Ұстаз • 25 Қазан, 2024

Шәкірт жетістігі – мұғалім мерейі

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республика күні қар­саңында Президент ең­бек адамдарының жетіс­тігіне сай мем­лекеттік наградалармен марапаттады.

Шәкірт жетістігі – мұғалім мерейі

Маған берілген жоғары атақты 26 жыл еңбек етіп, математика пәнінен сабақ берген  №4 арнайы мектеп-интернаты ұжымына көрсетілген құрмет ретінде қабылдадым. Мемлекет басшысы білім саласын өркендетуге әрдайым мән беріп, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында заман талабына сай білім ошақтарын салуға пәрмен бергені белгілі. Педагогтердің мәртебесі артып, әлеуметтік жағдайына тұрақты көңіл бөлініп келеді. Қазіргі кезде іске асып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы болашақта жоғары нәтижесін беріп, балалар жаңа заман игілігін көретін күндер де алыс емес.

Президент жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет екеніне назар аударып отыр. Осы орайда 80 жылдық тарихы бар мектебімізде мамандар біліктілігін арттыру, заманауи әдістемелермен қамтамасыз етудегі жүйелі жұмыс жалғасын тауып келеді.  Білім беру саласында еңбек еткен 40 жылдан астам тәжірибем сапалы білімнің негізі ұстаздың біліктілігімен қатысты екенін көрсетті. Жаһандану кезеңінде балаларға білім берумен қатар еңбекке баулу, өз елін ардақтайтын тұлға етіп тәрбиелеу де мұғалімнің кәсібилігімен тығыз байланысты. Қазіргі кезде түлектеріміз білімнің биігіне шығып, мектебіміздің мерейін үстем етіп жүр. Осы орайда мұғалім болып еңбек етіп жүрген барша әріптестерімнің маңдай тер, еселі еңбегі әрдайым елене берсе екен деймін. Өйткені ұстаздыққа адалдық әрқашан жемісін беретіні анық.

 

Гүлжанар НҰРПЕЙІСОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,

№4 арнайы мектеп-интернаттың математика пәнінің мұғалімі

 

Алматы