Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы отандық машина жасау өнеркәсібінің қуатты өркендеу жылы болды. Елімізде электровоз және тепловоз шығару, жүк және жолаушылар вагондарын жасау жұмысы жолға қойылды. «Қазақстанда жасалған» белгісімен автобустар, тракторлар, жеңіл және жүк автомобильдері шығарылуда. 2008 жылмен салыстырғанда 2013 жылы жүк вагондарын шығару 10 есе, жеңіл автокөліктер шығару 12 есе артты. Елімізде индустрияландыру бағдарламасы аясында тыңнан түрен салғандай, жан-жақты өрістетілген фармацевтика өнеркәсібі болды. Атап айтқанда, бұл салада компьютерлік томография, бір реттік пайдаланыстағы шприцтер шығарумен қатар, дәрі-дәрмектің жаңа түрлерін өндіру қолға алынды. Дәрі-дәрмектің түрлері 500 бірлікке арттырылып, антибиотиктер шығару 4 есе өсті.
Мемлекет басшысы өткен жылғы желтоқсан айында өткен Индустрияландыру күні аясындағы жалпыұлттық телекөпірде сөйлеген сөзінде «Индустрияландырудың бесжылдығында отандық құрылыс материалдары 2 есеге артты. Қазір біз құрылыс материалдарының 80 пайызын өзіміз шығарып келеміз. Ал біз осы жұмысты қолға алғанда ол көрсеткіш бар-жоғы 15 пайыз ғана еді», деп атап көрсетті. Цемент шығару 3,6 миллион тоннадан 7 миллион тоннаға дейін ұлғайтылып, еліміз алғаш рет бұл маңызды құрылыс материалымен өзін өзі толық қамтамасыз етуге қол жеткізді. Сонымен бірге, жылу сақтайтын материалдар өндіру 11 мың тоннадан 51 мың тоннаға дейін, пластик құбырлар шығару 57 мың тоннадан 116 мың тоннаға дейін арттырылды.
Ел экономикасы қарқынды дамыған сайын қуат көздеріне деген сұраныс та еселей артып келеді. Сондықтан қазіргі күнде электр энергиясын үнемдеу ерекше маңызға ие болып отыр. Қуат үнемдеу және энергияны тиімді пайдалану мәселесі, әсіресе, өнеркәсіп орындарында ерекше маңызға ие болуы керек. Себебі, елімізде өндірілетін электр қуатының 70 пайыздан астамын өнеркәсіп орындары тұтынса, 20 пайызын ғана тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұтынады. Ендеше, индустрияландыру бағдарламасының тиімділігі де, ел экономикасын ілгерілетудегі ықпалы да мол болуы үшін электр энергиясын үнемді де ұқыпты пайдаланудың маңызы зор.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығы жаһандық экономиканың тағы да терең тығырыққа тап болған алмағайып жағдайына тұспа-тұс келіп отыр. Қуатты көршілеріміздің экономикасының өзі рецессияға ұшырау қаупі алдында тұр. Міне, осындай сындарлы кезеңде Қазақстан экономикасы соңғы жылдары жинақталған тәжірибені тиімді пайдалана отырып, индустрияландыру қуатын еселей түспек. Бұл ретте барша қазақстандықтарға Елбасының: «Тұрақты даму деген бізге жоғарыдан біреу салып берген бұлдырсыз даңғыл жол емес. Ешкімнің бізге сыйлығы емес. Әртүрлі кедергілер мен қиындықтар кездесіп отыруы заңдылық. Өмір солай. Өмір – күрес. Өмір – бәсеке. Әр адамға, әр елге, әр мемлекетке жеңіске жету үшін сол күрестерде жеңу қажет», деген сөзі жігер беріп, жаңа жетістіктерге жұмылдыра бермек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Болашағы зор зауыт
Мияның тамырында мың да бір дауа бар делінеді. Құмдауыт жерде өсетін осы өсімдіктің айналасында соңғы жылдары біршама шу болды. Құмның арасындағы қылтиған мияның барлығын қаскөздер қопарып, тамырын Қытай асырып жатыр деген әңгіме әлденеше рет айтылды. Тақыр жерден тиын табуды ойлайтын адамға мына нарық дейтін заман жақсы болды ғой. Табиғаттың өзі жаратқан дүниені тып-типыл етіп, залалына қарамай, обалына бас ауыртпай, қопара береді. Бастысы, қалтасы толса болғаны. Мұндай жабайы бизнесті қалай тоқтатуға болады? Қызылорда облысының басшылығы мұның шешімін тапқандай.
Жалағаш ауданында мия өсіру және тамырын өңдеу зауыты ашылды. Бұл – алдағы уақытта ерінбегеннің барлығы мияның тамырын шауып, жердің астаң-кестеңін шығармауының басты жолы. Сонымен қатар, адамдарға жаңа жұмыс көзі. Жалпы құны 2402,0 миллион теңгені құрайтын «БИС-Групп» ЖШС-нің «Қызыл мия өсіру және тамырын өңдеу» инвестициялық жобасы алдағы уақытта 156 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Бұдан бөлек, 500 адам маусымдық жұмыс істейтін болады.
Жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 6000 тонна мия тамыры өңделіп, мия өсімдігінің экстрактысы, оның кремі, глициризин қышқылының ұнтағы, полисахарид, флавоноид секілді 5 түрлі компонент алынады.
«Бұл зауыт – республика көлемінде теңдесі жоқ өндіріс орны. Аймақ экономикасына айтарлықтай үлес қосып әрі әртараптандыруға мүмкіндік береді», дейді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Зауытқа қажетті шикізат өңірде жеткілікті. Қазірдің өзінде 27 шаруашылықпен келісім жасалған. Бұған қоса, «БИС-Групп» серіктестігі 10 мың гектар жерге мия тамырын екті. Жалпы, облыста 80 мың гектар алқапта қызыл мия қоры бар. Қызыл мия мен оның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органикалық қышқылдар, минералды тұздар бар. Осы қасиеттеріне байланысты олар медицинада, тамақ өнеркәсібінде қолданылады. Қызыл мияның тамыры бірнеше ауруға ем, дертке дауа екендігі әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан бұл кәсіпорынның болашағы зор.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.
