Қоғам • 29 Қазан, 2024

«Elorda Aq­parat»-тың дәстүрлі турнирі

56 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республика күніне орай, мәсли­­хаттардың 30 жыл­ды­ғы аясында «Elorda Aq­parat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өткен жур­налистер мен жазушылар ара­сындағы бильярд жарысы өз мәре­сіне жетті.

«Elorda Aq­parat»-тың дәстүрлі турнирі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осымен үшінші рет ұйым­дастырылған турнирге белгілі ақын-жазушылар, журналистер, медиа менеджерлер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен баспасөз өкілдері қатысты.

Жарыстың бас төрешісі белгілі қаламгер, спорт журналистикасының корифейі Несiп Жүнicбайұлы болды. Жарысқа қатысушыларға қомақты жүл­де қорынан бөлек арнаулы сый­лықтар берілді. «Мәдениетті ойын­шы» аталымы қоғам қайраткері Дар­хан Мыңбайға, «Мерген ойыншы» аталымы Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанға, «Шебер ойыншы» аталымы ардагер журналист Кенже Жұмағұловқа, «Үздік дуплет» аталымы Талғат Ешен­ұлына бұйырды.

«Астана ақшамы» газетінің бір жылдық тегін жазылымына бильярд турниріне әділ қазылық жасаған Несіп Жүнісбайұлы ие болды. Үздік ойын көрсеткен Аяған Сандыбайұлына «Ве­черняя Астана» газетінің грамотасы табысталды. Сонымен қатар номинанттар Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерекелік медалімен марапатталды.

Финалға шыққан ардагер журналист, ақын Тұрмағанбет Ердешұлы мен ақын, Жазушылар одағы Астана филиа­лының өкілі Дәулеткерей Кәпұлы арасындағы ойын тартысқа толы болды. Нәтижесінде, жарыстың бас жүлдесі Дәулеткерей Кәпұлына бұйырса, екінші орын Тұрмағанбет Ердешұлының қанжы­ғасына байланды. Чемпион – 500 мың, екінші орын иесі 300 мың теңге ақ­шалай жүлдемен марапатталды.

«Республика күнінің жоғары дәре­жеде тойлануы баршамыздың еге­мендікке деген құрметімізді біл­­ді­реді. Ойын барысына келсек, топ­тық іріктеуден шыққан соң, бірін­ші кезеңде айтыскер Еркебұлан Қай­назарды, екінші кезеңде Базарбек Түкі­байды ұтып, жартылай финалда жарыстың бас­ты фавориттерінің бірі Ах­мет Қай­ратұлынан айла асырдым. Сөй­тіп, фи­налда ақын, ардагер журналист Тұр­­­мағанбет Ердешұлын ұтып, же­ңіске жеттім. Осындай жа­рыстарды ұйым­дастырып тұру қалам­герлерді, ардагерлер мен жас­тарды жақын­дас­тырады», деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Үшінші орынды Еуразия ұлттық университеті баспасөз қызметінің же­текшісі Ербол Ерденбек пен «Ха­бар» арнасының қызметкері Ахмет Қайратұлы өзара бө­лісті. «Мұндай жарыстар – күн­­делікті қарбаластан тыс қарым-қатынас орнатуға, аға буын мен жас әріп­тестер арасында сабақтастықты жалғастыруға жақсы негіз. Бильярд турнирін жыл сайын, дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Elorda Aq­parat» медиахолдингінің басшысы Олжас Сыдықбекке алғыс білдіреміз», дейді қатысушылар.