Қазақстан • 25 Қазан, 2024

Қазақстан - менің екінші отаным – Жоел Адамсон

480 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1990 жылдың 25 қазанында азаттықтың алғышарты «Егемендік декларациясы» қабылданды. Қазақстан қазығын жеке-дара қаққан бұл күні елімізде Республика күні тойланады.  Ұлық мерекені тойлау 2009 жылдан 2022 жыл аралығында үзіліп қалды. Рух мейрамын қайта мерекелеу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың маусым айында Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда қайта көтеріп, Қазақстанның бас мерекесі ретінде атап өтуді ұсынды. Сол жылдың қыркүйегінде Республика күні заңды түрде қайта оралып, мөрлі жарлық басылды. Президентіміз ұлық мереке Тәуелсіздік тұғырын шегелеуді, оның қадір-қасиетін насихаттауды мұрат ететінін әрдайым еске салып келеді. Бұл күн - тарихи тағдырлы шешімдерге бойлап, болашақты ойлайтын айрықша дата.

Қазақстан - менің екінші отаным – Жоел Адамсон

Фото: Egemen.kz

Егемен ел болған тұстан Қазақстан Үкіметі халықтың әл-ауқатын арттыруды көздеді, қандас бауырларға құшақ жайды. Сонымен қатар елдігімізді танып, тәй-тәй басқан Қазақстанның қарышты қадам басуына ниеттес азаматтарды Тәуелсіз елде қабылдады. Осы мүмкіндікті мүлт жібермей, азаттықтың алғашқы жылдары елімізге америкалық – Жоел Адамсон отбасымен көш түзеді. Бүгінде «Invest шешім» консалтингтік компаниясы арқылы Қазақстан экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген Жоел Адамсон алған білімін, жиған тәжірибесін бүгіп қалмады. 34 жыл бұрын біздің елге табаны тиген уақыттан Адамсон отбасы ауасын жұтып, дәмін татып отырған Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгеруге ден қойған. Қазір қазақ-ағылшын тілдерінде ғана құжат рәсімдеп, ісін ілгерілетіп отыр. Жоел Адамсон мұның бәрін қазақ тілінде бізге егжей-тегжейлі айтып берді.

- Қазақстанға алғаш Тәуелсіздік тұсында табан тірепсіз. Осы уақыт аралығындағы Қазақстанның дамуы жолы сіздің де көз алдыңызда екені күмәнсіз... Біздің елдің бүгінгі келбетін қалай бағалайсыз, қандай ірі жетістіктерін атап өтер едіңіз?

- Кеңес Одағы тұсында америкалық азаматтардың бұл аймаққа кіруіне рұқсат етілмейтін. Қазақстанға 34 жыл бұрын әйелім екеуміз келдік. Әйелім – эстон қызы. Оның тектік тарихы Кеңес одағымен байланысып жатыр. Сондықтан да КО елдерін көріп, тыныс-тіршілігімен танысқымыз келетін. Біз Қазақстанға келуді жүрекпен таңдададық. Сол кезден бері Қазақстан жоғары жылдамдықпен дамыды. Қазақстанда өте көп өзгеріс, даму болды. Таксимен көп жүретіндіктен жүргізушілермен Қазақстан туралы сөйлесемін. Осыған дейін 500-ге жуық адаммен осы тақырыпта сөйлестім. Көп жастар біздің ел бұдан да бай болу керек еді деп айтып жатады. Қазақстанның даму жолын өз көзіммен көргендіктен, ол кезде халықтың жағдайы қазіргідей болмағанын атап өткім келеді. Мысалы айтатын болсам, көшеде кептеліс болмайтын. Өйткені машина аз болды. Адамдардың айлығы да жеткілікті болмады. 50 доллардың айналасында ғана жалақы жаратты. Оған тек нан келетін. Қазір дүкенде тұрған тамақтар ол кезде адамдардың арманы болатын. 1990-2000 жылдар Қазақстан үшін қиын жылдар болды. Қазақстанның дамуы жұмыс орындарының ашылуымен де байланысып жатыр. Экономика, инфраструктура дамыды. Алматыға алғаш келгенде тұратын үй табудың өзі қиынға соқты. Қазір тұрғын үйлер де көбейді. Сол кезде қоғамда криминалдық әрекеттер де өршіп тұрды. Ал бүгінгі күні Америкадан гөрі Қазақстан қоғамы қауіпсіз әрі тыныш. Америкада жыл сайын 3000 адам оққа ұшады. Америкада 330 млн халық болса, 350 млн тіркелген тапанша бар. Онда көп штаттарда сақтанып жүру керек. Ал Астананың кез келген жерінде қорқынышсыз емін-еркін жүре бересің.сс

- Өзіңізбен Қазақстанның басты ұлттық мерекесі қарсаңында әңгімелесіп отырмыз. Біздің елдің мерекелерін атап өтуге қаншалықты көңіл бөлесіз?

- Мен АҚШ-тың Сеатл қаласында тұрғанда сондағы қазақтармен жиі бас қосатынбыз. Қазақтың екі мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Оның біріншісі 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні. Бұл мерекелерде 50-100-ге дейін адамдар жиналады. Қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ пісіріліп, ет асылады. Екінші Наурыз мейрамын тойлаймыз.  Наурызда ұлттық киім киіп, саябақта жиналамыз. Сондағы қазақтар ана тілінде ән шырқап, елге сағыныштарын басатындай көрінетін.

- Иә, қазақтың мерекелері ұлттық аспен астасып жатыр. Сізге біздің ұлттық тағамдар ұнады ма?

- Қазақстанға алғаш келгендерде әйелім ет асуды үйренді. Ол кезде қамырды қолдан илеп, жаятын. Одан кейін Америкада 18 жыл тұрып, 2 жыл бұрын Қазақстанға қайта оралғанда дүкенде дайын еттің қамырларын көріп таң қалдық. Сатылатынын біліп, қатты қуандық. Әйелім ет асу оңай болды деп мәз болды. Біз қойдың етінен әзірленген тамақтарды сүйіп жейміз. Біз Қазақстанға алғаш келген жылдары жылқы еті аз болды, оны сатып алуға халықтың қалтасы көтере бермейтін. Қазір қазақтар қалағанын таңдап жейді. Мұның өзі Қазақстанның әлеуметтік жағдайының жақсара түскеннін аңғартады. Тамақ өндірісі де алға жылжып келеді.  Америкада қойдың еті бұл жақтан қарағанда екі есе қымбат. Өткен жазда Қырғызстанға бизнес конференцияға қатысуға бардым. Бішкек пен Ош қалаларына бардық. Салыстырып қарасақ, ол жақтағы экономикалық жағдай Қазақстанмен салыстырғанда төмен екенін көрдім. Жалпы Қазақстан Орта Азия елдерінің ішінде көш ілгері. 

- Біздің сұхбаттың оқырмандарына қазақ тілін қанша уақытта, қалай үйренгеніңіз қызық болары сөзсіз. Осы туралы әңгімелеп беріңізші?

- Мен қазақ тілін әлі үйреніп жүрмін. Күн сайын сөйлемдер жаттаймын. Тіл үйрену өмір бойы жасалатын жұмыс. Қазақ тілінің сөздік қоры мол екен. Оны әрдайым қайталап отырмасаң ұмытылып кетеді. Жыл сайын сөздерді үйреніп, сөздік қорымды молайтып жатырмын. Бұл үрдіс әлі бітпеді. Дамып отыру үшін әрқашан жаңа сөз жаттаймын. Ал бастапқы уақытта Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің қабырғасында екі жыл интенсивті түрде қазақ тілін үйренуге ден қойдық. Одан кейін инвестициялық бағытта жұмыс бастап, оны қазақ-ағылшын тілдерінде жүргізіп келеміз.

- Қазақстанға деген айрықша көңіліңіз әр сөзіңізден байқалып-ақ тұр. Біздің байтақ даламыздың қай қалаларында болдыңыз?

- Иә, Қазақстан жері көз тартарлық әдемі ғана емес, жайлы. Үш жыл Атырауда «Теңіз – Шевройл» компаниясында жұмыс істедім. Сонда балаларым қазақ балабақшасына барды. Жергілікті халықпен жақсы сыйластық. Одан кейін Ақтау, Шымкент, Таразда қонақ болдым. Алматының тауы, жасыл-желегімен ұнаса, Астана архитектуралық шешімдерімен көз тартады. Шымкенттіктердің ақжарқын пейілі мені баурап алды. Қазақ достарымыз  да бар. Олар бізді қонаққа шақырады, біз оларды шақырамыз. Қазақ отбасылармен жақсы араласып, сыйласамыз. Мұның бәрі қазақ мәдениетінің көрінісі. Қазақ тілінде сөйлейтін, осы тілде тәрбие алған отбасылардың ашық-жарқын қонақжай болатындай.... Қазақ тойларына да шақырылдым. Халық 200-300 адамды жинап, дастархан жаяды, қуанышын бөліседі. Мен де ұлымды үйлендіргенде осы үрдісті ұстандым. Барлық Адамсонның басын қостым. Адамсондар басқа америкалықтарға қарағанда жиі сыйласып бас қосып тұрады. Қазақтар маған сол үшін де бірден жақынымдай болып кетті.

сс

- Бүгінде «Invest шешім» компаниясының тізгінін ұстап отырсыз. Осы бағытта жұмыс істеу үшін неліктен Қазақстанды таңдадыңыз?

- Иә, америкалық Invest шешім консалтингтік компанияның президентімін. Қазақстынның Сыртқы Істер министрлігінде Kazakh Invest  деген бөлім бар. Біздің мақсатымыз шетелден инвесторлар тарту. Қазақстанда жұмыс жасауға, завод салуға шақыру, инвестиция құюға үгіттеу. Жаңа жұмыс орындарының ашылып,қазақ экономикасының дамуына үлес қосу. «Invest шешім» компаниямыз Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттерімен салыстырғанда ұзақмерзімді инвестиция жасауға тұрақты ел екенін түсіндіреді. Қазақстан табиғи ресурстарға бай, бюрократиялық кедергілер аз. Мұнда білікті мамандар да жеткілікті. Қазақстанда кейінгі 30 жылда жұмыс істеген маман ретінде оның терең тарихын, мәдениетін қазақ тілін білгендіктен Қазақстанды Америка нарығына шығаруға өз үлесімді қосқым келеді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сөз соңында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген тәмсілін берік ұстанатын қазақ халқының ақ ниетін әрдайым бағалайтын шетелдік азаматтардың болғаны ерекше қуантатынын айтқымыз келеді. Ал Жоел Адамсонның сондай тұлғалардың бірегейі екеніне сұхбат барысында көңіліміз нанды.