Әлем • 28 Қазан, 2024

Өзбекстанда экс-шенеуніктің өміріне қастандық жасаған күдікті ұсталды

94 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстанда президент әкімшілігінің ақпараттық саясат бөлімінің бұрынғы басшысы Комил Алламжоновтың өміріне қастандық жасады деген күдіктілердің бірі ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өзбекстанда экс-шенеуніктің өміріне қастандық жасаған күдікті ұсталды

Фото: Ашық дереккөз

Өзбекстан Бас прокуратурасының мәліметінше, 26 қазанға қараған түні Қибрай ауданындағы Ифор көшесінде Алламжоновтың Range Rover көлігіне екі адам бірнеше рет оқ атқан. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген, Қылмыстық кодекстің 97-бабы (Қасақана кісі өлтіруге оқталу) және 248-бабы (Заңсыз қару айналымы) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Жедел іздестіру іс-шаралары аясында осы қылмысты жасағандардың бірі анықталып, күдікті ретінде ұсталды», делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ шабуылдың 26 ​​қазан күні сағат түнгі 1:30 шамасында Қибрай ауданындағы Комил Алламжоновтың үйінің жанында болғанын хабарлаған болатын. Белгісіз екі адам ол отырған көлікке бірнеше рет оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған. Алламжонов жарақат алған жоқ.