Аймақтар • 25 Қазан, 2024

Бөрлі ауданының қуанышы

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында Республика күні қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысан жаңадан салынып, пайдалануға берілді.

Бөрлі ауданының қуанышы

Соның бірі – Жарсуат ауылында салынған 108 орындық жаңа мектеп. Ол өңірдегі «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының тапсырысымен, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға арналған әлеуметтік инвестиция арқылы жүзеге асты. Компания директорының орынбасары Мұхтар Мәнкеевтің айтуынша, бұл кейінгі екі жылда компанияның шалғай ауылдарда салған он бесінші мектебі екен. Мектептің құрылыс-монтаж жұмысын мердігер «Қалдығайты» ЖШС жүргізді.

Бөрлі ауданында тағы да бірнеше ғимарат – Қарағандыда фельдшерлік-акушерлік пункт, Ақсу ауылдық окру­гіне қарасты Жаңақоныс ауылында медициналық пункт ашылды. Ауыл тұрғын­дарын қуанышқа бөлеген әлеу­меттік нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, орынбасары Бақытжан Нарынбетов, аудан басшылары қатысты.

Қос медициналық нысан да «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қа­натқақты ұлттық жобасы аясында салынған. Облыс әкімі ауылдық жерлерде медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында қолға алынған бұл жоба болашақта да жалғасатынын, Қарақұдық, Жаңақоныс, Облавка, Ақсу, Ақбұлақ ауылдарында да медициналық пункттер салу қарастырылғанын айтты.

Салтанатты іс-шара барысында Ақсу, Кеңтүбек, Приуральное, Бумакөл, Успеновка, Қарағанды ауылдарының медицина қызметкерлеріне жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілті табысталды.

 

Батыс Қазақстан облысы