Ауыл • 25 Қазан, 2024

Ауылға ауызсу жетті

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мерекені Бұқар жырау ауданы Астаховка ауылындағы ағайын айрықша қуанышпен атап өтіп жатыр. Өйткені көп күткен орталықтандырылған су құбыры іске қосылып, ауылға ауызсу берілді.

Ауылға ауызсу жетті

Сурет: ru.freepik.com

300-ге жуық адам тұратын бұл елді мекеннің тұрғындары 30 жылдан бері ауызсуды ауыл сыртындағы бір ша­қырым жерде ағып жатқан бұлақтан тасып ішіп келген еді. Енді, міне, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлт­тық жобасының шеңберінде ол бейнеттен құтылып, сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр.

Су құбырын салу жұмыстары өткен жылы басталып, айтулы мереке қар­саңында жұмыс толығымен аяқтал­ды. Сол кезең аралығында жауапты мамандар ұңғымаларды бұрғылап, қажетті жабдықтарды орнатып, көшелерге су құбырларын тартқан.

– Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы қазына қаржысынан 676 млн теңге бөлініп, бүгінде орталықтандырылған су жүйесі іске қосылды. Жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ауыл халқын құттықтап, қуа­ныштарымен бөлісіп қайттым. Жал­пы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – басым міндеттердің бірі. Бұқар жырау ауданында биыл тағы үш ауылда жаңа су құбырларын пайдалануға береміз деп отырмыз. Олар: Ақжар, Аюлы, Ала­бас. Осы жо­ба­лар іске асырылғаннан кейін аудан тұрғындарының 99 пайы­зы орта­лықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Келер жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткіземіз, – дейді Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

24 жастағы Арман Әлімов су мәселесі шешілмегендіктен, көпшілік жұрт ауыл­дан қоныс аударып кеткенін айтып, енді көш кері бұрыла ма деген үмітін жасырмады.

– Өткен жылы су құбыры салынатынын айтқан кезде оған бәріміз күмәнмен қарағанымыз рас. Бірақ уәде етілгендей, оның құрылысы 2023 жылдың жазында қолға алынып, осы мереке алдында тәмамдалып отыр. Ауызсудың жоқтығынан ауылымыздан бірталай адам көшіп кетті. Енді осыдан кейін бұл жерге жаңадан қоныс аударушылар келіп орналасады деп ойлаймын, – дейді ол.

Жаңалықты қуана қабылдаған тағы бір ауыл тұрғыны Жанат Балбекова:

– Мен Астаховкада 50 жылдан бері тұрамын. Ауылдан жастарымыздың көбісі көшіп кеткен. Біз сияқты зейнеткерлерге қашықтағы бұлақтан су әкелу оңай емес. Ақыры армандаған су құбыры салынғанына қуаныштымын. Келесі кезекте ауылымыздың көше жолдары асфальтталады деп жоспарланған екен. Сөйтіп, жағдайымыз біртіндеп жақсара беретініне сенеміз, – деді.

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы,

Астаховка ауылы