Кітапхана • 25 Қазан, 2024

Конгресс кітапханасына кітаптар табысталды

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республика күніне орай Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Қазақстанның АҚШ-тағы елші­лігі әлемдегі ең үлкен кітапхана саналатын – АҚШ Конгресі кітапханасының қорына қазақ тілі, руханияты мен мәдениеті үшін аса маңызды бірқатар кітап тапсырды.

Конгресс кітапханасына кітаптар табысталды

Атап айтқанда, Конгресс кітапхана­сының қорына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындап шығарған Oxford Qazaq Dictionary сөздігі, ағылшын тіліндегі Абай шығармаларының жинағы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бастырған «Ұлы дала ойындары» және «Қазақтың отбасы фольклоры» деп аталатын еңбектер қосылды. Бұған дейін Конгресс кітапханасына ағылшын тілінде шыққан «Қазіргі қазақ прозасы», «Қазіргі қазақ поэзиясы» атты антологиялары тапсырылған еді. Бұл іс-шара – АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен қолға алынған жыл сайынғы дәстүр.            

Қазақ мәдениеті мен әдебиетін, тарихын дәріптейтін кітаптардың жыл сайын шекара аттап, әр елдің әлемдік кітапханаларынан тиісті орын алып жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Бұл үрдіс – еліміздің осы саладағы жұмыстарының қауырт жүргізіліп жат­қанының айғағы. Кітап қоры 5 мил­лионнан асатын АҚШ Конгресінің кітапханасынан қазақша кітаптардың табылуы да үлкен мәдени жетістіктің бірі болмақ.