемлекеттер достастығына
 ықпал ете алмайды
 

Элизабет Шогрен

1991 жылдың 9 желтоқсаны

Ресей президенті Борис Ельцин және Украина мен Беларусь басшылары жексенбіде кеңес одағының ыдырағанын мәлімдеп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғанын жариялады. «Жаңа достастықты үш славян республикасы құрғанымен, бұрынғы кеңес одағында болған басқа елдер де қосыла алады» делінген хабарламада. «Бірінші қадам славян республикаларына өзара қолайлы шешім табу болды. Бұл жасалды. Келесі қадам – Қазақстанның достастыққа қосылуы болуы мүмкін», деп мәлімдеді Вощанов.

Қазақстан басшысы Кремльде Н.Горбачевпен кездесіп, жаңа одақ құру шарттарын талқылады. Оның пікірі ерекше маңызды, өйткені бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде Қазақстан аумағы жағынан Ресейден кейін екінші орында тұр. Ел президенті жексенбі күні кешке Мәскеуге келгеннен кейін журналистерге сұхбат беріп, рес­публикаларды мемлекет ретінде бірге болуға шақырды. «Біз әлемді қорқытпауымыз керек», деді ол теледидарға берген сұхбатында. «Кем дегенде біз стратегиялық қаруды бір жерде сақтауға саяси және әскери одақ құру туралы келісуіміз керек. Қазірдің өзінде мен осы ең қиын уақытта мемлекетімізді ыдыратпау керек деген идеяға адалмын, дегенмен әркім өзін тәуелсіз сезінгісі келеді. Көптеген жыл бойы империялық тоталитаризмнен кейін мұны түсінемін», деп қосты Қазақстан басшылығы.

Жаңа достастықтың құрылғаны туралы хабарландыру жексенбіде шықты, сондықтан болар басқа республикалардан олардың одаққа кіру, кірмеуі туралы жауап болған жоқ.

 

Кеңес одағы келмеске кетіп,
Достастық дүниеге келді
 

 па

1991 жылдың 22 желтоқсаны

Бұрынғы 12 кеңестік респуб­ли­каның он бірі жаңа Достастықтың туғанын айтып, кеңес одағының ыдырағанын жариялады.

Сенбіде қол қойылған келісімдер жекелеген республикалардың тәуелсіздігін, олардың қазіргі шекараларын мойындайды және көшбасшылар бірыңғай ядролық қолбасшылық құруға уәде береді. Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде КСРО-ның орнын алады, басқа мемлекеттер де БҰҰ-да өкілдік құрады. «Кеңес одағы өз қызметін тоқтатты», деді журналистерге келісімге қол қойылғаннан кейін Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаев.

Достастық үлкен арсеналдың бақылауда болатынына кепілдік берді. Б.Ельциннің айтуынша, президенттер КСРО-ның бұрынғы Қорғаныс министрі Евгений Шапошниковты барлық ядролық және қарапайым Қарулы күштерді басқаратын біріккен әскери қолбасшылықтың уақытша басшысы етіп тағайындауға келіскен. Журналистердің жаңа әскери қолбасшылық кезінде қанша ядролық «нүкте» болады деген сұрағына Қазақстан өкілі С.Матаев: «бір ғана нүктесі болады», деп жауап берді. Қазір Ресейде, Украинада, Беларусьта, Қазақстанда 27 мың ядролық оқтұмсық бар деп есептеледі.

 

Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде
өмір сүруге ресурсы жеткілікті
 

 ап

Ли Дэвидсон,

Вашингтон бюросының басшысы

1991 жылдың 4 желтоқсаны

Ор­та­лық Азиядағы мұсылман ел – Қазақстан өз мемлекетінің тәуелсіз ұлт ретінде өмір сүруге ресурсы жеткілікті екенін мәлімдеді. Аталған елде барлық кеңестік ядролық қару сақталған, Қазақстан әлемдегі ең ірі ядролық державалардың біріне айналуы мүмкін.

Қазақстан Солт-Лейк-Ситиде орналасқан «Downwinders» ядролық сынақтар тобымен компьютерлік байланыс арқылы Батыс әлеміне өз ойын жеткізуге тырысып жатыр. «Downwinders» президенті Престон Трумэн көптеген жыл бойы олармен байланыста болды және ірі кеңестік ядролық полигон орналасқан Қазақстандағы шенеуніктермен хат жазысып келді. Көбі ядролық сынақтар мен олардың салдары туралы алаңдайды. Жалпы, Қазақстан бұрынғы кеңес одағының аумағында құрылған тәуелсіз мемлекеттермен ынтымақта өмір сүргісі келеді. Олар «Әр республика бөлек дами алады. Бірақ бөліну экономикалық байланыстардың үзілуіне, экономиканың құлдырауына және өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі» деп санайды. Сондай-ақ ел сая­си және экономикалық өзгерістердің оң қадамына апаратын жолға түскенін айтады. Сондықтан олар КСРО президенті Михаил Горбачев ұсынған экономикалық одақ туралы келісімді қолдады.

Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде дамуына әлеуеті толық жетеді. Онда бұрынғы КСРО-ның қорғасын, мырыш, титан, магний және қалайы өндірісінің 70 пайызы, фосфор мен хромның 90 пайызы, күмістің 65 пайызы, мыстың 30 пайызы, молибденнің 60 пайызы қоры бар. Қазақстаннан экспортталатын өнімге КСРО жыл сайын 1,7 млрд доллар алды. Сондай-ақ Қазақстанда жүздеген ядролық оқтұмсық бар. Кез келген оқтұмсықтың астында үлкен күрделі жерасты кешені орналасқан. Оны басқа жерге көшіру өте қиын. Бұған 25-30 млрд рубль қажет екен. Бұған ақша ысырап болады. Сондықтан ел Семей ядролық полигонын жапты. 1949 жылдан бері 500-ден аса бомба жарылған, олардың көпшілігі ашық кеңістікте сыналған. Осылайша, Қазақстан жүздеген Хиросимадан аман қалды деп айтуға болады. Ал сынақ полигонын Қазақстан ғылыми зерттеу орталығына айналдыруды жоспарлап отыр.