Заң • 28 Қазан, 2024

Талғардағы кісі өлімі 5 бап бойынша тергеліп жатыр

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ержан Саденов 4 қазан күні Алматы облысы, Талғар қаласындағы төбелес кезінде қайтыс болған Шерзат Болаттың ісі қандай баптардың шеңберінде тергеліп жатқанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Талғардағы кісі өлімі 5 бап бойынша тергеліп жатыр

Фото: ІІМ

Министр бұл ақпаратты Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында жариялады. 

«Талғар қаласында болған Ш.Болаттың өліміне қатысты Алматы облысының Полиция департаменті Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істер тіркеліп, тергеліп жатыр», делінген министрдің жауабында. 

Ержан Саденов қылмыстық істің тергелу барысын өз бақылауына алғанын айтып, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері де жұмыс істеп жатқанынан хабардар етті. 

«Алғашқыда оқиғаның себебіне қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әртүрлі мәліметтердің таралуына байланысты министрлік белгіленген тәртіпте (Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сай) осы жылдың 15 қазанында БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, кейбір тергеу мәліметтерін жария етті. Брифинг қоғамды алаңдатқан кейбір мәселелерді қамтыды. Қазіргі танда қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынды.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр, оның барысында оқиға болған жерде болған басқа да адамдардың қатыстылығы тексеріліп, әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», делінген министрдің жауабында.