Еңселі балабақша үш қабатты, жалпы аумағы үш мың шаршы метрді құрайды. Онда балалардың заман талабына сай жан-жақты дамуына барлық қолайлы жағдай туғызылған. Кең де жарық асхана, музыка, дене шынықтыру залдары бар. Мұнда балалардың дамуының деңгейін ескере отырып, толымды, жан-жақты ықпал жасайтын білікті мамандар жұмыс істейтін болады. Сөз арасында Нұрлыкөш елді мекенінде кілең қандастар тұратындығын, осы аудандағы тұңғыш мекеменің пайдалануға берілгендігін айта кеткеннің артықтығы болмас.
– Балабақша ауыл тұрғындарына өте қолайлы, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов. – Еліміздің ертеңін көркейтетін балаларға осындай жақсы жағдай туғызу біздің міндетіміз. Жаңа балабақшаның ашылуы – ауылдық жерлерде білім жүйесін дамытудың маңызды қадамы. Мұндай жобалар мектепке дейінгі мекемелердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
КӨКШЕТАУ